• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Ақпан, 2023

Әртараптандыруды әріден бастау керек

335 рет
көрсетілді

Тоқсаныншы жылдардан кейін тоқырап қалған күріш өндірісі соңғы уақытта ғана еңсе тіктеп, шаруалардың тірлігі ширай түсті. Елдегі ағайынның ахуалын жақсартуда түрлі мемлекеттік қолдаулардың да көмегі көп болғанын айтпай кеткеніміз жөн болмас.

 

Өйткені әртараптандыру дегеніңіз тиімділігі жоғары дақылдарды көбейтумен қа­тар, қолда барды жаңа жағдайға бе­йім­деу ғой. Оның жүзеге асуына мемлекет мүдделілік танытып, ауыл шаруа­шы­лы­ғы ғылымын қолдау аясы артуға тиіс

Бірақ осындай жетістікпен қа­тар тағы бір түйткілдің шеті көрініп тұр. Ол – жылдан-жылға дария арнасындағы судың азайып бара жатқандығы. Әсіресе бұл соңғы жылдары қатты байқалып тұр. Ма­мандар су тапшылығының алдын алатын жалғыз амал аймақтағы егіс шаруашылы­ғын әртараптандыру екендігін айтады. Бірақ соңғы 20 жыл бедерінде үздіксіз айтылып, тиісті құрылымдар арасында меморандумдарға қол қойылып келе жатқанымен, бұл бастаманы да жүзеге асыру оңай болмайын деп тұр.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің «Бассейндер және облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бөлінісінде 2016-2025 жылдарға арналған су пайдалану лимиттерін бекіту туралы» 2016 жылғы 19 тамызда бекітілген №367 бұйрығы бар. Осы бұйрықтағы аймақ­тағы егістік пен экологиялық мұқтаждықтарға арналған су көлемі жыл сайын межеден төмен бөлініп келеді. Алдыңғы жылы 5,3 млрд текше метр су алуы қажет болғанмен, оның көлемі 4,1 млрд-қа шамалас болды. Былтырғы болжам 3,3 млрд текше метр еді. Осылайша, аймақ диқандары көктем мен жазды әупірімдеп өткізіп жүр.

Бұл проблема өңірдегі негіз­гі дақыл күріш көлемінің қыс­қаруына әкеліп соғып отыр. Бірақ бұл да тапшылықтан қинал­­май шығудың жолы емес. Одан бөлек, өңір диқандары бі­раз жыл­дан бері суды барынша аз «ішетін» дақыл түр­лерін көбей­­туге көшкен. Мысалы, бір маусымда 1 гектар күрішке да­рия сағасынан есептегенде 38 850 текше метр су кетеді. Ал бақ­­ша өнімдеріне жұмсала­­тыны 8 400-9 000 текше метр­дей. Бірақ осылай екен деп дәс­түрлі өнімнен бас тартып жатқан­дар аз. Оның үстіне әртараптандыру әркім өз бетінше бастап кететін шаруа емес. Бұл бағытта өндіріс пен ғылымды ұштастыру керек.

Соңғы 20 жылдың бедерінде ауыл­шар­уашылық өнімдерін әртарап­тандыру дүркін-дүркін көтеріліп, осы бағытта талай іс-шаралар ұйым­дас­ты­рылды. Бірақ содан шыққан нәтиже шамалы. Оның басты себебі облыстағы барлық технология, тіпті суару жүйесі тек күріш егістігіне негізделген. Ал шар­уалар әртараптандырудың әліп­пе­сін бастасын десек, мемлекет тарапынан шығыны аз, пайдасы көп дақыл түрлерін өсіруге арналған техникаларға инвестициялық суб­­си­дияны көтеру керек. Бұл – Ыбырай Жақаев­ атындағы Қазақ кү­ріш шаруа­шылығы ҒЗИ ға­лым­дарының пікірі. Сонда қазір әр­та­рап­тандырудың тиім­ділігін түсін­ген­мен, техника алу­ға қаржысы болмай отырған шаруа­лар­дың үміті оянып, бас­­тама жал­ғасады.

