Ақпанның алғашқы аптасында теннистен Дэвис кубогінің іріктеу ойындары өз мәресіне жетіп, командалық әлем чемпионатының күз мезгілінде өтетін финалдық бәсекесіне жолдама алған құрамалар белгілі болды.
3-5 ақпан аралығында өткен іріктеу матчтарының қорытындысы бойынша, 2023 жылғы Дэвис кубогінің финалына 12 құрама жолдама алды. Бұл – Ұлыбритания, Нидерланд, Сербия, АҚШ, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция және Корея құрамалары. Аталған 12 кұрама күзде былтырғы турнирдің жеңімпазы атанған Канада, финалист Аустралия және ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған Италия, Испания теннисшілерімен бас жүлдені сарапқа салады.
Іріктеу ойындарындағы ең тартысты матч Корея мен Бельгия арасында өрбігенін айта кеткен жөн. Алғашқы жарыс күнінің нәтижесі бойынша 2:0 есебімен алға шыққан Еуропа құрлығының өкілдері екінші күнгі матчтарда қатарынан үш ойында қарсыластарына есе жіберіп, 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Бірінші жарыс күнінде Бельгия теннисшілерінен әлемдік рейтингте 115-сатыда тұрған Зизу Бергса мен 52-орындағы Сандер Гилле кореялық Квон Сун Ву (61) және Хон Сон Чанді (237) жеңсе, екінші жарыс күнінде өз жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысқан кореялық спортшылар қатарынан үш матчта қарсыластарын тізе бүктіріп, тамаша камбэк жасады – 3:2. Жұптық сында Мин-Кю Сонг мен Нам Джи Сун Йоран Влиген мен Сандера Жилле жұбын екі сетте 7:6, 7:6 есебімен жеңсе, жекелей бәсекеде Квон Сун Ву үш сетте (3:6, 6:1, 6:1) Давид Гоффенді, Хон Сон Чхан екі сетте (6:3, 7:6) Зизу Бергсаны ұтып, финалдық сайысқа жолдама алды.
Өзге құрамалардың нәтижелеріне тоқталар болсақ, Хорватия – Аустрия – 3:1, Нидерланд – Словакия – 4:0, Финляндия – Аргентина – 3:1, Чехия – Португалия – 3:1, Франция – Мажарстан – 3:2, АҚШ – Өзбекстан – 4:0, Швейцария – Германия – 3:2, Сербия – Норвегия – 4:0, Швеция – Босния және Герцоговина – 3:1, Ұлыбритания – Колумбия – 3:1 және Чили – Қазақстан – 3:1.
Қатарынан үш мәрте Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алған Қазақстан құрамасының теннисшілері биыл сол жетістігін қайталай алмай, жанкүйерлерін жерге қаратты. Енді Юрий Щукин бастаған жерлестеріміз жоғары топтағы орнын сақтап қалу үшін күзде бірінші дивизионда жеңімпаз атанған құраманың бірімен шеберлік байқасады.