• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Үкімет 27 Ақпан, 2023

Үкімет көмекті үзбейді

234 рет
көрсетілді

Жетісуға жұмыс сапарымен Премьер-министр Әлихан Смайылов келді. Үкімет басшысы өңірдің көлік-логистикалық және агроөнеркәсіптік әлеуетін дамыту барысымен танысып, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.

Әуелі Талдықорған әуежайында Талды­қорған – Қалбатау – Лепсі – Өскемен, Үшарал – Достық, Сарыөзек – Көктал, Лепсі – Балқаш бағытындағы автомобиль жолдарын және Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеуден өткізу туралы есепті тыңдаған Премьер-министр Алакөл ауданының транзиттік инфрақұрылымының даму бағытымен танысты.

Аталған тақырыпқа қатысты ойын тар­қатқан Үкімет басшысы қолға алынып жатқан шаралардың және ішкі эконо­микалық жағдайдың дұрыс қалыптасуының нәтижесінде еліміз Азия мен Еуропаны байланыстырған маңызды құрлық дәлізіне және әлемдік деңгейдегі транспортты-транзиттік желінің біріне айналғанын атап өтті.

«Жетісу облысының транзиттік тасымалдау қуатын дамытуға мүмкіндігі зор. Облыс аумағында халықаралық транзиттік бағыттарға түсіретін тексеріп-өткізетін «Достық» пен «Нұр жолы» бекеттері, «Достық» және «Алтынкөл» шекаралық теміржол бекеттері орналасқан. Осыған орай аймақтың транспорттық-логистикалық саладағы бар мүмкіндігін іске қосу керек», деген Үкімет басшысы «Достық – Мойынты» теміржол бағытының бір бөлігі Жетісу жерімен өтетінін назарға алып, Қытаймен арадағы шектеу шаралары алынғалы бері Еуропаға ағылған жүк тасымалының артуына дайын болуымызды тілге тиек етті.

Сондай-ақ Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеу жұмыс­тарын жылдам аяқтаудың маңызды­лығына тоқталып, алыс-жақын шет мемлекеттермен арадағы қатынасты ұшақтарды дұрыс қабылдаумен қалыптастыруға болатынын алға тартты. Оның айтуынша, автожолдарды жаңарту және қосымша пойыз қатынасын іске қосу Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауындағы туристік аймақтардың дамуына елеулі үлес қосады.

Көлік саласын заманауи инфрақұ­ры­лыммен қамтамасыз ету үшін Үкімет ірі халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатуға дайын екенін атап өткен Әлихан Смайылов бұған «Достық» кеден бекетінде көпсалалы жүк өткізу терминалы салынғанын мысалға келтірді. Одан бөлек, жылына 1 млн тоннадан астам жүкті өткізетін қоймалар жүйесін 3 млрд теңгенің инвестициясымен іске қосу жос­пар­ланғанын алға тартқан Премьер-министр тағы 500-1000 жүк көлігі тұратын автотұрақ салынатынын айтты. Жобаға құйылатын инвестиция 5 млрд теңгеден асады.

Үкімет басшысы сапар барысында Көксу ауданындағы қант зауытына барып, кәсіпорынның өндірістік қуаттылығымен танысты.

«Жалпы, ауылшаруашылық саласына инвестиция тарту мәселесі өте маңызды. Былтырғы жылдың қорытындысы бо­йынша ауылшаруашылық саласындағы инвестицияның нақты көлемі 8 пайызға ұлғайды. Биыл бұл көрсеткішті одан да жоғары өсіруіміз керек. Ол үшін арнайы бюджеттен 25 пайыздық қайтару субсидиясын беруді көздеген едік. Және көкөністерді сақтау қоймалары үшін берілетін субсидия көлемін 50 пайызға жеткіздік. Сондықтан бұл бағытта үйлестіру жұмысы өте маңызды. Яғни мемлекет тарапынан берілетін қолдау тетіктерін шаруаларға егжей-тегжей түсіндіру керек», деп өңір диқандарына артылар міндет пен жауапкершілікті атап өтті», деді Ә.Смайылов.

Айта кетейік, облыстағы қант өңдеу зауыттарының шығаратын өнімдерін Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша бір-екі жылдың ішінде 180 мың тоннаға жеткізу тапсырмасы тұр.

Үкімет басшысымен өткен кездесуде «Дюсенбинов А.К.» шаруа қожалығының басшысы Айдын Дүйсенбинов өзінің 200 басқа арналған заманауи тауарлы-сүт фермасын салуды жоспарлап отырғанын, малға жемшөп дайындау үшін 1 мыңнан 1,5 мың гектарға дейін суармалы жер қажеттігін алға тартып, көмек сұрады. Осыған орай Үкімет басшысы мәселені назарға алуды Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке тауарлы-сүт фермаларын құру немесе кеңейту бойынша субсидиялау критерийлерін жеңілдету мәселелерін пысықтауды тапсырды. Әлихан Смайылов одан соң «Хильни- ченко и К» коммандиттік серіктестігінің басшысы Александр Хильниченконың қызылша тұқымын субсидиялау туралы ұсынысына тоқталып, мемлекет тарапынан қант қызылшасын өсіруге беріп отырған мүмкіндіктерді таныстырды.

Оның айтуынша, қызылша дақылына субсидиядан бөлек тасымалдау құны берілсе, қант зауытына ерте көктемнен шаруалармен келісімшартқа отырып, шикізат пен қажетті жанар-жағармай сатып алуы үшін қосымша қаржылай қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен беріліп отырған мұндай қолдау шынында диқандар мен кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.

