Қазақстанның екінші, әлемнің 45-ракеткасы Юлия Путинцева Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өтіп жатқан «WTA 500» турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Негізгі додаға іріктеу сайыстары арқылы қосылған Ю.Путинцева бірінші айналымда әлемнің 37-ракеткасы, 2019 жылғы АҚШ ашық біріншілігінің («US Open») жеңімпазы канадалық Бьянка Андреескумен шеберлік байқасты. 1 сағат, 41 минутқа жалғасқан матчта жерлесіміз қарсыласын екі сетте – 7:6 (7:2), 6:2 есебімен тізе бүктіріп, жарыстың екінші кезеңіне жолдама алды. Екі теннисші бұған дейін кортта бір мәрте кездесіп, ол кезде де жерлесіміздің мерейі үстем болған. 2017 жылы Билли Джин Кинг кубогі аясындағы Қазақстан – Канада матчында Путинцева қарсыласынан үш сетте – 6:4, 4:6, 6:4 есебімен басым түскен-ді.
Енді Путинцева екінші айналымда әлемдік рейтингте 14-орында тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен кездеседі. Бұл теннисшінің аты-жөні Қазақстанның теннис жанкүйерлеріне жақсы таныс. Себебі Беатрис былтыр жұптық сындағы еліміздің бірінші ракеткасы Анна Данилинамен жұп құрап, бірталай додада үздіктер қатарынан көрінген болатын.