Осыдан сәл бұрын «шығыны көп күріштен бас тарту керек» деген пікірлер белең алып, ол біраз айтыс-тартысқа жалғасқан. Негізгі дақылдан жеріп отырғандар 20-30 жыл бұрын күріш егілген алқаптардың біршама бөлігі бос қалған кездегі қиындықты ұмытқаны қайран қалдырады. Сол уақытта инженерлік жүйеге кел­тіріл­ген алқап шеңгел мен жиде басып, соры бетіне шыққан жарамсыз жерге ай­налды. Қазір күріштен бас тартсақ, сол жағдай қайталанады. Осы өнім арқылы ғана жердің мелиоративтік жағдайы бір қалыпта тұр.

Өңір кәсіпкерлері арасынан әр­тарап­тан­дыруға алғашқы болып бел байлаған кәсіпкердің бірі – Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы Әліби Бекжанов. Былтыр қант қызыл­ша­сын еккен кәсіпкер аймақ үшін осы дақыл тиімді екенін айтады. Бір қызығы, Сырда шыққан қызылшаның қанттылығы 20% болған, ал Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 15 %-дың айналасы. Демек егуге болады, бірақ оған мемлекеттен қолдау керек. Зама­на­уи техника мен өңдейтін зауыт болмаса, еңбегің еш тұзың сор болады.

– Әртараптандыру – біздің өңір үшін аса бір қолайлы шаруа емес. Қы­рық­қабатты қиналып жүріп шыға­ра­сың. Қостанайда өскен картоп пен біздің өңірден шыққан өнімнің өзіндік құны арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Олардың жері соған қолайлы. Осыдан да олардың картобы арзан болады. Оның үстіне бұл өнімді жинайтын техниканың құны 60-80 млн теңге аралығы. Мысалы, менің тәуекелмен еккен картобыма салған ақшамның жартысына жетпейтіні ғана қайтты. Сонда да елге басқа да өнімді егуге болатынын көрсеткім келді. Осы оймен 5 гектар жерге алма да ектік. Күнкөрісі күріш болып отыр­ған елдегі шаруаның қиналатын тағы бір тұсы әкімшіліктегі жиналыстан жиі еститін әртараптандыруды неден бастауды білмейді. Диқанға қандай дақыл түрін егуге болатынын айтатын адам жоқ. Дұрысы, күріш егістігін сақтай отырып, бау-бақшаны соның айналасында дамыту. Жақында облыс басшылығының ұсынысымен «Байқоңыр» ӘКК» АҚ біздің картобымызды сатып алатын болды. Сең қоз­ғалған сияқты. Осындай қолдау болса, ауылдағы ел еңсе тіктеп қалар еді, дейді кәсіпкер.

Әртараптандыру дегеніміздің негізі – жердің құнарлылығын сақтау. Қазір аймақта жердегі гумус мөлшері 0,5-1 пайыз аралығында. Ал бұл 2 па­­­йыздан асуы керек. Жаңа бастаманың бірден жолға түсіп кетпей тұрғанының тағы бір себебі бар. Облыста күріш шаруашылығымен айналысатын ірі компаниялар саусақпен санарлықтай ғана, көпшілігі 50-60 гектар жерге дән сеуіп отырған майда құрылымдар. Олардың бастаманы қолдап кетер қауқары жоқ.

Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылы бау-бақшаны көптеп егетін елді мекендер қатарында. Кезін­де осы ауылдың тәтті қауыны кеңес­тер одағының әр түкпірінен табылатын. Жуырда ауданға жасаған сапарымызда қала іргесіндегі осы ауылға жолымыз түсіп, егіншілермен пікірлестік. Аудандағы «Рза агро» ЖШС жаңбырлатып суару технологиясын қолға алған құрылымдардың бірі. Былтыр осы ауылдан 545 гектар алқапқа жүгері еккен серіктестік оны сүрлемге пайдаланады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бұл аумақта дәндік жүгері де егілген. Осы ауыл тұрғыны Нұрлыбек Нұрғожаев тамшылатып суару әдісімен қауын-қарбыз егіп отырған шаруаның бірі.

