Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы мәнерлеп сырғанаудан 2022 жылды қорытындылап, жылдың үздік спортшыларын марапаттады. Швейцарияның Цюрих қаласында өткен «ISU Skating Awards» іс-шарасында былтырғы жарыс жылында ең жоғары нәтижеге қол жеткізген 8 спортшы әр аталым бойынша үздік деп танылды.
Өткен жылдың желтоқсан айында ұйымдастырушылар 2021/2022 жылғы маусымның Гран-при сериясында үздік шыққан және 2022 жылғы қойылымдар арасында тәуір нәтижемен көзге түскен 6 аталым бойынша үміткерлердің тізімін жариялап, 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін алдымен жанкүйерлер арасында онлайн сауалдама жүргізді. Спорт жанкүйерлері осы уақыт аралығында мәнерлеп сырғанаушы (жұпқа), жаттықтырушы, хореограф, костюм дизайнеріне онлайн дауыс беру арқылы жыл үздіктерін анықтап берді.
2023 жылдың қаңтар айында дауыс беру нәтижелері жарияланып, жүлдеден үміткер спортшылардың тізімі белгілі болды. Сөйтіп әрі қарай «ISU Skating Awards» сыйлығының жеңімпаздарын 1984 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы ұлыбританиялық Кристофер Дин, жекелей сында екі дүркін әлем чемпионы жапониялық Мики Андо, бес дүркін Еуропа чемпионы, жекелей сында төрт мәрте әлем чемпионатының жүлдегері атанған Сурия Бонали, әлем чемпионы Тодд Элдридж (АҚШ), жекелей сында Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері Киира Корпи (Финляндия) және 2018 жылғы Олимпиада чемпионы және екі дүркін әлем чемпионы канадалық Эрик Рэдфорд секілді мәнерлеп сырғанаудың даңқты өкілдері таңдап алды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, Олимпия ойындарының жеңімпазы мен жүлдегері, әлем біріншілігінің үш дүркін чемпионы 23 жастағы Нейтан Чен (АҚШ) «Ең бағалы мәнерлеп сырғанаушы» аталымында үздік шықса, тағы бір АҚШ өкілдері Мэдисон Чок пен Эван Бейтс 2021/2022 жылғы маусымдағы ерікті биі үшін «Үздік костюм» аталымында топ жарды. Дизайнері – Мэдисон Чок.
«Ең тартымды бағдарламасында» Габриэла Пападакис пен Гийом Сизерон (Франция) жеңімпаз атанды. Сонымен қатар АҚШ спортшысы Изабо Левито «Жаңа есім», Шэ-Линн Бурн «Ең үздік хореограф», Патрис Лозон «Ең үздік жаттықтырушы», екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем біріншілігінің және алты дүркін Еуропа чемпионы Катарина Витт «Мәнерлеп сырғанау аңызы» аталымдарында дара шықты. Сондай-ақ «Ерекше жетістіктері үшін» аталымы мәнерлеп сырғанау спортының тарихында алғаш рет төрттік аксель бағдарламасын орындаған Илья Малининге бұйырды.