Ішкі істер министрлігі жол ережелерін өрескел бұзатын азаматтарды тіркейтін «Қорғау» бағдарламасы туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Депутаттарға жол қозғалысы ережесін өрескел бұзатындарды анықтау бойынша «Қорғау» жүйесі жұмысының ерекшеліктері жайында айтып бердік. Бағдарлама көше камераларының мәліметтерін талдай отырып, жақын маңдағы полицейлердің планшетіне қауіпті жүргізушінің келе жатқаны туралы сигнал береді», деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Бүгінде «Қорғау» бағдарламасының көмегімен тәртіпбұзушылардың 18 мыңға жуық көлігі айып тұрағына қойылып, жалған нөмір қолданудың 909 дерегі анықталғаны атап өтілді. Сондай-ақ көлік жүргізу құқығы жоқ немесе бұрын құқығынан айырылған үш мыңнан аса жүргізуші ұсталған.