• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Пікір 20 Ақпан, 2023

Былтырғы пияз – биыл кірпияз

851 рет
көрсетілді

Не заңдылығы бар екенін қайдам, әйтеуір әр жыл сайын көкөністің бір түрі «хитке» айналып тұрады. Қайбір жылдары, анау ковидпен күрескен карантиннің тұсында зімбірдің бағасы зеңбіректің оғындай зіркілдеп, ем таппай қиналған талай жұртты зар илетіп, зарықтырып еді. Содан соң сәбіздің «сау­дасы» жүрді. Сол кездерде сәт сайын өскен баға сегіз жүз теңгенің үстіне бір-ақ секірді деп улап-шуладық. Көп ұзамай картоп кетті... Аграрлы ел картоп таппай абдырады. Алыстағы Мысыр мен Пәкістанға амалсыздан алақан жаюға мәжбүр болдық. Ала баған асып келген астың арзан бағамен саудаланатындығын армандамай-ақ қойсақ болғандай еді, сонда... Қырыққабаттың да қыр көрсетіп қоятын «қыңырлығы» барын былтыр байқадық емес пе? Сонымен биылғы қоян жылының «хиты» – пияз.

Өзімізде өсетін өнімнің «қат тауарға» айналатынына өкпелейтіндердің қатары көп. Ол орынды да шығар. Мамандардың есе­бінше, біздің ел ай сайын шамамен 30 мың тонна пияз тұтынады екен. Ал әкімдіктердің дерегі бойынша, қазір елімізде пияздың рас­талған қоры – шамамен 152,4 мың тоннаның төңіре­гінде деседі. Есебін шығарғандар, сәуір айына дейін пияз жеткілікті болады деп сендіреді. Аз-көбін анау айтқандай айыра алмасақ та, мынадай қормен пияздың бағасын көтеріп, жоқ жерден байбалам шығарудың өзі – басы артық дүние сияқты... Жоқ әлде, бұл – қалт-құлт етіп әзер күнелтіп отырған жар­лы-жақы­байдың соңғы тиынын сыпырып алу саясаты ма?

Осындайда мына бір жайттың еріксіз еске оралатындығын қайтерсің... Бұрындары пиязды аршып жатқанда көзден жас парлаушы еді ғой, қазір сатып алып жатып жылап жіберетін жағдайға жақындап қалдық. Өйткені осы таяу­да ғана пиязды кейбір ірі сауда орындары 400 теңгенің үстінде саудалап жатқанын көзі­міз көрді. «Байқадық, амалсыз басты шай­қадық», демеуші ме еді мұндайда... Қалай деме­сек те, былтырғы пияз – биыл кірпияз! Осы­ның сыры неде екен? 

Бағаның шамадан тыс шарықтауына алдымен Пәкістанда болған алапат су тасқыны себеп деседі сарапшылар. Оның үстіне биыл­ғы қыстың тым қатал болып, оңтүстіктегі жылы­жай­лардың оған төтеп бере алмай қалуы да жанама себептердің біріне баланды. Өнімге сұраныс артты. Сұранысты сәтті пайдалана қоятын делдалдар мен саудагерлер бағаны көтерді. Жаһанда болып жатқан осындай жағдайлар, пияздың «пиарын» арттырып, демде «дефицит» тауарлардың қатарына қосып кеп жібереді. Қайтпек керек?

Тап осы тұста, тұрақтандыру қорының құлпы шешілуге тиіс еді. Естеріңізде болса, біздің билік 2012 жылдан бастап тұрақтандыру қоры деген институтты айналымға енгізген болатын. Обалы нешік, оп-оңды жұмысын бас­тады. Әу бастағы ойлары, «тұрғындар азық-түліктен тарықпасын, қарапайым ха­лықтың қалтасы қағылмасын», деген жана­шыр­лық ниеттен туындаса керек десек, біз қателесе қоймаспыз...

Әдетте күзгі жиын-терінде жинақталған қамба қымбатшылық қос бүйірден қыса бас­та­ған тұста ашылатын. Қаптың аузы сөгіліп, жұрттың мұрты майланбаса да, бір қарық болып қалатын. Баға мүмкіндігінше тұрақ­та­латын. Соның арқасы да шығар, еліміздің аймақтарында күзде толтырылған қойма­лар­да­ғы пияз сатылымға шығарыла бастады. Сауда және интеграция министрлігі оның бағасы дүкендерде 125 теңге болатынын айтады. Бұл – жаңа өнім жеткізілгенше, жан баға тұрудың жақсы амалы еді.

Дегенмен қоғамдық мониторинг бойынша сарапшы Руслан Асаубаев тұрақтандыру қорлары іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдей алмағанын алға тартады. Ал экономист Мақсат Халық «Тұрақтандыру қоры белгілі бір деңгейде өзінің тиімділігін көрсеткен. Бірақ пандемияның салдарымен күресетін кезде. Алайда әр өңірге тұрақтандыру қорын беріп қойып, ұзақ мерзімде жасай беру шешім емес. Ол – қысқа мерзімдегі тактикалық шешім. Ал оны соза беретін болса, тиімділігі төмен­дей береді», дейді. Қалай демесек те, әріп­тестеріміз айтпақшы, «бұл қор осыған жауапты органдардың жан қысылған кезде ашылатын «қауіпсіздік жастығына» айналып кетпеді ме екен деп те қорқасоқтаймыз... Қор жұмысын қайта қарап, кей тетіктерін мей­лін­ше жетілдірмейінше, оған айтылатын сын азая қоймас. Сақтаулы өнімді «сұр схемалармен» сыртқа шығарып, сан соқтырып кететін дел­дал­дардың тірлігіне де дұрыс тұсау салынбай тұр­ғаны, күдік тұманын одан әрмен қоюлата бермек.

Бұғалық салынбаған асаудай бұлқынатын баға, шіркін, біз айтқанға көніп, айдағанға жүрсе, жақсы ғой... Осындайда ой келеді: нарыққа көнбеген баға, біздің ырыққа көне қояр ма екен? Әй, қайдам-ау...