• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 26 Ақпан, 2023

Көшпелі кеңесте көтерілген мәселелер

242 рет
көрсетілді

23-24 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Константин Петров пен Сәбила Мұстафина 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарында өткен көшпелі семинар-кеңестерге қатысты.

Іс-шараларға жергілікті атқару­шы органдарының өкілдері, облыс прокуратураларының қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссиялары­ның мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушыларға сайлау заң­намасының барлық жаңалығын және сайлау алдындағы үгітті қар­жыландыру мәселелерін түсіндірді, сондай-ақ 29 бірмандаттық округ бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу бойынша қорытындыларды жеткізді.

Облыс әкімі аппараты бас­шысының орынбасары Бақытгүл Нүсіпова облыста барлығы 458 сайлау учаскесі құрылғанын баяндады. Облыс аумағындағы барлық сайлау учаскесі жұмысын бастады. Оларды материалдық-техника­лық жарақтандыру, оның ішінде мүге­дектігі бар адамдар үшін қажетті жағ­дайларды ескере отырып шаралар қабылданды.

Дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтарды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін «Инватакси» қыз­метінің 24 автокөлігінің жұмысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстың барлық аудандары мен қалаларында 17 Call-орталық, телеграм-бот және «Сайлаушылар тізімінде өзіңді тексер» онлайн-сервисі жұ­мыс істейді. Тәулік бойы бір уақытта 10 қоңырауды қабылдай алатын бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Қоғамдық байқауды бірың­ғай үйлестіруді қамтамасыз ету үшін Жетісу облысы бойынша 11 адамнан тұратын үйлестірушілердің тізімі және «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы РҚБ филиалынан және ҮЕҰ серіктестерінен 886 адамнан тұратын тәуелсіз байқаушылар пулы қалыптастырылды.

Осы тәрізді жұмыс Алматы облысында да жүргізіліп келеді. Әкім аппаратының басшысы Төлеген Сәрсембаев облыс тұрғындары өз­дерінің сайлау учаскесі туралы ақ­паратты және өздерін сайлаушылар тізімінен «Сайлаушыларды іздеу» онлайн-сервисінде, телеграм-ботта, сондай-ақ 10 ауданда және Қонаев қаласында бар Call-орталықтар арқылы тексере алатынын хабарлады.

Бүгінгі таңда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулерін өткізу үшін 197 үй-жай және көрнекі үгіт-насихат жүргізу үшін 709 орын анықталды. Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі 1353 азамат үшін ерекше жағ­дай қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда 601 учаскенің 595-і пандустармен, 390-ы кіре берісте тактильді көрсеткіштермен қамтамасыз етілген.

Бұдан басқа, дауыс беру кезе­ңінде мүгедектігі бар адамдар үшін барлық учаскеде бұрыштар ұйым­дастырылады және кабиналар жаб­дықталады, есту қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін ым тілі мамандары тартылады, сондай-ақ облыс орта­лығында және барлық ауданда дауыс беру күні «Инватакси» қызметінің 18 автокөлігі тартылады.

ОСК мүшелері барған облыстар мен Алматы қаласында аумақтық сайлау комиссиялары үшін нақты кейстер негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізілді.

Ұйымдастырылған ойын барысында сайлау комиссияларының мүшелері дауыс берудің барлық барысын қамтитын учаскелерде дауыс беру үдерісін көрсетті. Олар дауыс беру күні учаскелік сайлау комис­сияларының дауыс берушілерді тіркеуден бастап, бюллетеньдер беру және барлық жұмыс аяқталғанға дейін қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

Семинар-кеңес соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін қызықтыратын сұрақтарға жауап берді.