Теннистен «Дэвис кубогі» бәсекесінің бірінші әлемдік тобында бақ сынайтын құрамалардың жеребесі тартылып, күз мезгілінде өтетін електік ойындағы Қазақстан құрамасының қарсыласы анықталды.
Жеребе қорытындысы бойынша, Юрий Щукиннің шәкірттері жоғары топтағы орнын сақтап қалу үшін бірінші әлемдік тобының жеңімпазы Болгариямен сырт алаңда кездесетін болды. Осыған дейін екі құраманың жолдары аталған турнирде түйіспеген. Матч осы жылдың 16-17 немесе 17-18 қыркүйек күндері өтеді деп жоспарланған. Жеңіске жеткен құрама 2024 жылдың ақпанында командалық әлем чемпионатының іріктеу матчына қатысады.
Қатарынан үш мәрте «Дэвис кубогінің» финалына шыққан Қазақстанның ерлер құрамасы биылғы іріктеу сайысында Чили құрамасына есе жіберіп, 2023 жылғы финалдық кезеңнен тыс қалған болатын. Ла Серена қаласындағы құмдауыт кортта өткен матчта Чили теннисшілері жерлестерімізден 3:1 есебімен басым түсті.
Ал Болгария құрамасы бірінші әлемдік топта Жаңа Зеландия жігіттерін дәл сондай есеппен қапы қалдырған. 3:1 есебімен жеңген соң, әлемдік рейтингте бірден 15 орын жоғарылап, 41-сатыға жайғасты.