Ұлыбританияның әйгілі велошабандозы, әлемдегі ең үздік спринтердің бірі Марк Кавендиш жыл басында «Астана» велокомандасының жейдесін кигені белгілі.
Сол даңқты велошабандоз Қазақстан велокомандасы сапындағы алғашқы жарысын 10 ақпанда өтетін біркүндік «Маскат Классика», 11-13 ақпан аралығына жоспарланған «Оман турынан» бастамақ. Аталған жарыста Марк Кавендиштен бөлек, Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы, дәл осы «Оман турында» 2018, 2019 жылдары қатарынан екі рет топ жарған жерлесіміз Алексей Луценко, Евгений Федоров, сонымен қатар Мануэле Боаро (Италия), Харольд Техада (Колумбия), Мартин Лаас (Эстония), Леонардо Бассо (Италия) өнер көрсетеді.
2010 жылдан бері велоспортшылардың халықаралық күнтізбесіне енген «Оман туры» алты кезеңге жалғасады. Оның алғашқы екі кезеңі жекелей жарыстан, қалған төрт кезеңі таулы және спринтерлік кезеңдерден тұрады. Жарыс жеңімпазы ең соңғы таулы кезеңде анықталады.