Әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдығы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Мұрат Құсайыновтың 75 жылдық мерейтойына орай Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында ретро концерт ұйымдастырылды.
Елу жылдан астам уақыт бойы танымал топтың көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келе жатқан Мұрат Құсайыновтың мерейтойына арналған іс-шараға өңір басшысы Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, өнер әлемінің өшпес жұлдызын мерейлі жасымен құттықтады.
– Қазақ өнерінде өшпес орны бар әйгілі эстрадалық вокалды аспаптар ансамблін әр буын, әсіресе біздің қатарластар мен аға буын қатты құрметтейді. Елу жылдан астам уақыт бойы өнердің өрінен көрініп, төрінен түспеген «Дос-Мұқасанның» ретро әндері ешқашан өлмек емес. Ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі, дарабоз әнші, белгілі композитор Мұрат ағаны мерейтойымен құттықтаймыз. Кенен Әзірбаев туған қасиетті Қордайдың тумасы ретінде сізбен әрқашан мақтанамыз. Өйткені өнер әлеміндегі еселі еңбегіңіз елдің көз алдында. Әсіресе бала кезімізден тыңдап өскен «Той жыры» әні әлі күнге дейін халықпен бірге жасап келеді. Сол уақыттан бері үйлену тойларының «гимніне» айналғаны да рас. Ансамбль репертуарындағы өз шығармаларыңыздан бөлек, халық әндері де халықтың жүрегінен өшпейді, – деді Н.Нұржігітов.
М.Құсайыновтың мерейтойына арналған концертке жиналған аға буын өкілдері жастық шақты еске алып, ретро әндерді сүйікті әншілерімен қосылып шырқады. Өнердің төрінен түспеген белгілі ансамбль мүшелеріне қошемет көрсетті.
ТАРАЗ