• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 09 Наурыз, 2023

Жалған Пафос немесе қазақ өлеңіне суицидтік сарын қайдан келді?

1504 рет
көрсетілді

Абай туралы ең көп айтылатын сөз қайсы? «Абайдың қозғайтыны – іштің қайғысы». Байқайсыз ба, бұл өте ыңғайлы позициядан айтылған сөз. Ешкім жоққа шығармайды, дауласпайды. Сөзсіз мойындалған пікір кейде әдебиетте қауіпті болады. Әрі қарай ойлай алмайсың, ойыңды дамыта алмайсың. Ал бұған біздің аздаған уәжіміз бар.

Абайды оқысаң, жүрегіңнің түбіне байланған шердің тарқатылып сала беретіні рас. Бірақ «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген данышпан, «қайғыға баттым» деп тұрған жоқ. «Қайғы ойладық» деп тұр.

Бәлкім, бұл сөзді ауыспалы мағынада да түсінуге болатын шығар. Десе де «қайғы ойлау» тіркесі талдауға көбірек тартып тұр. Тіл ережесіне салсақ, «қайғы ойлау» – заттанған тұйық етістіктің бастауыштың қызметін атқаратын түрі. Яғни «қайғы ойлаудан» кейін қандай да бір әрекет жасалуы керек. Бұл жерде жоғарыдағы тіркес өзінен өзі қайғыны талдауға шақырмай ма?!

Жалпы, мұндай ерекшелік Абай өлеңдерінің тақырыпты талдауға бейім таби­ғатын көрсетсе керек. Әйтпесе, кейінгі ақындар қайғыға салынуды өз шығармашылығының жетістігі санайды. Онымен қоймай, Абайдан бастап, бәріміз «қайғылымыз» деп есептейді.

Герольд Бельгердің «шығармада кей­бір сөздің орынсыз артық қолда­нылғанын басқа тілге аударғанда білесің» деген пікірі бар еді. Кей ақынның өле­ңіндегі алып бара жатқан не қайғы екені де шет тілдерге аударылғанда білініп қалатын сияқты. Алғашқысында аудармашы мәтіндегі басы артық сөздердің не жүк арқалап тұрғанын түсінбей дал болады. Ал кейінгісінде ақынның айтып отырған қайғысының нақ себебін таппай қиналады.

Шын мәнінде аудармашыға ақынның бұл өлеңді жазғанда қандай күйде бол­ғаны аса қажет бола қоймас. Ол қанша та­лантты аудармашы болса да, автор сияқ­ты жан толқытқан сезімге де беріле алмауы мүмкін. Оның есесіне метафораларды түп негізін сақтап аудару, ойды бұрмаламай жеткізу – міндет.

Бір сөзбен айтқанда, ол, аудармашы, ақынның осынша қайғылануының себебін түсінікті етіп аударып беруге тиіс. Сондықтан оған бүгінгі ақындарды аударғаннан гөрі, Сұлтанмахмұтты аударған әлдеқайда оңайырақ. Сұлтан­махмұтта өз басындағы да, ел басындағы да қайғының себептері анық атап айтылады. Бар-жоғы жиырма жеті-ақ жыл ғұмыр кешкен ақын жастықтың қызығына алданбаған ба, себепсіз өлең жазбаған ба деп қалғандайсың.

Әрине, көңіл күй, табиғат, махаб­бат сезімдері бір бөлек әңгіме. Бірақ оның өзін де Абай әлеуметтік әділетсіздікке тіреп қояды. Жүйрік атты жазса, кейбі-р­еудің қолы жетпей қор болғанын да айтпай кетпейді. Табиғатты жырласа, оның қызығын да елдің бәрі бірдей тең көрмейтініне соқпай өтпейді. Махаббатты да елдің мұң-шерімен ұштастырып жібереді.

Ал енді қазіргі көп ақынның жазып жүргені не қайғы екенін түсіну қиын. Мұнымыз өмірде олар жазатындай қайғы-қасірет жоқ деген сөз емес. Қайта ақынның күйзелуіне себеп болған да, болатын да қайғы-қасірет көп. Бірақ бұл қазақ ақындары көп еліктеген Маяковскийдің де, Есениннің де заманы емес.

Для веселия

планета наша

мало оборудована.

Надо

вырвать

радость

у грядущих дней.

В этой жизни

помереть

не трудно.

Сделать жизнь

значительно трудней.

Орыстың дүр ақыны Владимир Мая­ковский мына жалғаннан баз кешкен Есенинді осылай мұқаған екен. Бірін бірі ұнатпаған осы екі ақынның екеуі де өздеріне қол салып өлді. Ал біздің солар қатарлы ақындарымыз өздеріне қол салған жоқ. Оларды өлім жазасына кесіп, жазықсыз атып тастады. Айырмасы жер мен көктей емес пе?!

Мағжан Жұмабаевты 1938 жылы қы­рық төрт жасында ату жазасына кесті. Ол Есенин сияқты отыз жасында асылып қалған жоқ. Маяковский сияқты отыз жеті жасында атылып өлген жоқ. Қанша қуғын-сүргін көрсе де, ол екеуіндей депрессияға да түспеді.

Қараңызшы, інісі Оспанның өлімін Абай қалай талдайды: «Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай, Жасаулы жаудан бұрылмай, Жау жүрек жомарт құбылмай, Жақсы өмірің бұзыл­май... Жақсы өліпсің, япырмай!».

Міне, Мағжан Жұмабаев та өлімді солай талдайды. Оның жыры: «Қажыдым енді, күш бітті, Көңілсіз, салқын, күн бұлтты, Жел бұйығып тербелед, Әлде­кімнің өлгенін, Оны қалай көмгенін, Әңгіме ғып күңіренед. Жел, күңіренбе, жасың тый» деп келеді. Осындағы «Мені де, өлім, әлдиле» деген жолды суицидтік мағынада теріс түсіндіретіндер көп. Егер солай болса, Мағжан тап осы өлеңінде: «Қолына ала ту алып, Қылышын қанға суарып, Тау суындай тасыған, Қарақат көзін қан жауып, Қабағынан қар жауып, Ойын салған жас ұлан» деп жазбас еді. Бұл өлең жоқтау, жұбату һәм шаһид кеткен жастың өлімін талдау екені көрініп тұр­ған жоқ па?

Абайға сөз айта алмаймыз, ал Мағжан рухы өте мықты кісі. Ішкі қуаты зор, ерік-жігері күшті ақын. «Ол өлген жоқ, орманда елуінші жылдарға дейін тірі жүрді», деген сөз содан шыққан болуы керек.

Жалғыз Мағжан ғана емес, Ілияс Жан­сүгіров те, Сәкен Сейфуллин, Бейім­бет Майлин де өзін өзі өлтірген жоқ. Оларды өздері аса зор құштарлықпен сүйген өмірден зұлымдықпен күштеп айырды. Айырмасы бар ма, бар болғанда қандай?!

Ендеше қазақтың кейінгі ақындары Есенинді неге пір тұтты? Неге бірінен кейін бірі Есенинге өлең арнады? Бірінен бірі іліп әкетіп жырлайтындай, бұл не­ғылған эстафета?!

Қазақ ақындарының басқалардан ерекшелігі, өлімге берілмей, рухты өлеңдер жазған. Қасым Аманжоловтың ауыр науқас үстінде жатып шығарған «Өзім туралысы» да бастан-аяқ өлім мен өмірді талдауға құрылған. «Сен нет­кен бақытты едің келер ұрпақ» деген өлең жолы аурудан азап шегіп жатқан адамның қандай қайсар ақын екенін білдірмей ме, мысалы. Мұқағалидың да жазылмас дертпен алысқан сәтте туған «Емханада» атты өкінішке толы өлеңі бар. Өлеңінің тақырыбын «Емханада» деп, тал қармағандай қарапайым етіп қойғанын көрмеймісіз.

Өкінішті...

Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.

Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,

Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.

Өкінішті...

О, Жүрек!

Менің алтын қазығым-ау!

Қайтейін, қажыдың-ау.

...Қытықтаған бауырдың

«назы» мынау.

Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!

He істемекпін?

Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!

Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін:

Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр,

Миым – Мұзды мұхиттай...

He істемекпін?..

Осы ақындардың өмірге құштарлығы көп ешкімге сабақ болмай жүр. Өліммен бетпе-бет келгенде, өлеңге сырын ашқан неткен рух десеңізші. Өздері депрессияға түссе де, өлеңдері депрессияға түспеген. Күлбілтелемей айтсақ, Есениннің де, Маяковскийдің де серті жұқса да, дерті жұқпаған.

Әдетте пафосты асқақ үн деп қана түсінеміз. Шындығында, Мұқағалидың «Жан азасы» (реквием) да пафос. Пафос – эпос сияқты күреске толы шығарма. Онда өмірді ғана емес, өлімді де талдайды. Жай адам қабылдай бермейтін сезімдер жырланады. Мұндай шығармалар сонысымен де құнды, сонысымен де өресі биік.

Осымен қатар түп-тамырсыз жал­ған пафос деген де бар. Жалған пафос шын­дықтың бетіне тура қарай алма­ған кезде туады. Олар өздерінің бойын­дағы осалдықты жалған пафоспен жасыр­ғысы келеді. Оның арғы жағынан көп оқы­майтын білімсіздіктің де төбесі кө­рініп қалады.

Мен жақында өмірде өте қайғылы болып көрінетін сондай бір ақынның өлеңдерін оқыдым. Өлеңдерінің де жар­қын жақтарынан, қайғылы жақтары көбі­рек. Бірақ ештеңенің атын тура атамайды.

Маяковскийдің феномендік тұлғасы осы арада еріксіз тәнті етеді. Ол қалың тобырдың алдында қаймықпай өлең оқып тұра алады. Маяковский өзімен кетсін десеңіз, оның орнына:

«Узнаю вас по взгляду,

серая раса –

сволочи!»

– деп Олжас Сүлейменов шығады.

Қазақ оқырманына қазір де осындай ашық позициядағы өлеңдер керек. Ал ақындардың жанын жеген қайғы, мұң, шерге келсек, көбі дәрменсіздіктің көрінісі, басқа түк те емес. Байқасаңыз, ондай өлеңдер алғашқы әсермен ғана өмір сүреді. Екінші қайтара оқысаңыз, мәнін жоғалта бастайды. Үшінші рет ол өлеңді қайта оқуға беттей алмай қаласыз.

Осы арада қазақта бұрын-соңды депрессиялық әдебиет болмағанын еске сала кеткіміз келеді. Өздері мен кейіп­керлері депрессияға түсуі мүмкін, бірақ қазақтың әдебиеті депрессияға түспеген. Бұл әсіресе ауыз әдебиетінен келе жатқан рухы биік поэзияға жат ағым.

«Жылап туып, кейіп өлгенше» депті Абай. Қазақ әдебиетіндегі екінші мықты ақын Мағжан десек, ол туған әдебиеттің платформасын ғана жасап қоймаған, өз өлеңдерін де сол асқақ рухты платформада құрған. Одан кейінгі мықты ақын ретінде Қасым Аманжоловты атасақ, оның да «Өзім туралысымен» қазақ өлеңінің жаңа сападағы бағдарламасын жасап кеткенін көреміз. Ұлы идеялардың көбі аңызбен аяқталатынын ескерсек, ондай аңызды қазақ поэзиясындағы келесі бір мықты ақын Мұқағали Мақатаев қалыптастырды деуге болады. Бірақ Мағжан бастаған мықты ақындардың ешбірі де Есениндер мен Маяковскийлердің тағдырын қайта­ламапты. Демек өмірдегі былай тұрсын, өлеңдегі суицид те қазақ поэзиясына мүлдем жат деген сөз.

Ендеше осы бір жат ұғым қазақ топы­рағына қайдан келді деген сұрақ туады. Сонымен бірге көкейіңде ол жалғыз келді ме деген де күмән тұрады. Қазақ топырағында суицид деген дерт болмаған еді ғой деп айқай салғың келеді. Егер солай болғанның өзінде, ол қазақ поэзия­сында дәріптелмеген тақырып емес пе еді?!

Оның басты себебі, қазақ ақындары дін, діл, дәстүр үштағанының тұғырында нық тұрған тұлғалар болатын. Ал қазір сол тұғыр табанға тіреу болмай, тайып кеткендей ауада асылды да қалды. Бүгінгі замандас ақындардың біразының қолдан қайғы, жолдан тағдыр жасап, жалған пафосқа ұрынып жүргені содан ба деп ойлайсың.

Қазір қазақ поэзиясында қайғы тақырыбын Абайша талдап жазатын бес-алты ақын бар. Тыныштықбек Әбді­кәкімде образды талдау, Светқали Нұр­жанда эмоциональды талдау, Мейірхан Ақдәулетте психологиялық талдау, Серік Ақсұңқарұлында агрессивті талдау басым. Егер осылай жөнін тауып жазса, қайғы тақырыбы ақындар үшін балдан тәтті емес пе?!

Жоқ, қазір шын қайғының орнын жалған пафос басқан. «Қайғы жоқ болса, ақындар оны өздері іздеп табады» деген цитата да табыла кеткен. Оны қандай даныш­пан айтса да, Абайдың «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» дегеніне мүлдем қайшы!

Ойда-қырда қазақ поэзиясына деген махаббатымызбен бірге, алаңдаушы­лығымыз барын да осыдан білерсіз. Өңгесін қайдам, өзін қарғайтын өлең жазған ақынды көргенде, көптен көкейде жүрген күдігіміз тіптен ұлғая түсті. Біз­діңше бұл да жалған пафос, ал ұлт ақын­дары жазатын шындық мүлдем басқа!

Есениннің мықты екенінде дау жоқ, бірақ біз үшін Мағжан одан да мықты. Біздіңше, қазақ өлеңі өз платформасына қайта оралмаса, осы адасқаны адасқан. Өз­генің бишігінде билегендей түпсіз қай­ғыға батып, жаппай солықтауға бой алдыру қазақ өлеңінің табиғатына мүлдем жат!

Қанша технология дамыған заман десек те, поэзия қазақта оқырманы мен тыңдарманы ең көп жанр болғанын ұмытпасақ етті. Өлеңге оқырманды қайта оралту үшін де жаңа талқы, соны талдау, қала берді ұлт әдебиетіне негізделген тың теория керек дер едік. Әйтпесе:

«Теория, сен шындықты ашпасаң, Поэзия, мен сенімен қоштасам. Ақын­дарың неге керек аш, масаң, Шындығыңды жыр етпейтін ешқашан!»...

Соңғы шумақ үшін туған әдебие­тіміздің шын жанкүйері ретінде қазақ өлеңінің туын ұстаған ақындарымыздан кешірім өтінем! Біздікі де ұстаған туың биік болсын деген сөз, басқа түк те емес!

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК