Бірнеше айға үзіліске шыққан футболдан Чемпиондар лигасының матчтары қайта жалғасты. Плей-офф кезеңінің алғашқы ойынында ПСЖ – «Бавария», «Милан» – «Тоттенхэм» клубтары кездесті.
1/8 финал кезеңінің орталық ойынында Германияның «Бавариясы» Парижге сапар шегіп, жергілікті ПСЖ командасынан басым түсті – 1:0. 48 мың жанкүйерге арналған «Парк де Пренс» стадионындағы матчтың тағдырын ойынның 53-минутында «Бавария» шабуылшысы, ПСЖ клубының тәрбиеленушісі Кингсли Коман шешті. Футбол жанкүйерлерінің есінде болса, аталған турнирдің 2020 жылғы финалында да Кингсли Коман өзінің бұрынғы командасына гол соғып, «Баварияға» жеңіс сыйлаған болатын. ПСЖ сапында өнер көрсететін былтырғы әлем чемпионы Лионель Месси де, күміс жүлдегер Килиан Мбаппе де, тіпті мықтылар санатындағы шебер ойыншы Неймар да бұл матчта командасын жеңілістен құтқарып қала алмады.
Қатар өткен екінші матчта Италияның былтырғы чемпионы «Милан» өз алаңында ағылшынның «Тоттенхэмін» қабылдап, 1:0 есебімен тізе бүктірді. Ойындағы жалғыз әрі жеңіс голын 7-минутта Браим Диас соқты. Қарымта матчтар 9 наурызға жоспарланған.