Ақтаңгер ақын, белгілі қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың жыр кеші Қызылжар өңірінде жалғасты. Қазақтың қара өлеңінің сынын бұзбай, көркем лирикамен ұштастырған оның өлеңдерін қызылжарлықтар жақсы көреді.
Ақынды облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың атынан Ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов құттықтап, өңір басшысы құттықтауын жеткізді. «Біз сізді бүгінгі қазақ поэзиясы алыптарының қатарында жақсы білеміз. Сіздің өлеңдеріңіз поэзияны ежелгі қазақ өлеңінің сарынынан ажыратпай, оны жаңа түрмен құлпыртып, бүгінгі замандастарымыздың жүрегіне қондыра білді. Сонымен қатар сіз әлеуметтік салмағы ауыр өлеңдер де тудырып, ойлы оқырманның санасына қазыналы жүк тастап келесіз. Жазықсыздан лагерьге қамалған әйел-аналар туралы жазылған «Қара орамал» атты поэмаңыз қазір әлемнің 16 тіліне аударылып, дүние жүзін шарлап кетті. Кеңестік қанды қасаптың зардабын танытуда мұндай шығармаларға баға жетпейді. Сіздің «Жанымның жапырақтары», «Жүрегімнің жұлдызы», «Құсқанаты», «Ардакүрең», «Ақ сиса», «Тамакөшкен», «Есіл ағады», «Ай сынығы», «Ай таңбалы арғымақ», т.б. жыр жинақтарыңыз Қызылжар өңірі тұрғындарына жақсы таныс», делінген құттықтауда. Сонымен бірге әкім Ғалекеңнің солтүстікте қазақ өнері мен әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны да айтылыпты. «Облысымызда айтыс, мүшәйра немесе атақты адамдарымыздың мерейтойлары болса сіз елімізге белгілі алматылық, астаналық жыр сүлейлерін, атақты ақын-жазушыларды алып келіп, біздің өңірдің мәдени іс-шарасына зор салмақ бересіз», депті әкім өзінің құттықтауында.
«Ай таңбалы арғымақ» атты әдеби кеште ақын өзінің өлеңдерін оқыды, солтүстіктің әдебиетсүйер қауымы атынан профессор Зарқын Тайшыбай, Жарасбай Сүлейменов, осы кешке Көкшетаудан арнайы келген жазушы Жабал Ерғалиев тағы басқалар сөйлеп, ақынды құттықтады.
Өңірімізге белгілі меценат, кәсіпкер Жомарт Омаров ақынға шапан жауып, астына ат мінгізді.
ПЕТРОПАВЛ