Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ойнайтын елорданың «Барысы» өз айдынында Минскінің «Динамосынан» жеңіліп, жарыстың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылды.
Осылайша, Андрей Скабелка шәкірттері ҚХЛ тарихында үшінші мәрте «Гагарин кубогінің» плей-офф кезеңіне шыға алмады. «Барыс» ойыншылары бұған дейін 2015/2016 жылғы маусымды – тоғызыншы, 2017/2018 жылғы маусымды 10-орынмен аяқтап, үздік сегіздіктің қатарынан тыс қалған еді. Биылғы тұрақты біріншілікте «Барыс» хоккейшілері 64 матчтан кейін 59 ұпай жинап, «Шығыс» конференциясының соңында келеді (11-орын). Маусымның аяқталуына әлі төрт тур бар. Бірақ «Барыс» үшін енді бұл ойындардың еш маңызы жоқ.
«Барыс Арена» мұз сарайында Минскінің «Динамосымен» өткен матчта «Барыс» хоккейшілері қарсыластарынан 5:2 есебімен жеңіліп қалды. Бұл матчта қонақтар сапынан Райан Спунер мен Роман Горбунов дубльдің авторлары атанса, Ник Меркли бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Ал айдын иелерінен Никита Михайлис пен Линден Вей дәлдік танытты.