Ұлттық театрдың туған күні төңірегінде талас күні бүгінге дейін толастамай келе жатса да, театрдың туған күні Жүсіпбек Аймауытовтың режиссерлігімен Семейде сахналанған «Біржан – Сара» айтысынан бастау алатыны туралы аға буын өнер зерттеушілері Бағыбек Құндақбайұлы мен Әшірбек Сығай айтып та, жазып та өтті. Ақпан айына дәлме-дәл келетін осы атаулы күнмен театр өнеріне байланысты игі шаралардың молынан атқарылып жататыны да сондықтан болса керек. Бір басынан бірде өркендеу кезеңін, бірде құлдырау шағын өткеріп келе жатқан ұлттық драма театрларының шығармашылық жағдайын сүзгіден өткізіп, жетістігі мен кемшілігін қатар саралап отырған Қазақстан Театр сыншылары бірлестігі төрт жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Айтулы күннің аясында театр сыншылары бас қосып, былтырғы театр фестивальдерінің ерекшеліктері, сахналық қойылымдардың көркемдік сапасы туралы сөз қозғап, бүгінгі қазақ театр режиссурасындағы ізденістер мен іркілістер туралы келелі әңгіме өрістеткен еді.
Облыстық театрлар режиссурасы сын көтермейді
– Театр – тірі ағза, ойландыратын орын. Сан ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтпай келе жатқан өнер түрі болуымен құнды. Бүгінгі театр өнімінің сапасы қандай? Театр режиссурасында жаңалық бар ма?
Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:
– Былтырғы мониторинг нәтижесіне сүйенсек, дәл қазіргі кезде Қазақстан театрларында жүзден астам режиссер (аға, орта, жас буын) жұмыс істеп жатыр. Бұл өзіміздің қазақстандық режиссерлер, бұған алыс-жақын шетелдерден шақырылған режиссерлерді қосып отырған жоқпыз. Негізінде режиссурадағы жаңалық деген қиын мәселе. Өйткені тың шешімнен ғана жаңалық туындайды. Егер бүгінгі режиссураға осы көзқарас тұрғысынан қарайтын болсақ, қазіргі заманның бағыт-бағдарына, көрерменнің эстетикалық талғамына, рухани сұранысына байланысты режиссерлердің барлығы бірдей жаңа ізденістерге барып жатыр деп айта алмаймыз. Әсіресе көптеген облыстық театрдың режиссурасы сын көтермейтін дәрежеде екендігін жасыра алмаймыз. Олардың спектакльдері бұрынғы келмеске кетіп бара жатқан театрдың шылауында қалып тұр. Дәлірек айтқанда, шығармадан тыс, пьесаның ерекшелігінен бөлек режиссерлік шешімдереге бара алмай отыр. Ал режиссурадағы екінші бағыт – спектакльдерді заманауи әдістермен қою. Мұндай режиссура реализмнен гөрі, спектакльді шарттылыққа құрып ойнау үрдісінің физикалық, когнитивті әдістеріне сүйенеді. Еуропада жүргізіліп жатқан әртүрлі режиссерлік эксперименттік және лабораториялық жұмыстарды көре отырып, батыл ізденістерін жалғастырып жүрген Д.Жұмабайдың, Е.Нұрсұлтанның, Ф.Молдағалидың, А.Салбанның, Р.Махатаевтың, Г.Адайдың, Ә.Өмірбекұлының, Ұ.Қарыпбаевтың спектакльдерінен әлемдік театр өнерінде болып жатқан тың жаңалықтардың әсері байқалады.
Ең жас буын режиссерлердің ішінен Рача Махатаевтың жұмыстарын айрықша атап өтуге болады. Бүгінгі театр мәдениетімен қойылған оның спектакльдері шарттылыққа құрылып, актерлерден қысқа ғана уақыттың ішінде өз бейнелерін толыққанды әрі түсінікті етіп жеткізуге бағытталуымен ерекшеленеді. Ол қойылымның көркемдік кілтін, пластикалық формасын, бейнелік шешімін табумен бірге актерлерді бүгінгі жаңа тәсілдермен ойнатуға күшін салып жүр.
Келесі жас режиссеріміз Әлібек Өмірбекұлы қазақ театр сахнасына мүлде басқа постмодернистік театр эстетикасын алып келді. Оның спектакльдері визуальді метафораларымен, символдарымен, семиотикалық белгілерімен бүгінгі қоғамда орын алып отырған мәселелерді өткір театрлық тілмен айта алуымен дараланады.
Қорыта айтқанда, қазіргі технология жетістіктерін пайдалана отырып, бүгінгі көрерменге пьесалардың бай мазмұнын, ішкі сырын, сөз құдіретінің қасиетін, ұлттық мінез ерекшеліктерін қаймағын бұзбай көрсету режиссерлеріміздің басты міндетіне айналуы керек.
Шығармашылық одақтар өз қазанында қайнап, қауқарсыздық танытып отыр
– Бүгінгі драматургия туралы пікір әрқилы, бірі оны «дамыған» деп әспеттейді, бірі «жоқ» деп даурығады. Шын мәнінде, драматургия заман талабына жауап бере ме, жақсы драматург қандай болуы керек?
Аманкелді МҰҚАН,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі:
– Драматургия бір сәтте, бір жылда жазыла салатын жеңіл жанр емес. Сондықтан өткен бір жыл емес, бірер жылдың төңірегіндегі маңызды оқиғаға назар аудару қажет. Ол алдымен ел Тәуелсіздігінің – 30 жылдығы, жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, ұлы Абай Құнанбаевтың – 175, М.Әуезовтің –125 жылдығы тағы басқа да тарихи тұлғалардың есімдері атап өтілді. Осындай танымал тұлғалардың мерейтойы тұсында қазақ театр репертуары мен драматургиясында қандай жаңалық болатыны да алдын ала белгілі. Алдымен тілге оралатыны Жамбыл, Әлихан, Абайдың, Мұхтар, Әміре, Темірбектің, т.б. танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына терең үңіліп, оларды жаңаша оқуға, соны қырынан ашуға талпыныстың болуы үйреншікті жайт. Солай болды да. Отандық драматургиядағы бұрыннан бар бұл үдеріс, бүгінгі қазақ драматургиясында жалғасуда. Бұл тарихи-танымдық, тұлға-танымдық маңызды тақырыптар кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында «жариялық заманнан» бастау алатын үдерістің жалғастығы. Олар Тәуелсіздік кезеңінде жаңаша көзқарас, жаңа деректермен толығып, Кеңестік дәуірдің билігі екіге бөліп тастаған қазақ зиялылары мен танымал қоғам қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы, тәуелсіздік үшін күрес жолы қайта жаңғыру үдерісі жалғасын тауып жатыр.
Екіншіден, өткен 2022 жыл ел Президентінің бастамасымен Балалар жылы болып жариялануына байланысты елімізде балалар театрының репертуарына назар аударылды. Барлық іс-шара нәтижелі болды деп айта алмаймыз. Бір ерекше атап өтетін жайт, Т.Ахтанов атындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамытуға арнап ұйымдастырған Ақтөбе облысы әкімдігінің І Республикалық үздік драматургия байқауы болды (04.10.2022). Балалар репертуарының қажетін өтеуге арналған мұндай арнайы жазылатын пьесаларға конкурстар тұрақты өткізіліп тұруы керек. Әртүрлі жастағы балалар аудиториясына қажетті пьесалардың жазылуына ерекше мән берілуі қажеттігін баса айтамыз.
Үшіншіден, еліміз драматургиясын дамытуда соны күш алған бағыт – бұл жас драматургтердің пайда болуы және олардың «жаңа драма» жасау жолындағы ізденістерінің жеміс бере бастауы. Бұл бағытта жетістігіміз көп деп айта алмасақ та сең қозғалды, авторлар театрмен қалай жұмыс істеуді, қандай тақырыптарды көтеруді, бүгінгі көременнің сұранысы мен қажетіне жарайтын пьеса жазуды білді. «Drama.kz» жаңа драма фестивалі біздің жастармыздың шығармашылығына жаңа үн, өзіндік бағыт-бағдар беріп келеді. Қазақ тілді драматургтер қатарына қосылып жатқан батыл жастар туралы айтпай кете алмаймыз. Олар: Әлішер Рахат, Жәнібек Әлкен, Айнұр Кәрім, Нұрайна Сәтпаева, Малика Илахунова, Ольга Малышева, Айдана Аламан, Мия Әлқожа және т.б. Келешекте ұлт театрының драматургия көшін бастайтын да осы жастар болмақ.
