Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде өткен XIX халықаралық Жәутіков олимпиадасына әлемнің 20-дан астам елінен оқушылар қатысты.
Он күн бойы 281 команда математика, физика және информатика пәні бойынша сынға түсті. Қазақстан құрамында қатысқан 35 команданың 250 мүшесі Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және басқа да елдердің физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептерінен келген мыңнан астам оқушымен бақ сынасты.
Республикалық физика-математика мектебінің басқарма төрағасы Руслан Қалиевтің айтуынша, халықаралық Жәутіков олимпиадасының жылдан-жылға танымалдығы артып келеді. Олимпиада кезінде қатысушылар күрделі математикалық есептерді шешеді. Зияткерлік конкурстар олардың білімін тереңдетіп қоймай, командада жұмыс істеуге, достық қарым-қатынастарын нығайтуға ықпал етеді.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан оқушылары жүлде қорындағы 487 медальдің 66-сына, яғни 6 алтын, 20 күміс және 40 қолаға ие болды. Бұл медальдердің 14-і Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының еншісіне тиді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен білім гранттары берілді.
АЛМАТЫ