Түркияда екі жойқын жер сілкінісінен кейін үйінді астында қалып қойып, аман қалған қыз басынан кешкендерін айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Адыяман провинциясында құлаған үйлердің астынан 54 сағаттан кейін құтқарылған 28 жастағы фармацевт Гизем Озкан жер сілкінісінен кейінгі алғашқы бір сағат - ең қиын уақыт екенін айтты.
Қазір бойжеткен Измир қаласындағы Буджа Сейфи Демирсой оқу және зерттеу ауруханасында емделіп жатыр. Оның айтуынша жер асты дүмпулерінің салдарынан алты қабатты ғимарат қираған, ал ол отбасымен бірге төртінші қабаттағы пәтерде тұрған.
Гиземнің отбасы қиындылардың астында қалып қойған, қуанышқа орай барлығы аман. Тек сол түні болған қорқынышты сәттер мәңгі естерінде қалатыны анық дейді Озкан.
«Сондай шарасыз күйге түсесің. Үстіңнен үлкен бірнәрсе басып тұрған соң тыныс ала алмайсың. Төрт жағыңнан кептеліп қалғасын ауа кіретін жер де қалмайды. Мен үстімнен де, астымнан да қысылып жаттым», дейді жәбірленуші артта қалған ауыр естеліктерімен бөлісіп.
Бойжеткеннің айтуынша ол өзін тыныштандыру үшін өзінің сүйікті әндерін айтып, жан-жағына тастарды лақтырып, өзінің тірі екенін дыбыс арқылы көрсеткісі келген.
«Ең қиыны алғашқы сағатта сезілді. Сен бар жаныңмен өлуді қалайсың. Жер асты дүмпулері де қайталанып тұрды. Бір сағаттан кейін есіңді жинайсың. Мүмкін мені ешкім естімеген болар, бірақ мен үнемі дауыс шығарып жаттым», дейді ол.
Құтқарушылар қызды тауып алғанда ол ес-түссіз жатқан. Кейін ауруханаға түрлі жарақаттармен жеткізілді. Бойжеткеннің айтуынша, ол басынан өткен жағдайлардан кейін өмірдің қадірін екі есе түсінген.
«Мен адамдарды қандай жағдай болсада, үміттерін үзбеуге шақырамын», деп ол сұхбатын аяқтады.
Аурухананың бас дәрігері профессор Йекта Өнжел медициналық мекемеге Қахраманмараш пен Адыяманнан 40-қа жуық жаралы түскенін айтты. Оның айтуынша, ауруханаға жеткізілген барлық адамдарға психологиялық көмек көрсетіледі.
Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында екі жойқын жер сілкінісі болды: жергілікті уақыт бойынша 04:17-де – 7,7 балл және 13:24-те – 7,6 балл. Қайтыс болғандар саны 35 мыңнан асты.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.