Көрерменге электронды билет сататын Тикетон жүйесінің есебінше елімізде жұмыс істейтін театрлар саны 73 деген дерек беріпті. Міне, осыншама театрдың репертуарының азығы болар пьесалар көптеп жазылу керек. Ол қажеттілік, заңдылық. Қазақ театрының ұлт драматургиясын өркендету арқылы айтары әлі алда. Бізде театрлардың басым бөлігін облыстық театрлар құрайды. Сол өңірлерде сапалы пьесаның жазылуына назар аударуымыз керек. Жазылған пьеса тек бір өңірдің, бір тайпа мен атаның атын ғана жалаулатып тар шеңберде қалып қоймай, барша қазақ театры үшін қызықты, кез келген өңірдің театры қоятындай дүние тудыру үшін еңбектену керек.
Тәуелсіз қазақ театрының шығармашылық ісін жүргізуде, репертуарлық театр жүйесінде кеңестік дәуірдегі үлгі тұтастай сақталып отырғандықтан, біз оның заманға сай тетіктерін әліге дейін жасай алмадық. Орталықтан басқарылу, драматургияны дамытуға репертуарлық кеңестің жұмысын, драма, опера, балет, халық театрлары жүйесі бар да, оның «шикізатын, азығын» өздерің тауып алыңдар деген сыңайлы. Осыған орай мынандай ұсыныстар айтамын:
Драматургия дегеніміз жеке қаламгердің жазып тастаған пьесасымен бітетін шаруа емес. Әуезовше айтсақ, пьеса театр репертуарының «шикізаты, азығы». Пьеса жазылуы үлкен, ұзақ, жүйкені тоздыратын жұмыстың тек бастамасы. Негізгі жұмыс театр репертуарына қабылданып, режиссер, актер, көркемдік кеңес сүзгісінен өтіп көрерменіне жеткенде барып соңғы нүкте қойылады. Драматургтер еңбегіне сай қаламақысын аға буын драматургтердей алуы керек. Тегін шығармашылықпен айналысу бүгінгідей сананы нарық билеген заманда далақтап бос шапқанның өнімсіз ісі. Олардың театрдағы орны мен рөлін көтеруге байланысты жұмыстар жүргізілуі керек. Театрларымыздың басшылары автордан үнемдеудің түрлі жолдарын біледі. Тағы да авторды театр басшыларына тәуелді ету бұл саланы алға бастырмайды. Өткен жылдың 16-22 мамыр аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бірлесіп ұйымдастыруымен Халықаралық «Rejisser. Dramaturg. START-2022» режиссерлік лабораториялық жобасы өтті. «R.D.S» жас режиссерлер мен драматургтердің шығармашылық байланысын нығайту, олардың заманға сай идеялары мен жаңаша көзқарасын қалыптастыру және қазақ театр саласында жаңа драмалық шығармалар мен драматургтердің артуына себепкер болуды көздейді. Міне, осындай іс-шаралар пьеса жазуға талпынатын жастар үшін де тосырқамайтын, үйреншікті, қалыпты жай болғаны керек. Театр мен режиссердің драматургсіз кейпін қанаты жоқ құсқа ұқсаттым. Режиссер мен театрды драматургке жақындату үшін белсенділік танытарлық арнайы іс-шаралар өткізу қолға алынуы керек.Одақтар арасында шығармашылық қатынас орнату және белсенді жұмыс істеу шаралары қолға алынбай бүгінде елімізде бар театрлардың жаңа шығармаларға деген сұранысы өтелмек емес. Әр шығармашылық Одақ өз қазанында қайнап, толыққанды өнім беруге келгенде қауқарсыздық танытуда. Опера, мюзикл, балет жазғысы келетін композиторлар одағы бар, либретто жазатын авторымыз жоқ деп ауызды қу шөппен сүртеді. Моно, деректі, инклюзивті, т.б. театрлар жасағысы келетін жас режиссерлеріміз толып жүр, ойласып, соларға серік болатын автор драматургтер тапшы. Қазіргідей күрделі кезеңде халықтың көңілін көтеретін, ой салатын жақсы комедия қойғысы келетіндерін айтып театрлар мен режиссерлердің көпшілігі өтініш жасайды. Шығармашылық одақтардың жұмысына жан бітіретіндей мүмкіндіктер мол. Демек, театр қайраткерлері, композиторлар, киногерлер, суретшілер, т.б. одақтарын жұмылдырып, жаңа бастамамен бірге жұмыс істеу қажет. Осындай бастама көтеріп ортақ атқарар жұмыстар бағытын айқындап, бірге еңбектенетін болсақ, бұл – жұмысты әртараптандырып әрі түрлендіріп жіберер еді.
