Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик Нидерландтың Роттердам қаласында басталған ATP 500 турнирінен шығып қалды.
Жерлесіміз алғашқы айналымда «Үлкен дулыға» санатындағы үш бірдей жарыстың (Australian Open – 2014, Roland Garros – 2015 және US Open – 2016) жеңімпазы, жұптық сындағы Бейжің Олимпиадасының чемпионы швейцариялық Стэн Вавринкамен шеберлік байқасып, екі сетке жалғасқан бәсекеде – 6:7(5:7), 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Ал Франциядағы «Челленджер» жарысының іріктеу сайыстарына қатысқан жерлесіміз, әлемнің 307-ракеткасы Денис Евсеев бірінші айналымда франциялық Константин Биттунды 6:3, 7:6 (7:4) есебімен жеңсе, финалда тағы бір Қазақстан теннисшісі Бейбіт Жұқаевты (312) үш сетте ұтты – 6:7 (4:7), 7:6 (8:6), 6:4.