Германияның Инцелль қаласында ұйымдастырылған конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлемнің 30-ға жуық мемлекетінен келген 200-ден аса спортшы үш күн бойы жүлделерді сарапқа салды. Бұл сында Қазақстан құрамасының 10 спортшысы өнер көрсетіп, екі медаль жеңіп алды.
Инцелльдегі дүниежүзілік додада Қазақстан ерлер құрамасынан Нұралы Ақжол, Роман Бинозаров, Андрей Семенов, Никита Важенин, Вадим Якубовский, ал қыздардан Алина Дауранова, Дарья Гаврилова, Арина Ильященко, Кристина Шумекова мен Алена Лифатова мұзайдынға шықты. Өкінішке қарай 10 спортшымыздың ішінен жүлдегерлер қатарынан көріну тек ұлттық құраманың көшбасшысы Алина Даурановаға ғана бұйырды. Жасөспірімдер арасындағы кезекті әлем чемпионатында жерлесіміз бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат-колледжінде білім алатын Алина кейінгі бір-екі жылда өрелі өнерімен көзге түсіп, жанкүйерлерді қуантып жүр. 19 жастағы спортшы былтыр Аустрияның Инсбрук қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатында күміс пен қола медаль олжалаған болса, биыл да дәл сол биігінен көрінді. Сондай-ақ ол өткен жылдың қараша айында Финляндияда шымылдығы түрілген Әлем кубогінде алтын медальды мойнында жарқыратты. Одан бөлек, А.Дауранова Қазақстан спартакиадасы мен ел біріншілігінің жеңімпазы атанған. Сонымен қатар ол өткен аптада ғана Германияның Инцелль қаласында мәресіне жеткен Әлем кубогі кезеңінде де алтыннан алқа таққанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. 1 000 метрге жарыста отандасымыз 1 минут 17,98 секунд уақыт көрсеткішімен мәре сызығын бірінші кесті. Нидерланд өкілі Пьен Херсман күміс медаль иеленсе, италиялық Серена Пергер қолаға қол жеткізген еді.
Инцелльдегі әлем чемпионатының алғашқы күнінде Алина Дауранова 500 метр қашықтықта бақ сынады. Аустрия, Мажарстан, Германия, Италия, Испания, Канада, Қытай, Корея, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, АҚШ және Жапониядан келген барлығы 48 спортшы қатысқан додада мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлдегер атанды. Отандасымыз бұл қашықтықты 39.10 секундта жүгіріп өтті.
Бас жүлде Әлем кубогі кезеңдерінде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген италиялық Серена Пергерге (38.61) бұйырса, Нидерланд өкілі Энджел Дэйлман 38.93 уақыт көрсеткішімен күміс медальды қанағат тұтты.
Екінші жарыс күнінде ұлттық құрама көшбасшысы 1000 метр қашықтықта бақ сынап, бұл жолы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алина бір шақырымға жалғасқан жарыс жолын 1:17.76 секундта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанған нидерландтық Энджел Дэйлманнан небәрі 1.47 секундқа қалып қойды. Сөйтіп ол күміс жүлдені мойнына ілді. Бір айта кетерлігі, Алина былтыр Аустрияның Инсбрук қаласында өткен әлем чемпионатында дәл осы қашықтықта да күміс медальға ие болған-ды. Ал үздік үштікті америкалық Грета Майерс түйіндеді.
Ел спортшылары жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік чемпионатта жыл сайын тұғыр биігіне көтеріліп жүргенін айта кеткен жөн. Мәселен, былтыр Инсбрукте әйелдер құрамасы (Алина Дауранова, Инесса Шумекова, Дарья Гаврилова) командалық спринтте 3-орын алған болса, оның алдында Екатерина Айдова 500 метрге жарыста Мәскеудегі (2010 жыл) әлем чемпионатында жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ ол Финляндияның Сейняйоки қаласындағы (2011 жыл) дүбірлі додада екінші орынға табан тіреген еді. Мәскеудегі бәсекеде тағы бір жерлесіміз Алексей Бондарчук 500 метрге жарыста үшінші нәтиже көрсеткен.
Ал 2009 жылы Закопане қаласында өткен әлемдік жарыста (Польша) Роман Креч 1500 метрде күміс, 1000 метрде қола медаль иегері атанған. Сондай-ақ 2015 жылғы әлем чемпионатында тағы бір отандасымыз Станислав Палкин де мың метрге жүгіруде қола медаль олжалаған-ды.