Аударма пьесалар көбейіп барады
– Дөңгелек үстел басында репертуар мәселесі жақсы талқыланып жатыр. Театр репертуарында аударма спектакльдердің көп болуы нені білдіреді? Бұл отандық драматургияның осалдығы ма, әлде классиканы өлтірмеудің ұтымды жолы ма?
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:
– Репертуар – театр айнасы дейміз. Яғни сол айнаға қарап театр өнерінің қай кезеңдегі болсын деңгейін аңғаруға мүмкіндік мол. Өткен, 2022 жылғы еліміздегі театрлардың сахнасына шыққан қойылымдарды саралағанда ең алдымен көзге түскені Мұхтар Әуезов шығармаларының басымдығы болды. «Қарагөз» (төрт театрда қойылған), «Айман – Шолпан», «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Көксерек» (екі театрда қойылған) сияқты бірнеше шығармасының сахнаға шығу себебі жазушының 125 жылдық мерейтойына байланысты еді. Сол сияқты У.Шекспир, Н.В.Гоголь драматургиясы да бір жылдың ішінде бірнеше театрдың репертуарын толықтырған. Бір ғана Тотал театрында Елена Локшинаның бес бірдей пьесасы көрерменге жол тартыпты. Ғ.Мүсірепов, А.Чехов, А.Островский, Д.Исабеков, Қ.Бегмановтардың пьесалары көптеген театрдың сахнасынан орын алған. Қазіргі таңда көптің көкейінде жүрген Алаш қайраткерлерінің көркемдік бейнесінің А.Байтұрсынұлының «Не жазып ем...», А.Шаяхметтің «Ахмет», А.Тасымбековтің «АЛЖИР», Ө.Ахметтің «Алаштың Ахметі» пьесаларында көрініс табуы қуантады. Мұның барлығы еліміздегі театрлардың жан-жақты ізденіс үстінде екендігін байқатады.
Дегенмен осы орайда ойланатын, ойландыратын мәселелердің барын жасыра алмаймыз. Ең алдымен айтарымыз, қазақ театрларында аударма пьесалардың тым көптігі. Бұл дәл қазіргі уақытта қазақ драматургиясының халін аңғартып тұр емес пе? Бір ғана Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бір жылдағы премьераларының (Г.Лорка, У.Шекспир, Б.Абдурразаков, М.Супонин, Ж.Ануй) барлығының да аударма шығармалар болуының өзі репертуарлық саясатқа нұқсан келтірмей ме? Мұндай мысал көп-ақ: Т.Ахтанов атындағы, Қ.Қуанышбаев атындағы, Ә.Мәмбетов атындағы, Ш.Құсайынов атындағы, С.Мұқанов атындағы, Астана қаласындағы музыкалық жас көрермен театрлары, т.б. Әрине аударма пьесалардың әрбір театрдың репертуарында болуы қажеттігін жоққа шығармаймыз. Мұндай дүниелер шығармашылық ұжымның танымын кеңейтіп, қиял өрісін дамытады. Бұл жерде аударма спектакльдердің пайыздық көрсеткішінің тым басымдығын айтып отырмыз.
Тағы бір айта кетерлігі, ұлттық және аударма классикалық пьесалардың қайталанып қойылуы таптаурындылыққа, қайталауға алып келетін жол деп білеміз. Нақтысын айтқанда, замандастардың өмір-тағдырын, бүгінгі қоғамда да, адам өмірінде де орын алып жатқан сан мыңдаған мәселені қозғайтын тың дүниелердің жоқтығы У.Шекспирдің, Г.Хугаевтың, А.Цагарелидің, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С.Ахмадтың, тағы басқа драматургтердің шығармаларын қайталап қоюға алып келіп отыр. Сол сияқты бізде бір автордың тек қана бір шығармасын жүздеген жыл бойы сахналау дәстүрі бар. Неге М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, К.Гольдонидің, К.Гоциидің, Г.Ибсеннің және т.б. драматургтердің сахналану дәстүрі қалыптаспаған өзге шығармаларын жарыққа шығармасқа деген ойымыз бар. Бұл ұжымдардың ізденісін одан әрі арттырып, көрерменге жаңа көзқарас, жаңа эстетикалық ләззат сыйлар еді.
