Теннистен Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик Францияның Монпель қаласында өтіп жатқан ATP турнирінің алғашқы айналымында жеңіліп қалды.
Отандасымыз былтыр дәл осы турнирдің финалына шығып, әлемдік рейтингте 17-сатыға жайғасқан германиялық Александр Зверевті екі сетте 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы атанған болатын. Өкінішке қарай отандасымыз биыл сол жетістігін қайталай алмады.
Биылғы турнирдің 6-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик бірінші айналымда корт қожайыны, дүниежүзілік рейтингте 75-орынға жайғасқан Грегуар Баррермен шеберлік байқасты. Аса тартысты өткен кездесуде жерлесіміз қарсыласына үш сетте 4:6, 7:6 (14:12), 6:7 (3:7) есебімен жол берді. 2 сағат 30 минутқа жалғасқан матчта Александр 19 рет эйспен ерекшеленіп, 14 мәрте қос қателік жасады. Ал Баррер 5 эйсті жүзеге асырып, небәрі төрт мәрте ғана қосарланған қателікке бой алдырды.
Әр турнир сайын әлемдік рейтингте жоғары қарай өрлеудің орнына төмен қарай құлдилап бара жатқан Александр Бублик бұл сәтсіздігінен кейін келесі аптада тағы да 10-15 орынға төмендейді. Себебі ATP ережесі бойынша теннисшілер былтырғы жетістігі мен жинаған ұпайын келесі жылы қорғай алмаса, ATP рейтингтік ұпайын кері қайтарып алады.