Беларусь астанасы Минскіде өтіп жатқан футболдан жасөспірімдер арасындағы «Даму кубогі-2023» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы қатарынан екінші матчта жеңіске жетті.
Жерлестеріміз бірінші турда Ресей футболшыларынан 1:0 есебімен басым түскен болса, бұл жолы Өзбекстан құрамасын ірі есеппен тізе бүктірді – 3:0. Матчтың оныншы минутында Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ілияс Әбіл есеп ашса, араға он минут салып шабуылшы Тамерлан Ағыманов есепті еселей түсті. Ал кездесудің соңғы минутында Виктор Лакеев көзге түсіп, матчтың нүктесін қойды.
Қазақстан құрамасы сапынан Ілияс Әбіл кездесудің үздік ойыншысы деп танылды. Александр Кузнецов шәкірттері топтық кезеңдегі соңғы тур ойынын бүгін Беларусь құрамасымен өткізеді.