Актерлік өнер ақсап тұр
– Сахнада кейіпкер образы ашылмаса, режиссер еңбегінің далаға кеткені. Сахнаның темірқазығы – актер. Ал бүгінгі актерлердің ішінде сенімсіз, жасанды, нашар ойнайтындары көп. Бұл кімнің кінәсі – даярлаған ұстаздың ба, жұмысқа қабылдаған директордың ба?
Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты:
– Қазақстан театр сыншылары бірлестігі ұйымдастырған «Сыншылар жүлдесі» еліміздің сахна өнерінде бір жылдың ішінде өткен мәдени үдерісті жан-жақты саралауымен маңызды және қажетті. Бұл іс-шара театр мамандарының бір жылда жеткен жетістігі мен іркілістерін сандық және сапалық деңгейде саралауға мол мүмкіндік береді. Театр сыншылары келіп түскен ұсыныстарды қарастыра отырып, көрген спектакльдерімізді талдауға алдық. Сол кезде бірқатар қиындық болғаны рас. Әсіресе «Жыл актері», «Жыл актрисасы», «Эпизодтық рөлдегі жыл актері», «Эпизодтық рөлдегі жыл актрисасы», «Екінші пландағы жыл актері», «Екінші пландағы жыл актрисасы», «Үздік актерлік дуэт», «Жыл қуыршақ актері» аталымдарына жеңімпаздарды анықтағанда көп қиналдық. Бұл, біріншіден, театр тілінің жаңаруымен, сахналық өнердің даму контестімен байланысты болып отыр. Мәселен, көптеген спектакльде бас қаһармандар режиссер тұжырымдамасына сай трансформацияға ұшырап кетеді. Бір спектакльде бір кейіпкерді бірнеше актер бөліп ойнайтын да жағдайлар өте көп. Басқаша айтсақ, актерлік өнер күрделі театрлық дискурстың бір элементі ретінде ғана қабылданады. Ол мультимедиамен, музыкамен, сценографиямен жарысқа түсіп, жетекшілік рөлін әлсіреткен. Бір спектакльдің барысында толыққанды жасалған актерлік бейнелерді көру қиындық туғызады. Осының салдарынан актерлік өнерге қатысты аталымдар бойынша лайықты үміткерлерді анықтауда көп талас-тартыс орын алды.
Кейіпкер бейнесін жасауда актерлік ізденістер жоқ емес. Көп өнерпазымыз қарым-қабілеті жеткенше еңбектеніп жүр. Дегенмен өткізіліп жатқан көптеген фестивальда, премьераларда актерлік өнердің ақсап жатқанын көруге мәжбүрміз. Ұлттық, шетелдік классика дейсіз бе, заманауи драматургия болсын көз тоқтатып, жаныңыз сүйсінетін әйел бейнесін табу аса қиын. Фактурасы мен сыртқы пішіні сұлу болса, дауыс-үні жағымсыз болып шығады. Үні әсем бола қалса, сырт тұлғасы келіссіз екенін байқайсыз. Қарагөзді, Ақбаланы, Баян мен Еңлікті, Корделияны, т.б. бейнесін сомдайтын көркі мен парасаты, таланты мен талабы қатар жүретін жас актрисаларды әлі де күтіп жүрміз. Осы тақылеттес ойды актерлерімізге де қарата айтсақ, артық емес. Актерлік өнердің бүгінгі тынысы «бірі кем дүние» деген теңеуге қатты ұқсап-ақ тұр.
Жарқын мінезді жас толқын келді
– Сания ханым, сіз түрлі театр байқауларында қазылар алқасының құрамында төрелік жасауға жиі шақырыласыз. Қандай спектакльдерді ерекше атап өтер едіңіз?
Сания ҚАБДИЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:
– 2022 жылы көрнекті актриса Ш.Жандарбекованың 100 жылдығына арналған 28-республикалық театр фестивалі Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының жаңа, әдемі ғимаратында өткізілді. Фестиваль өзінің кәсіби жоғары деңгейімен тәнті етті. Ф.Молдағали, А.Салбан, Д.Жұмабева, Р.Махатаев, Ұ.Қарыпбаев сынды жас режиссерлер қызық қойылымдарымен өздерін айқын да жарқын көрсете алды.
