ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бизнес жобаларды іске асыру үшін гранттар алудың бірінші легіне өтінім қабылдау басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Business.enbek.kz порталында 2023 жылдың 20 ақпанынан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады. Жоба бойынша 2 577 адамға грант беру жоспарланған.
Грант көлемі 400 АЕК-ті, яғни 1 380 000 теңгені құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Гранттар кәсіпкер бизнесін ашып әрі қарай дамытып, өз-өзін тұрақты табысбен қамтамасыз ету мақсатында беріледі.
Өтінім беру үшін:
Порталда тіркелу; Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту; Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу; Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.Ғаламторға немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болатнын айта кеткен жөн.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға жұмыссыз ретінде тіркелгендер, әлеуметтік мәртебесі бар (мүгедектігі бар, қандас мәртебесі бар, өңіраралық қоныс аударушылар аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы мүшесі, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар) жеке кәсіпкерлер үміткер бола алады.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.
Грант қаражатына қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар мен мал бастарын, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алуға болады.
Қаражат тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіру үшін берілмейді.
Грантқа үміткерлерді арнайы комиссия тексеріп, шешім шығарады.
Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі электрондық форматта жасалатынын еске сала кетейік.
Айтолған ЖҮНІСХАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті