Қолына қаршадайынан домбыра алып, қазақ даласына даңқы шыққан ақын, әнші, сазгер Біржан салмен айтысып, айтыс өнерінің шырқау шыңына көтерілген, осы күнге дейін асыл мұрасы көркемділігі, мазмұндылығымен дәріптеліп, ел есінде сақталған, айтыс өнерінің ақиығы, өлең сөздің саңлағы – Сара Тастанбекқызының туғанына биыл 170 жыл толып отыр.
Сара Тастанбекқызының шығармашылық қыры көбінесе айтыс өлеңдері, «Біржан мен Сара айтысы» тұрғысында көбірек сөз болып келгені мәлім. Сара айтыс өнерінің шебері ғана емес, сонымен қатар қисса, дастан сияқты әдеби шығармалардың авторы. Ақынның шығармалары біраз жинақтарға енді: «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды», «Қазақ поэзиясының антологиясы», «Тордағы тоты», «Ақын Сара Тастанбекқызы», «Ақын Сара», «Сара саңлақ». Төл әдебиетімізде өзіндік орны бар кестелі сөз шеберінің шығармаларында көңіл күй әуендері, жалпы адамзаттың жан жүйесіндегі сапырылысқан ойлар ағындары поэтикалық тұрғыда өрнектелген. Оның өлеңдерінің барлығында дерлік лирикалық сыршылдық, автордың өзіндік көңіл күй әуендерінің сарындары байқалып отырады. Мысалы: «Ашындым», «Ортақ мұң», «Тұзақ» дастанында өз басына жастайынан түскен ауыртпалықты суреттейді.
«Салынған сал қорадан аласа үй,
Есіксіз, терезесіз, қараша үй.
Қазандық, көне алаша, тозған қомша
Жетімсіз, жарлы тұрмыс – іштегі күй,
Әйнек жоқ, терезеге тартқан қарын,
Азынатқан босағадан қыс ызғарын».
Ақын – қоршаған тіршілік қозғалыстарын жан жүйесімен қабылдайтын, соны өлеңмен өрнектейтін өнер иесі. «Арсалаң алдында», «Аққу», «Қарлығаш» атты өлеңдері лиро-эпикалық поэтикалық болмысымен ерекшеленетін шығармалар. Себебі бұл туындыларда арнау және мысал өлеңдердің жанрлық ерекшеліктері тұтаса жырланған.
«Қош бол, елім!» өлеңінде атамекені Ақсу аймағынан аттанарда шығарылған қоштасуы жырланған. Сонымен қатар елін, жерін сүйген, ел сыйлайтын ақиық азаматтарды жырға қосқан.
«Балпық пен Ескелдідей кемеңгер де,
Айтуға сөзге жүйрік тереңдер де.
Ақылмен хан, төрені бағындырған
Қадірлі Қарынбайдай зереңдер де.
Дарынды Дарабоздай бәйбіше өткен,
Ақылы асып туған ерлерден де.
Дұшпанның он екіде шебін бұзған,
Атақты Тəттібайдай мергендер де...» дейді.
«Шымылдық» өлеңінде Жетісу жерінің ақын Сара мекендеген аймағының жазғы жайлауы бейнеленеді.
«...Өрмелей тау бөктерін өскен қайын,
Бұралып жел қозғаса айтады наз.
Жалтылдап жасыл жапырақ
күн нұрымен.
Ырғала күле қарайды бір қырымен.
Бұтаққа-бұтақ тиісіп, гүл сүйісіп,
Сырласып әрқайсысы өз сыбдырымен...», деп жырлаған ақын Сара Тастанбекқызының лирикалық өлеңдері қазақ поэзиясындағы сыршыл романтикалық-реалистік сарындағы шығармалар болып табылады.
Сонымен қатар ақынның өлеңдеріндегі элегиялық сарындарын тікелей танытатын поэтикалық тіркестер шоғыры мол. Жоғарыда аталған «Қош бол, елім!» деген өлеңінде:
«Мен риза, риза шығар жұрт та маған.
Сезе ме тұщы-ащыны ұрттамаған.
Ақ жүзім күзгі гүлдей солғын тартты,
Күн қаққан шүберектей солғын тартты,
...Дүниеге келіп-кетер әркім қонақ,
Солардың біреуі мен – өмірі шолақ.
Сырықтан қазық жасап ала алмайтын
Ұқыпсыз болмаушы ма еді кейбір олақ.
Адаммын мен де сондай ұқыбы жоқ,
Тіл бар деп санап жүрген көңіліне тоқ.
Қағазға жалғыз сөзім түспегенсін,
Ұмытылып қалар Сара құр аңыз боп.
Дәм қатқан қадірлі елге тартып бұйрық,
Осы бір он ауыз сөз менен сыйлық.
Хикая, кітап жазып бере алмады
Әріптей болмаған соң хатқа жүйрік.
Кемді күн қызмет еттім дос-жараңға,
Өнерім аз болса да мақтанарға.
Мені де баламыз деп еске ал, жұртым,
Сараның айтары осы аттанарда»,
деп жазып кеткен ақынның кешегі қытымыр замандағы арман ұшқыны осы өлеңінде айқын көрінеді.
Қазақ халқы – аманатқа қиянат жасамайтын, өз елінің ардақты ұл-қыздарын қашанда ардақтап, өнерді биік ұстап, ұлықтаған ел. Сара Тастанбекқызы – ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан көркем сөздің белгілі шешені ретінде ел есінде мәңгі қалатыны анық.
Айгүл ӘЛІМБАЕВА,
ақын Сараның мемориалды мұражайының меңгерушісі