Алғыс айту күні қарсаңында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Әйел және өнер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынға Е.Рахмадиев атындағы МАФ көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова, Ұлттық дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова, суретші, куратор, галерист Лейла Махат, филармонияның бас редакторы Зарина Мұхамедәлі, шығармашылық ұжым жетекшілері Арайлым Рахым, Роза Шотқалиева, сондай-ақ Айгүл Қосанова, Жанар Жүсіпова, Саида Қалықова, Алтыншаш Мұқатаева сынды өнер майталмандары қатысты.
Кездесу барысында еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытудағы әйелдердің рөлі туралы баяндамалар оқылып, пікір алмасты. Дөңгелек үстел әйелдердің шығармашылық бастамасының символына айналатын, қатысушыларды біріктіріп, оларды «Ана жаулығы» атты халықаралық мәдени-танымдық жобаның бір бөлігіне айналдыратын перфомансты қамтиды.
Айта кетейік, суретші Лейла Махат әлемді карантин шарпыған кезде «Ана жаулығы» халықаралық жобасына бастамашы болған еді. Бүгін де бұл идея өзектілігін жоғалтқан жоқ.
«Әр мәдениеттің ұлттық киімі бар, әр ұлттық киімде костюм элементі және әйел, ана болудың символы – орамал болады. «Ақ орамал – қазақ халқы салт-дәстүрінің киелі атрибуты. Ақ түс ана сүтін, тазалықты, әдептілікті білдіретін қасиетті мағынаға ие. Көптеген қазақ отбасында мұра болып қалған кимешек жәдігер ретінде сақталады», дейді Лейла Махат.