Олар өз спектакльдерінде күрделі де маңызды тақырыптарды көтерді. Фестивальдың «Үздік спектаклі» атанған режиссер Ф.Молдағалидың «Алтайдан ауған ел» – бүгінгі қазақтың өзін-өзі тануда маңызы зор. Алтайдан амалсыздан шетелдерге ауған қазақтардың трагедиясы режиссердің терең шешімінде және сахналық көріністе нағыз эпикалық шығарма болып көрінді. Спектакль бейнелі мизансценаларға, әсерлі эпизодтарға, қызықты режиссерлік шешімдерге толы болды.
Шағын формадағы үздік спектакль Қазақстанға жақсы танымал жас режиссер Р.Махатаевтың режиссурасымен М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрының (Астана) сахнасында қойылған «Найзағай» болды дер едім. Ресей Мемлекеттік сахна өнері институтын А.Праудин шеберханасынан бітірген режиссер Қазақстанда он шақты спектакль қойған. Ол әрбір спектаклінде актерлермен, мәтінмен, рөлмен жұмыс істей алатынын көрсетті. Біздің бүгінгі Қазақстан режиссурасына осындай шеберлер жетпей тұр. Р.Махатаев қойылымдары режиссерлік терең ойларымен, өзіндік тұжырымдарымен, көркемдік стильді сезінуімен, мінездерді жеке талдауымен, кеңістікпен және дыбыспен жұмыс істей алуымен ерекшеленеді.
«Үздік режиссер» сыйлығын «Текебұрқақ» қойылымы үшін А.Салбан алды. Бұл өзекті спектакль бүгінгі қоғамға аяусыз сатиралық көзқарасымен, режиссерлік өткір гротескісімен және актерлердің пластикалық айқындылығымен дараланды. Газеттік формат бағдарламадағы әрбір қойылымға кеңінен тоқталуға мүмкіндік бермейді. Соған қарамастан «Те-ART-Көкше» IV фестивалінде көрсетілген М.Әуезовтің «Көксерегін» айрықша атап өткім келеді. Жас татар режиссері Т.Куловпен жаңа буын талантты қазақ актерлері АОРДТ (Көкшетау) таңғажайып спектакль жасады. Олар мамандықты керемет игергенін, музыкалы, пластикалы, ең бастысы уақытты нәзік те нақты сезіне алатынын көрсетті.
Жүлдеге жаңа көзқарас керек
– Барлық театр фестивальдары мен өнер бәсекесінің түпкі мақсаты – жүлде мен жеңіс. Осы жүлде белгілеу форматына бір өзгеріс жасайтын уақыт жеткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Анар ЕРКЕБАЙ,
өнертану кандидаты:
– Өткен жылдың желтоқсан айында Театр сыншыларының бірлестігі 2022 жылы сахналанған қойылымдардың жетістіктерін саралай келе, өздері көрген дүниелерге кәсіби талдау жүргізіп, режиссура, актерлік өнер, сценографиясы мен музыкалық көркемделуіне, хореографиясына баға бере отырып, үздіктерін анықтап, марапаттады. «Сыншылар жүлдесінде» тек бір күнтізбелік жылда қойылған спектакльдер қарастырылып, нәтиже шығарылады. Театрдың тарихын жазып қалдыратын театртанушылар болғандықтан, болашақта бұл жүлде арқылы еліміздің театр шежіресін қалыптастырсақ, бүгінгі таңда көрермен мен кәсіби мамандарға қазіргі еліміздегі театр өмірінің бағыт-бағдарының қандай жолмен, қай деңгейде дамып келе жатқанын да көрсетіп отырмыз.
Бұл іс-шараны төртінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Сонымен қатар біз осы жүлдеге жаңа көз-қараспен келдік деп баса айтқым келіп тұр. Елімізде өтетін фестивальдарға қатысатын әр театр бір аталымды алып, ауылына қайту – әдетке айналған құбылыс. «Сыншылар жүлдесі» бұл қағиданы бұзып отыр. Сондықтан да көрген спектакліміздің барлығы дерлік жүлдеге үміткер бола алмады. Керісінше, бір спектакль бірнеше аталымға ілікті.