– Біздің жерде ылғал аз. Күннің көзі жылт етіп, жер дегдісе, айналаңның бәрі әппақ сорға көміліп қалады. Оны шаю да – бір машақаты көп жұмыс. Инженерлік жүйеге келтірілген жерлер оңай шайылса, тың аумақтар ондайға келмейді. Сондықтан да бізге жерді лазермен тегістеу қажет. Ал оған біздің шамамыз келе бермейді. Тіпті ақшасына жалдауға да таба алмаймыз. Жер тегістелсе, өнім де еселеп артар еді. Қазір мен 50 тонна алатын жерден 15-20 тонна ғана алып жүрмін. Жаңағыдай жағдай жасалса, бақша егуге ынталылар қатары көбейеді, – дейді ол.

Ауылдағы шаруаға керегі – техника. Осыдан біраз жыл бұрын ауылдардан сервистік дайындау орталықтары ашылып, оған біраз техника топтас­ты­рылған. Бірақ ауылдағылар ол тұста бақшаға мойын бұратындай емес еді, сондықтан да СДО-ның бастамасы жалғасын тапқан жоқ. Қазір елдегілер еңсе тіктеп қалды, жастар арасында бау-бақша егуге талаптылар көп. Жаңағы техниканың керек кезі осы.

Күрішке сұраныс артпаса, кемі­мей­ді. Мысалы, қазір әлем бойынша жылына 730 млн тонна күріш өндіріледі, жер жүзі халқының жалпы тұтынатыны бұдан әлдеқайда көп. Сондықтан күріш алқабын азайтпай, қазіргі көлемді сақтай отырып көп өнім алудың жолын қарастырған дұрыс. Жыл са­йын лизингке техника алып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтар да естен шықпағаны жөн. Сондықтан да саладағы ғалымдар да, ауыл шаруа­шы­лығы мамандары да Сыр бо­йында негізгі дақыл күріш болып, қал­ғандары соның айналасына топтасуы қажет деген пікірде. Өйткені әртараптандыру дегеніңіз тиімділігі жоғары дақылдарды көбейтумен қа­тар, қолда барды жаңа жағдайға бе­йім­деу ғой. Оның жүзеге асуына мемлекет мүдделілік танытып, ауыл шаруа­шы­лы­ғы ғылымын қолдау аясы артуға тиіс. Сонда ғана ортақ бастамадан оң нәтиже шығады.

– Біздің өңір жағдайында әртарап­тан­дыруды жүзеге асыру қиын. Өйт­кені егін шаруашылығына жеке адам ғана ақша салып отыр. Облыстағы шаруа қожалықтарының 90 пайызы ин­весторға тәуелді. Ал кәсіпкер тек тиімді өнімге ғана қаржы құяды. Бау-бақшаны өсіргенімен өткізетін жер жоқ, оны өңдейтін орын қажет. Жиырма гектарға жүгері егіп көрдім, шығымы жақсы болды. Бірақ оны жинайтын, өңдейтін агрегат қажет. Әр шаруаға гектарлап жер беріп, бақша өнімін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен келісімге отырған үлкен сауда орта­лық­тары арқылы сатып алудың амалын жасаса болар еді. Осындай жүйе бол­маса, іс алға жүрмейді, дейді мәсе­ле­ні зерттеп жүрген жергілікті кә­сіп­кер Ерұлан Өмірсеріков.

Кәсіпкердің пікірінше, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы шаруаның техни­ка­ға мұқ­таждығын шешуге болады. Об­лыс­та картоп егуге дайын шаруа қо­жа­­лықтары бар. Оларға соны қинал­май жинап, өңдеп алуға жағдай жасау керек. Жаңа бастама жүзеге асу үшін жүйелі түрде қолдау қажет. Әйтпесе, әр­та­раптандырудың жырын тағы 20 жыл айтатынымыз анық.

Былтыр әртараптандыру бағы­тын­да 793 гектарға түрлі дақыл егілген болатын. Осы бағытта 2025 жылға дейін 17,2 мың гектарға жеткізу жос­парланып отыр. Бұл ретте шетелдік белді ға­лым­дармен жаңа тәсілдерді енгізу жұ­мыстары бастау алды.

Осылайша, әртараптандырудың әлқиссасы тым әріден басталып тұр. «Түрлі дақыл егіп, бастамаға үн қосам» деген шаруалардың ниетін қол­дап, істен нәтиже шығару үшін мемлекет тарапынан демеу қажет.

 

Қызылорда