Халқымыздың ауызекі баяндау тілінде «талқыға түсті», «талқыға салынды» немесе «талқыланды» дейтін сөз тіркестері ұдайы кездеседі. Бұл мәтін мағыналық тұрғыдан «сөйлесілді», «келісілді» қатарлы ұғымдардың синонимі іспетті. Осы орайда, жалпы «талқы» атауы нені білдіреді, оның мағынасы қандай әрі бұл қандай зат дегенге тоқталсақ.
Бұл тақырыпты қаузауға түрткі болған дүние – тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев әлеуметтік желі арқылы «талқы» туралы сөз қозғап, интернетті ақтарып, бұл бұйым туралы толыққанды мәлімет кездестіре алмағаны және фотобейнесі де қолжетімді емес екені жайында жазыпты. Атам қазақ «көзден кетсе, көңілден кетеді» дегеніндей, «талқы» қазір көзден де, көңілден де кеткелі қашан.
«Талқы – теріні керіп, созып, иін қандыра жұмсартатын ағаш аспап» деп жазыпты уикипедиялық ашық анықтамалықта. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым. Расында, бұл байырғы тері өндірісі үшін аса қажет құрал. Яғни қой-ешкі сияқты ұсақ мал терісінің иін қандыру үшін немесе ірі қара малдың терісінен таспалап тілінген жалпақ қайысты жұмсартып, ер-тоқым жабдығын жасау үшін бұл бұйымды аталарымыз қолданып келген.
Академик жазушы Сәбит Мұқанов: «Жүні жидіген теріні жайып кептіреді де, оның құрыс-тырысын жазу үшін «талқы» деп аталатын тістері кедір-бұдыр сайманмен созғылайды. Міне, осылай иленген, талқыланған терінің аты – қайыс» деп жазса (Мұқанов. С. «Халық мұрасы» – Алматы: Жазушы, 2005. – 135 бет), 2013 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген Биқұмар Кәмалашұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты көлемді еңбегінің 360-ыншы бетінде: «Қазақ халқының тері илеу дәстүрінде терінің иін қандырып, жұмсартып икемге келтіру үшін оны талқыға салады. Талқы қазақтың тері иін қандырып, жұмсартатын құралдарының бірі», депті.
Демек жоғарыда атап өтілген «талқыға түсті», «талқыға салынды», «талқыланды» деген сөздердің мағынасы осыдан шыққан. Яғни бұл қандай бір даулы мәселе әбден кеңесіліп, толық шешімін тапты деген ұғымға саяды.
Талқының түрі көп. Сүйекті ірі қараның терісіне үлкен талқы, ұсақ малдың терісіне кіші талқы қолданылады. Ал құрылымдық тұрғыдан: баспа талқы, созғы, ирек, сүзгі деген түрлері бар. Моңғолия қазақтары арасында ирек талқы көп тараған. Ол жақтың қазақтары көп айтатын «ит мініп, ирек қамшылап» деген сөз осыдан шыққан.
Талқыны жасау үшін аша ағаш таңдап алынады да, оның тұйық басына және ортасына басқанда төмен түсетін сүймен-тұтқа орнатылады. Ал баспа ағаштың басы ашаға көлденең мұрындықталады. Бұл мұрындық ағашты тиек немесе бастырық деп атайды. Аша ағаштың беткі жақ тілінде керілген тістері (қышыры) болады.
Осындай бір ұзындығы 159 см, ашасының айыры 40 см, тілі 141 см болатын талқы Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музей (КП 27334/1) қорында сақтаулы тұр (1-сурет).
Сондай-ақ 2014 жылы жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиялық анықтамалықтың 5-ші томының 335 бетінде талқы басып, тері илеп жатқан адамдардың жұмыс үстіндегі фотосы жарияланыпты (2-сурет).
Ертеде талқымен жұмыс істеу ауыр еңбек түріне жататын болған. Сондықтан атам қазақ «құрулы тұрған талқыдан, құр өтпе» деп қатаң ескерткен. Яғни талқы жасап жатқан адамды көрген кім болса да, оған көмек қолын созуы керек. Бұл көшпелілердің бұлжымас қағидаты.