Өткен аптада Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Шымкент қаласындағы күндері өтті. Осы іс-шараның қорытындысында аталған орталықтың басшысы Алексей Цой мен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Үш күн аралығында ПІБ МО-ның 25 білікті маманы шаһардың жетекші клиника дәрігерлерімен бірге жүзден аса науқасқа медициналық кеңес беріп, ондаған күрделі операцияға қатысты.
Шектеусіз мерзімге жасалған меморандумдық келісім қала тұрғындарына дәрігерлердің тегін консультацияларын, санаторий-курорттық емдеу және медициналық оңалту бойынша қызметтерді алуға, ал қажет болғанда жағдайы ауыр науқастарды емдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ортақ келісімнің нәтижесінде, өңірдің медициналық мекеме қызметкерлеріне инновациялық технологияларды оқыту, аурулардың алдын алу, диагностикалау, жаңа медициналық технологиялар мен инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов медициналық орталықтың бұл бастамасын қолдап, меморандумның алдағы уақытта өңірдегі медицина саласының дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.
«Үшінші мегаполисте тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның 13-і – мемлекеттік, 32-сі – жекеменшік ұйым. 2022 жылы өлім-жітім саны мың тұрғынға шаққанда 36 пайызға азайған. Оның ішінде нәрестелер, қан айналымы аурулары мен қатерлі ісік салдарынан болатын өлім-жітім саны біршама төмендеді. Біз өңір медицинасын әрі қарай дамыту мақсатында Президент Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты мекемелермен байланыс орнатып, олардың диагностикадағы заманауи мүмкіндіктерін қолданып, тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз. Қазір мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауға қол жеткіздік. Яғни қалалық аурухана жанынан құрылған ядролық медицина орталығында ПЭТ/КТ құрылғысының көмегімен жылына 3 500 адамға диагностика жасауға мүмкіндік бар. Ал сәулелі емдеу құрылғысының көмегімен жылына 10 мыңнан аса адамға ем жүргізуге болса, осы күнге дейін 180 науқас құрылғының көмегімен емделіп шықты. Сондай-ақ күрделі медициналық құрылғылардың көмегімен операцияның барлық түрін өзіміз жасай бастадық. Алдағы уақытта көпбейінді клиникалық аурухана мен перинаталдық орталық ашу көзделіп отыр. Медициналық орталықпен ынтымақтастық меморандумына қол қоюдағы мақсаттың бірі – жоғарыда аталған жоспарларды бірлесіп жүзеге асыру», деді шаһар басшысы.
Өз кезегінде Медициналық орталық басшысы Алексей Цой Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ғасырға жуық – 90 жылдан аса уақыт еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің ірі мекемесіне айналғанын айтты.
«Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, санитарлық-эпидемиологиялық зерттеулер, инновациялық әдістерді іздестіріп, оны тәжірибе жүзінде қолданып жатыр. Олар республиканың практикалық денсаулық сақтау саласына трансфертін жүргізеді. Кейінгі үш жылдың өзінде клиниканың мамандары 150-ден аса жаңа технологияны республиканың тәжірибесіне алғашқылардың бірі болып енгізді. Бүгінде облыстың 130-дан аса азаматы Медициналық орталық ұйымдарында көмек алып, емдеу-сауықтырудан және оңалтудан өтті. Біз бұдан әрі өңірдің тұрғындарына практикалық медициналық көмек көрсетуді арттыруды жоспарлап отырмыз», деді.
Сондай-ақ іссапар аясында мегаполистегі Santo фармацевтикалық компаниясы мен ПІБ Медорталығы арасында медициналық және фармацевтикалық технологиялар бойынша ынтымақтастықты арттыратын екіжақты меморандум түзілді. Қол қою рәсімінен соң журналистерге берген сұхбатында Алексей Цой мен «Химфарм» АҚ Бас директорының міндетін атқарушы Әділхан Темірбеков медицина мен денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді бірге шешуге күш салатындарын жеткізді.
Сонымен бірге тараптар өзара ынтымақтастықтың бірқатар бағытын айқындады. Мәселен, оның ішінде ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті бірлесіп жүзеге асыру, клиникалық зерттеулер жүргізу саласында әріптестікті дамыту мақсаттары бар.
Сондай-ақ бұл құжат тараптардың ұзақ мерзімді өзара ұтымды серіктестігін нығайтуға, ғылыми-зерттеу зертханаларында ПІБ Медициналық орталығы мен Santo компаниясының қызметкерлерінің жұмысын қолдауға, практикалық тәжірибе алмасуға және клиникалық тиімділікті ескере отырып, дәлелді медицина қағидаттары негізінде денсаулық сақтау технологияларын бағалау мен іріктеуге бағытталған.
Келіссөз барысында орталық пен фармацевтикалық зауыт басшылығы жұмыс тиімділігін арттыруға, ол үшін түрлі тиімді әрекетті пайдалануға, тұрақты түрде ақпарат алмасып отыруға және көбірек халықаралық тәжірибеге сүйенуге уағдаласты.
Меморандум аясында делегаттар фармацевтикалық компанияның дәрі-дәрмек шығаратын жоғары технологиялы және тәртіп пен тазалық қатаң режімде сақталатын цехтарында болып, жұмысымен танысып шықты. Орталық басшысы дәрілік препаттар өндірісіндегі отандық кәсіпорынның алға басқан қадамдарын оң бағалап, атқарып жатқан еңбегінің нәтижесі өте жоғары екеніне сенім білдірді.
«Ұлт саулығын нығайту – елдің басты міндеттерінің бірі. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басты бағыттарын айқындап берді. Сондықтан ең бірінші міндет – озық медициналық технология мен әлемдік стандарттарға сай сапалы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру. Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының жоспары бойынша еліміздің әр өңірінде осындай тәжірибе алмасу күндері өтеді. Әлбетте, өңірлік денсаулық саласы туралы ой айтсақ, Шымкентті медицина кадрларын даярлайтын ұстахана деуге болады. Ал орталықтың басты қызметі – халыққа медициналық қызмет көрсетумен қатар әлемдегі озық тәжірибелерді елімізге әкеліп, жергілікті емдеу мекемелеріне қолданысқа енгізуге жәрдемдесу», деді А.Цой.
Айта кету керек, 140 жылдық тарихы бар «Химфарм» АҚ компаниясы Қазақстанның фармацевтикалық нарығындағы көшбасшы кәсіпорындардың үштігіне кіреді және дәрі-дәрмектің бөлшек саудасында бірінші орынға ие.
ШЫМКЕНТ