Көктем – қол қусырып қарап отыратын мезгіл емес. Қамданатын уақыт, қарекет қылатын кез. Қауырт тірлікке, қауіпке толы, бір беймаза шақ деуге келеді. Ақпанның орта тұсына таядық. Қардың да көбесі сөгілуге жақын. Жиырма күннің ар жақ, бер жағы. Биыл өзі Абай облысына да қар қалың түсті. Сондықтан етек-жеңді жинап отырмаса болмайды.
Абай облыстық төтенше жағдайлар департаменті аймақтағы төтенше жағдайдың алдын алу үшін қам-қарекетті ертерек бастағанға ұқсайды. Желтоқсан, қаңтар айларында арнайы құрылған комиссияның отырысы өтіп, су тасқынына дайындықты пысықтап, техниканы түгендеп, құрал-саймандарды сайлаған. Осы айдың басында өңірдегі қауіпті аймақтарға аэровизуалды тексерулер жүргізілген. Қазір қардың қалыңдығына, қарғын судың өтуіне ғарыштық мониторинг жасалып жатыр. Қосымша «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтарын қар түсімін анықтауға, қауіпті жерлердің гидрологиялық жағдайына аэровизуалды тексеруге пайдалану үшін келісім жасалған. Ал наурыз айында Ертіс және Уба өзендерінің мұзын жару жоспарланып жатыр. Департамент дерегіне сүйенсек, осы күнге дейін облыстың елді мекендерінен 400 мың текше метр қар шығарылған. Аяқасты табиғат тосын мінез танытса деп 27,5 мың қап құм, 2,5 мың тонна инертті материал, 265 тонна жанар-жағармай да әзірлеп қойған.
– Ертіс және Уба өзендерінде кептеліс болмау үшін мұзды жарамыз. Ол үшін Семей мен Бородулиха ауданында бір, Бесқарағай ауданында екі учаске анықталды. Мұз жару өзен жағасына жақын елді мекендердегі қауіпті сейілтеді. Жалпы, өзен жағасына жақын, су басу қаупі бар 8 елді мекен бар, – дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Сұлтан Ахметов.
Төтенше жағдай туындай қалса, қауіптің алдын алу үшін жеке құрамның 1 182 адамы, 457 бірлік техникасы, 24 жүзу құралдары мен 109 мотопомпасы дайын. Адамдарды эвакуациялайтындай жағдай болса, 5 315 орынға 43 уақытша орналастыру пункті де қарастырылған.
«Облыстық жедел штабтың және жедел топтардың құрамы бекітілді. Олар су тасқыны болған жағдайда ТЖД дағдарыс орталығында орналастырылады. Аудандарда осындай жедел штабтар мен топтар құрылды», деп ақпарат таратты ТЖД баспасөз қызметі.
Биыл Үржар, Көкпекті, Бородулиха, Бесқарағай және Ақсуат аудандарына қарғын судан қауіп бар. Әсіресе Барқытбелдің күнгейінде жатқан үржарлықтарға көктемде бейқамдық танытуға болмайды. Үржар Барқытбелдің бөктерінде жатқандықтан, мұндағы жұрттың мамыр айына дейін көңілі алаң. Аудан халқы екі мәрте су тасқынына тосқауыл қоюды бастан өткереді. Бірінші кезекте аудандық ТЖБ наурыздан сәуірге дейін жазықтағы тасқын судан аман-есен өтуге күш салса, таудағы қар еритін екінші кезең сәуірден мамырдың орта тұсына дейін жалғасады.
– Үржар метеостансасының мәліметі бойынша, қазір жазықтықтағы қардың қалыңдығы – 86 см, тоңның қатуы 35 см құрайды. 26 қаңтардағы мәлімет бойынша, таудағы қардың қалыңдығы 1 580 метр биіктікте – 146 см, 820 метр биіктікте – 112 см. Биыл қар жылдағыдан қалың деуге келеді. Мәселен, Үржар ауданы аумағында қаңтар айындағы ылғалдың орташа нормасы 45 мм болса, түскен ылғал 95,5 мм-ді құрады, дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бектіғазы Саянов.
Үржар ауданы әкімдігінің азаматтық қорғаныс саласын жауапты маманы Азамат Мұстафиннің айтуынша, осы күнге дейін ауданда 14 472 мың текше метр қар шығарылған.
– Ауданда төтенше жағдай орын алған жағдайда 270 адам, 110 бірлік әртүрлі техника жұмылдырылады. Су соруға арналған 20 мотопомпа бар. Қазіргі кезде инерттік материалдарымен 1000 қап дайын тұр. «КазСпецМонолитСтрой» ЖШС мекемесімен 270 тонна инерттік материалға меморандум жасалды, дейді А.Мұстафин.
Аудан аумағында «Казсушар» РМК мекемесінің қарамағында екі су қоймасы бар. Егінсу су қоймасына күрделі жұмыс жүргізіліп, 2016 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі кезде судың кіруі 0,5 куб м/сек. болса, шығуы да – осы көлемде. Су қоймасындағы қазіргі жинақталған судың көлемі 6 млн 438 кубты құрайды. Жалпы, су қоймасының сыйымдылығы – 31,5 млн куб. Ал Қарақол су қоймасы құрылыс жұмыстары аяқталмағандықтан, су транзиттік режімде ағады.
«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалының басшысы Ләззат Болатқанның айтуынша, жалпы облыстағы гидрологиялық жағдай тұрақты. Су деңгейі критикалық деңгейден төмен. Алдын ала болжам бойынша, ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1° жоғары. Айтпақшы, жауын-шашынның нормадан жоғары болуы күтіледі.
Абай облысы