• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 01 Наурыз, 2023

Әлемді алақанға сыйдырған

365 рет
көрсетілді

Жер дүниедегі жаратылыс атаулыны тану адамзат дамуымен қатар ілгерілей беретіні сияқты ұлыларды тануға тырысу да жылдар бойы тоқтаусыз жүреді. Сол арқылы тұлғаның өмір сүрген уақытынан алыстаған сайын рухына жақындауға талпынамыз. Ұлы жырлары «бұл ғасырдың шегінен асатын» (М.Әуезов) Мағжан Жұмабаев сынды ақындар заманынан озып туатыны туралы айтамыз. Алайда кеңестік кезде кесіліп кеткен шығармалары хақында аздап естіп-білеміз.

Жақында қолыма ақынның 1998 жылы «Елорда» баспасынан шыққан «Батыр Баян» атты кітабы тиді. Мұнда автордың арнайы ­назар аударатын туындылары бар. Мәселен, «Ақсақ Темір сөзі» атты өлеңі. Кезінде бір журналдан кездестіргенімізде, «осындай да өлеңі бар екен-ау» деп қойған­быз. «Қойлыбайдың қобызын» бұрыннан білуші едік. Көптеген кітабында жарияланған. Бірақ толық нұсқасы емес екен. Соңғы он төрт жолын қиып тастаған, мүмкін әлдебір себептерге байланысты енгізілмеген. Мына «Батыр Баян» жинағында жүр ол шумақтар. Бертініректе шыққан кітаптарында да болса керек-ті.

«Оқжетпестің қиясында» поэ­масын ертеректе «Жұлдыз» жур­налының ескі сандарының бірі­нен оқығанбыз. Ақын шығар­машылығында бұл – мүлде басқа тұрпатты, оқшау шығарма. Мына жинаққа тұңғыш еніп, кейінгі кітаптарына кіріктіріле бастаған сыңайлы. Алғысөзінде бүйдейді ғой: «Алайда соңғы жылдары шыққан, ешбір кітабына енбе­ген көптеген жыры мен «Оқ­жетпестің қиясында» поэмасы алғаш рет жарияланып отыр. 1989 жылы «Жазушы» баспасы шығарған жинақта «Қойлыбай­дың қобызы» поэмасының өткен ғасырдағы батыр, би, бақсыларды дәріптейтін соңғы бөлігі орынсыз қысқартылып кеткен.

Мағжан – қазақ халқының ғана емес, исі түркі дүниесінің ұлы дауылпазы. Оның ашық тү­рік­шілді ұрандағы жырларын кезінде бастырушылар цензурадан өткізе алмаған болуы керек. Солардың қатарында «Орал», «Жер жүзін топан басса екен» өлеңдері осы кітапта тұңғыш рет жарияланып отыр.

«Ақсақ ақынға» атты өлеңін кезінде аяулы азамат, марқұм Жәнібек Кәрменов ел аузынан жинап әкеп, құрастырушыға тапсырған болатын.

«Орамал» мен «Батқан күн, атқан таңның жыры» ғашық жан­дардың бір-біріне жазысқан хаты іспетті тұтас дүние. Ақын жинақтарынан орынсыз шет­те­тілген өлеңдердің бірі «Жоғал­ған алтын» деп кете береді жи­нақ­тың баспадан берілген түсін­дір­месінде.

Осы кітапта тұрған бірінші өлең хақында тоқталғымыз ке­леді. «Ақсақ Темір сөзі» аталады. Кезінде бұл шығармаға мағ­жан­танушылар тоқталғанын да біле­міз. Онда түрікшіл сананы ту ет­кен ақынның жыры тарихи жа­ғынан түсіндіріледі. Сіз мән беріп оқып көріңізші:

«Жаһан деген немене

Алақанның ауданы.

Бір ауданда көп тәңірі

Болудың тіпті жоқ сәні.

Көк тәңірісі – тәңірі

Билесін көгін, күңіренсін.

Жер тәңірісі Темірмін,

Жеріме тәңір тимесін.

Көк тәңірісі тәңірінің

Тұқымы жоқ, заты жоқ.

Жер тәңірісі Темірдің

Тұқымы – түрік, заты – от» деп тастай салады.

Расында, әлемді алақанына сыйдырып алып сөйлеп тұрған жанның асқақ, тым асқақ бейнесі көрінеді өлеңнен. Бұл бұған дейін қазақ даласында, ұлы Тұран то­пырағында болған рух. Бірақ Мағ­жан тұсында ұмытылуға айналған. Тіпті жоғалуға шақ қал­­ған. Тұран билеушілерінің ғана аузынан шығатын сөз. Мейлі ол астамшылық болса да, «Темірдің сөзі» деген соң жарасады. Соны сезініп һәм сезіндіріп жазған ақынды жүрек жұтқан демей көріңіз. Жалғыз бұл ғана емес, Мағжанның мұндай өлең­дері жетерлік. «Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ, көз қырыммен күліп қана қарар­мын!» дегені бар. Бұдан да бас­қа­лары толып жатса керек. Ақын деген ұлттың сана-сезімін түрт­кілей отырып, ежелгі рух сіңген қадір-қасиетті еске түсіру арқылы ертеңге көз жіберуге тәрбиелеуші сияқты сезіледі. Әлемді алақанның ауданына сыйдырып қарайтын заман да келді. Тілін білсеңіз, әлем туралы ақпарат алақаныңызда тұр ғой қазір. Бейнесімен қоса. Тетігін тауып, байыптай алса болғаны. Ол үшін Темір болудың қажеті жоқ, бірақ.