Биылғы жылы Қаратау қаласында жылына 15,0 мың тонна натрий цианидін өндіретін зауыт іске қосылады. Жобаның құны – 12,9 млрд. теңге. Өндіріс орнының ашылуына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 4,5 млрд. теңге, ал, инфрақұрылымды дамыту бойынша 1 469 млн. теңге бөлінді. Зауыт іске қосылғанда 491 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Жалпы алғанда биыл Жамбыл облысында Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша 25,4 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Осының арқасында 1 147 адам жұмыспен қамтылады. Соның ішінде Қордай ауданында құны 6,4 млрд. теңгені, қуаты 21 МВт-ты құрайтын жел электр стансасын, Жамбыл ауданында құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын ет өңдеу комбинатын ерекше айтуға болады. Бұл комбинат жылына 1800 тоннаға жуық ет өңдейді. Ал, Қордай ауданындағы алтын өңдеу зауыты іске қосылғаннан кейін жылына 500 тонна таза алтын, Мойынқұм ауданында ашылғалы отырған балық етін өңдейтін комбинат жылына 1200 тонна өнім өндіреді. Сондай-ақ, неміс технологиясы бойынша жабдықталған үй құрылысы комбинаты мен алюминий радиаторларын шығаратын өндіріс орындары да осы саланың жұмысына үлкен қарқын қосатыны анық.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.