• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Ақпан, 2023

Мергендер мүлт кетпейді

261 рет
көрсетілді

Бір ғасырдан бері Олимпиада бағдарламасынан түспей келе жатқан садақ ату спортында Қазақстан құрамасының өкілдері тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганкин сынды садақшыларымыз Әлем және Азия кубогі жарыстарында, жаһандық додаларда үздіктер қатарынан көрініп жүргеніне біраз болды. Спорт жанкүйерлері дәл осы мергендерімізден Париж Олимпиадасында жүлде күтетіні белгілі.

Спортты дамыту дирек­ция­сының директоры Оралбай Жақ­сымбетов бірер күн бұрын садақ атудан ұлттық құрама өкілдерін қабылдап, Париж Олимпиадасына дайындығын пысықтады. Ал­қа­лы жиынға құраманың бас жат­тықтырушысы Артём Кичкин, Фе­дерацияның бас хатшысы Айнұр Тыртықаева, сонымен қатар Ко­реядан келген жаттықтырушы-кеңес­ші Ким Джэчен және өзге де қызметкерлер қатысты.

Жиын барысында спорттың осы түрін дамыту мәселелері, оның проблемалары мен шешу жолдары талқыланды. Мәселен, ұлттық құ­раманың жаттықтырушы-кеңес­шісі Ким Джэченнің айтуынша, елі­міздегі садақ ату спортының бо­лашағы зор. Команданың тәжірибесі, резерві бар. Тек спорт ба­заларының жеткіліксіздігі ғана бұдан да қарқынды дамуға кері әсер етіп отыр.

«Қазір ең басты мақсат – Олим­­­пия ойындарына лицензия алу. Сондықтан Қытайдағы Азия ойын­дарында және басқа да ли­цензиялық турнирлерде ла­йықты өнер көрсету үшін бар­лық күш-жігерді жұмсау қажет. Ханчжоу ойындарында қо­йы­латын жоспар – күміс және қо­ла медаль иелену. Бұл міндет үде­сінен шығу керек. Ким мырза семинарлар өт­­кізіп, команда бір жүйемен және күнтізбелік жоспар бойынша жұмыс істегені дұрыс. Біздің жаттықтырушылар осындай керемет мүмкіндікті пайдаланып, ар­найы шақырылған кеңесшімен тығыз жұмыс істеп, тәжірибе алуы керек», деді Оралбай Ергенұлы.

Қазіргі таңда ұлттық құрама штатында 24 спортшы бар. Алда отан­дық садақшыларды Әлем ку­богі, Азия және әлем чемпионат­тары, Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары күтіп тұр. Ұлттық құра­маға жаттықтырушы-кеңесші болып тағайындалған Ким Джэчен – садақ ату спортынан әлемдегі ең үздік мемлекеттердің бірі саналатын Корея өкілі. Ким бұған дейін өз елінде Паралимпиада құрамасын жаттықтырған. 2008 жылғы Бей­жің Паралимпиадасында оның шә­кірттері 2 алтын және 1 күміс ме­даль иеленген. Сондай-ақ Ко­лум­­­бия ұлттық құрамасын да жат­тық­­тырған.

Халықаралық Олимпиада ко­митетінің атқа­ру­шы комитеті бе­кіткен құжатқа сәй­­кес, 2024 жыл­ғы Париж Олим­­пиа­дасында мер­гендер бес жүл­де жиынтығын сарапқа салады. Садақ атудан ерлер мен әй­ел­дер арасында жекелей сын, ер­лер мен әйелдер ара­сын­­да ко­­мандалық сын және ара­­лас ко­мандалық жарыстан же­ңім­паздар мен жүлдегерлер анық­талады. Токиодағы додада алғаш рет аралас командалық сында ме­­даль үлестірілген болатын. Ал садақ атудан командалық жа­рыс Олимпия ойындарының бағ­дар­ламасына 1988 жылы енген.

Сондай-ақ спортшыларға бө­лінетін квота да өзгеріссіз қал­ды. Гендерлік теңдік сақталып, ерлер­ден 64, әйелдерден 64 спортшы бақ сынайды.