Ақтөбе облысының мектептері Қарағанды облысындағы кәсіпорында құрастырылған Yutong және Golden Dragon маркалы жайлы санаттағы 23 жаңа автобуспен толықты.
Лизингпен алынған әдемі дизайндағы автобустардың 13-і Ақтөбе қаласындағы мектептерге, 10-ы Ырғыз, Шалқар, Мәртөк аудандарындағы білім ошақтарына берілді. Сондай-ақ наурыз айында Ақтөбеге тағы да су жаңа 9 автобус келеді деп жоспарланып отыр. 4,5 мыңнан астам мектеп оқушысын қауіпсіз тасымалдау үшін барлық қажетті құралмен жабдықталған көліктердің іші кең, кейбірі 40 орындық, кейбірі 20 орындық автобустар.
Облыс мектептерінің автопарктерін жаңарту бірнеше жылдан бері көтеріліп жүрген мәселе еді. Әсіресе қала сыртында тұратын мектеп оқушыларын тасымалдау, ауыл балаларын облыс орталығында өтетін жарыстарға апарып-әкелуге келгенде түрлі қиындық болды. Бүгінде өз көліктері жоқ мектептер автобустарды жалға алып отыр.
570 оқушысы бар Мәртөк ауданы орталығындағы гимназияға жақын елді мекендерден балалар келіп оқиды. Алыста тұратын балаларды сабаққа жеткізіп жүрген автобус өте ескі, жүруінен тұруы көп болғандықтан, әсіресе қыс мезгілінде балалардың сабаққа кешікпей келуі мектеп басшылығының бас ауруына айналған.
Жаңа үлгідегі 40 орындық тағы бір жайлы көлік Ырғыз гимназиясына берілді. Осы гимназияның 500-ден астам оқушысы бар, жанында интернаты орналасқан. Ендігі жерде гимназия интернатында жатып оқитын алыс ауылдардың балаларын каникул басталғанда үйлеріне тегін жеткізіп салып, сабақ басталарда алып кететін болады. Айта кету керек, Ақтөбе облысында былтыр қыркүйек айында он мектеп автобусы пайдалануға берілді. Алайда облыстағы 408 мектептің бәрін автобуспен қамтамасыз ету әзірге мүмкін болмай отыр.
Ақтөбе облысы