Елімізде ресми түрде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген екен. Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтарға сапалы білім алу, еңбек қабілеттілігіне сай жұмыс істеу және өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезініп, өмірден орнын табуына жол ашатын түрлі жобалар мен іс-шаралар қарқынды түрде жүргізіліп отыр.
Мұндай іс-шараларды көмек емес мүмкіндік деп сипаттауымның себебі, мемлекеттің қолдауы нәтижесінде әртүрлі ұйымдар мен бірлестіктердің мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға араластыруы өз жемісін беріп отыр. Сол арқылы олар қоғамның белді мүшесіне айналып келеді. Білім алады, жұмысқа тұрады, ұнаған кәсібімен айналысады.
Мүгедектігі бар жандарды қолдау мақсатында жуырда Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Ғылым және жоғары білім министрінің инклюзивті білім беру жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Таңсәуле Серіковпен кездесу болды. Министрлік өкілі жиында университет қабырғасында білім алып жүрген жүзден аса мүмкіндігі шектеулі жанға білім, ғылымның мүмкіндіктерін паш етті, заманауи технологиялар ғасырында сапалы білім алу әлеуметтік санатына қарамастан барлық жас үшін маңызды екеніне тоқталды.
Сонымен қатар университеттің ерекше студенттерді оқытуға сай бейімделген инфрақұрылымымен танысты. Инклюзивті білім беру орталығындағы құрал-жабдықтарды тамашалады. Мәселен, мұнда зағип және көру қабілеті нашар жандарға арналған тифлоқұрылғылар бар. Сол секілді экрандағы визуалды элементтерді дыбыстайтын NVDA бағдарламасы орнатылған компьютерлер мен кез келген кітапты дыбыстап, оқып бере алатын Clearreader және SARA™ CE оқу және жазу техникалары қойылған. Орталықта отырып студенттің өзіндік жұмыстарын және басқа да қосымша тапсырмаларды орындауға жағдай жасалған. Ғаламтор іске қосулы тұр. Мұндағы техникаларды қалаған уақытта пайдалануға болады. Емтихандарды тапсыру ыңғайлы болу үшін кітаптарды дыбыстайтын техника http://lib.ukgu.kz/ web-сайтында орнатылған. Оны күндіз-түні қолдана беруге мүмкіндік бар.
Кездесуде орталықтағы кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ләззат Өтеғұлова Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы және басқа да кітапханалармен келісімшарт жасалғанын, соның нәтижесінде университетте білім алып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар сапалы білімге қол жеткізгенін мәлімдеді.
Таңсәуле Серіков мүмкіндігі шектеулі жан екеніне қарамастан, Phd дәрежесіндегі профессор атанып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол студент жастарға өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, алдынан кездескен қиындықтарды қалай жеңгенін әңгімелеп, жетістікке жету үшін жігерлі, талапшыл болуға шақырды.
Сонымен бірге кездесуде мәртебелі қонаққа биік мақсаттарды бағындырған жастардың жетістіктері баяндалды. Мәселен, Асқат Ахмеджан бүгінде «Қоларбадағы би» спортынан әлемнің үш дүркін чемпионы, Азамат Жақсымбетов еңбегінің нәтижесінде мүгедектер арбасынан аяққа тұрған.
Өзім болсам филология факультетінің журналистика мамандығы бойынша 2-курс студентімін. Көру қабілетімнің нашарлығына байланысты 1-топтағы мүгедекпін. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті маған сапалы білім алумен қатар, оқу ордасында жүріп үлкен жобаларды жүзеге асыруыма мүмкіндік берді. Үш жылға жуық уақыт Youtube, Tiktok әлеуметтік желілерінде контент жасайтын сарапшылармен жобаларға продюсерлік етемін. Өзің қалаған арманға ұмтылсаң, нақты мақсаттар қойып соны орындау жолында тер төксең, бәрі де сен ойлағандай болатынына көзім жетті. Ең бастысы мақсат пен ұмтылыс болса, мүмкіндіктің шектеулілігі адамға кедергі емес. Сол үшін кездесуде белсенді студент ретінде әлеуметтік желіні дұрыс пайдалана білсек, табыс табуға зор мүмкіндік ашылады деген ойыммен бөлістім.
Осындай қызықты кездесулер, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа бейімдеуге бағытталған түрлі қолдау шаралары тұрақты түрде өз жалғасын тауып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бекжан НҰРАДИН,
М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті