Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» кезекті тур ойынын «Барыс Аренада» өткізіп, Санкт-Петербургтің СКА клубына екінші рет есе жіберді.
Бір апта бұрын сырт айдында Мәскеудің ЦСКА командасын овертаймда жеңіп, қысқа мерзімді үзіліске көтеріңкі көңіл күймен шыққан Андрей Скабелка шәкірттері қайтадан ескі әдетіне басты. Өз айдынындағы матчтар сериясын жалпы лиганың көшбасшысы СКА хоккейшілерімен бастаған жерлестеріміз 10 шайба соғылған матчта 6:4 есебімен жеңіліп қалды.
Аса тартысты өткен кездесуді белсенді бастаған қонақтар бірінші кезеңде Юлиус Гудачек қорғаған қақпадан үш мәрте саңылау тауып, есепте алға ұзап кетті. Сондай-ақ СКА ойыншылары екінші кезеңде – бір, үшінші кезеңде екі шайба соғып, матч жеңімпазы атанды. Ал айдын иелері сапынан екінші кезеңде Алекс Грант (22-минут), үшінші кезеңде – Никита Михайлис (42), Джереми Бракко (47) және Кирилл Савицкий (54) мергендігімен көзге түсті. Осылайша, «Барыс» СКА клубынан тұрақты чемпионаттың осы маусымында екінші рет жеңіліп отыр. 2022 жылдың қыркүйегінде Санкт-Петербургте өткен матчта айдын иелері 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
«Барыс» келесі ойынын бүгін «Батыс» конференциясының турнир кестесінде 8-орында тұрған Минскінің «Динамосымен» өткізеді.