Бұдан соң Талды­қорған қаласын жылумен қамтамасыз ететін «Басқуат» қазандығына барған Үкі­мет басшысы бастаған делегация кә­сіп­орынның жұмысымен танысты. 1981 жылы пайдалануға берілген қазан­дық­тағы 7 пеш көмірмен жағылады. Қаладағы нысандардың 75 пайызын жылу­мен қамтамасыз ететін «Басқуат» қазан­дығына 500-ден астам көпқабатты тұр­ғын үй, 20 мектеп, 25 балабақша, 10 ауру­хана, 90 әкімшілік ғимараты және 1 096 тұр­ғын үй қосылған. Қала әкімі Әсет Маса­баев қазандықты табиғи газға ауысты­ру жұмыстарының жобалық-сметалық құжат­тамасы дайын тұрғанын жеткізіп, Үкімет тарапынан көмек сұрады.

Үкімет басшысы бұдан соң арнайы жиын өткізіп, Жетісу облысының әлеу­меттік-экономикалық дамуына қатыс­т­ы мәселелерді талқылады. Жиында облыс әкімі, министрлік өкілдері кезекпен сөз алып, жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылған тапсырмаларды орындау аясында соңғы жылдары ауылдық жерлерді және агрокешен саласын дамытуға баса назар аударылатынын ескерткен Премьер-министр ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен өмір сапасын жақсартуға қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. Осыған орай облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін сапалы жасатуы және таза ауызсу нысандарын мерзімінде пайдалануға беруге тиіс. Одан бөлек пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудың өзектілігін жеткізген Үкімет басшысы:

«Жергілікті атқарушы органдар жүр­гіз­­ген жұмысқа қарамастан облыста 857 мың гектар жер игілікке жарамай бос жатыр. Алайда жергілікті халыққа 680 мың гектардан астам жайылымдық жер жет­пейді. Елді мекендердің маңындағы жер­лерді тұрғындардың мал жаюына беру жолдарын қарастыру керек. Осы бағыт­тағы жұмысты жеделдеткен жөн, дегенді баса айтты.

Қаладағы кәріз жүйелерінің ескіруі 58 пайызға жеткенін алға тартқан Әлихан Смайылов әкімдік осы бағыттағы жұмысты белсенді жүргізуі керегін ескертіп, бірқатар әлеуметтік мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, облыста 5 мыңнан астам бала бейімделген 69, саман кірпіштен салынған 26 және апаттық 1 мектепте білім алып жатыр. Осыған орай ұлттық «Жайлы мектеп» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы сапалы мектептердің қажеттігін шешуге болатынын алға тартқан ол алдағы 2026 жылы жаңадан 10 мектеп салуға республикалық бюджеттен 55 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті.

Өз сөзінде: «Одан бөлек Қаржы министр­лігінде бюджеттен тыс жемқорлар­дың есебі­нен алынған қаржы бар. Сол қаражат та мектеп құрлысына бағытта­лады», деген Премьер-министр облыстағы 59 медицина мекемесі жалға алынған ғимараттарда отырғанын баса айтты. Осыған орай ұлттық жоба аясында ауылды жерлердегі денсаулық сақтау саласын жетілдіруді тапсырған ол шалғайдағы елді мекендерге дәрігердің жетіспеуін жас мамандар арқылы қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Әсіресе «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының тетіктері толық пайдалану керек.

Мәселелердің ішінде экономика саласына арнайы тоқталған Үкімет басшысы Жетісу жері үшін логистиканы дамытудың мүмкіндігі зор екенін атап өтіп, пандемия басталғалы бері тоқтап қалған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы жақын арада ашылатынын, соған орай орталықтың жұмысын бастауға мүмкіндік беретін дайындықты жеделдету керегін ескертті.

«Қорғас» жақын арада өз жұмысын бас­тауға тиіс. Енді дайындық жұмыстарын жеделдетіп, Орталық қызметіне тартылған барлық құрылымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету керек», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жос­парланып отырған инвестициялық жобаларды уақытылы іске қосудың және өңірді қолжетімді бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету­дің маңызын атап өтті.

Одан бөлек, жоспарланған инвести­ция­лық жобаларды іске қосудың және аймақты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қол­жетімді бағамен қамтамасыз етудің өзек­тілігіне тоқталған Әлихан Смайылов сөзі­нің соңында құзыретті органдарға бір­қатар тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, елді мекендерге газ тарату желілерінің құры­лысын, Талдықорған – Үшарал магист­ралды газ құбырын жүргізудің, «Басқуат» қазандығын толық жөндеуден өткізудің, Текелі қаласының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің тетіктерін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар Үкімет басшысы  6 ел­ді мекенге сумен қамтамасыз ету жүйе­лерін салуға, 15 апат­­ты көпірді жөндеуге, Ақсу аудан­дық ауру­­ханасын сейсми­ка­лық берік­ті­гін ны­ғай­т­уға, Кербұ­лақ аудан­дық ауруханасын жөн­деуге және Талды­қорғандағы 500 адам­дық емхана­ның құ­рылысына қаржы қара­стырудың маңыз­дылығын баса айтты. Әли­хан Смайылов Энергетика министріне Алакөл жағасындағы туристік нысандарды тұ­рақты электр қуатымен қамтамасыз етуге қа­жетті желінің құрылысын кезең-кезе­ңі­мен қаржыландыруды, Ұлттық экономика министріне Балқаш көлінің жағасына ин­женерлік инфрақұрылым құрылысын және көгалдандыру жұмысын жүргізудің бюд­жеттік бағдарламасын жасауды тапсырды.

Жетісу жеріне арнайы жұмыс сапарымен келген Әлихан Смайылов аталған мәселелердің шешілуіне атсалысып, өңірдің өркендеуіне ешқандай кедергі болмайтынын жеткізді.

 

Жетісу облысы