Осы жылы «Сыншылар жүлдесі» 29 аталымнан тұрды. Сараптаманы еліміздегі барлық театрға жібердік. Осы жылы сауалды жіберген 70 театрдың 59-ы жауап қайтарды. 59 театрда 2022 күнтізбелік жыл көлемінде 257 премьера өтіпті, театр сыншылары солардың 112 спектаклін өз көзімен көрген. Әлемдік театр сыншыларының жазылмаған заңы бар – өз көзіңмен көрмеген спектакль туралы пікір айтпау. Біз де сол қағиданы ұстанып отырмыз. Әрине, бүгінгі цифрланып жатқан дәуірде Қазақстан театрлары да қойылымдарын видеоға түсіріп отыр. Бірақ, сапалық жағын айтпағанда, бейнеқойылымның атмосферасы мен тек тірі адамның ағзасына тән «кең бұрышты» объективті оптикасының арқасында көзге түсетін ірі пландар, мағыналық, семантикалық әсері толық жетпейді.
Әрине, жүлде жүрген жерде қуанатындардың да, ренжитіндердің де болатыны заңдылық. Театр сыншыларының барлығы Алматы мен Астана қалаларында шоғырланғандықтан, біз көрген премьералардың дені осы қалалардағы ұжымдардікі болды. Облыстық театрлардағы жаңа қойылымдарды жол түсіп барған кезде ғана, сонымен қатар осы жылы үлкен үзілістен кейін Астанада өткен республикалық театр фестиваліне жаңа қойылымдардың қатысуы да біз үшін азық болды. Қазіргі таңда Б.Римова атындағы, Н.Бекежанов атындағы, Н.Жантөрин атындағы, Ж.Аймауытов атындағы, С.Мұқанов атындағы театрлар сыншыларымен қоян-қолтық жұмыс істеп, премьераларына ресми шақырып, оларға талдау жасатып отыр.
Төрт жыл қатарынан жүргізген мониторинг бізге де театрлардың шығармашылық жағдайынан хабар берсе, ұжымдар үшін де өте пайдалы болып отыр деп есептейміз. Сауалнамаға қатысып отырғанның барлығы мемлекеттік театрлар. Әрине, олардың жыл сайын министрлікке, облыс, қала әкімдіктеріне есеп тапсырып отыратыны белгілі. Бірақ сол есептердің нәтижесі көбінесе өз мекемелерінен аспайды, сайттарына ілінген күннің өзінде сол облыстың көлемінде ғана қаралады. Бүгінгі қоғамда экономиканы басқару механизмінде статистиканың орны бөлек болып отырғанын баршамыз көріп отырмыз.
Мәселен, жоғарыда айтып кеткендей, 2022 жылы 257 премьераны 159 режиссер, оның ішінде 25 шетелден шақыртылған мамандар қойыпты. Сол 257 премьераның сахналық сценографиясын жасаған 109 суретші, оның ішінде 11 шетелден шақыртылған және 72 хореограф биін қойған екен. Яғни театрда кәсіби мамандардың саны арта түскенін байқап отырмыз. Сондай-ақ мониторинг арқасында бір емес, бірнеше театрда спектакльді сахнаға шығарып жүрген үлкен сұранысқа ие режиссер, сценограф, хореографтарды анықтауға мүмкіндік берді. Жоғарыда айтып кеткен 159 режиссердің тең жартысы бір жылдың ішінде тек бір қойылымды ғана сахналағанын да көріп отырмыз. Осындай мәліметтердің барлығы бізді де, театрды да ойландырып, келесі жылға жоспарларды дұрыс құруға мүмкіндік береді деп есептейміз.
Дәл сондай, мониторингтің арқасында театрлардың менеджерлік саясаты, БАҚ-пен жұмысы, гастрольдік іссапарлары мен фестивальдарға қатысуы, қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралары айнадағыдай көрінеді. Спектакльдердің қойылу көрсеткіші, көрерменнің сұранысы да ұжымдардың шығармашылық деңгейін көрсетеді. Театр сыншыларының бірлестігі ақысыз, еш қаражатсыз осындай үлкен жұмыс атқарып жатқанын айтқымыз келеді. Сондықтан да еліміздің театр ұжымдарына бірлесіп жұмыс атқарайық, жобалар жасайық, ақылдасайық деген ниетімізді білдіреміз.
– Бүгінгі ұлттық театр өнерінің қайда бағыт алып бара жатқанын біліп отыру үшін осы тектес дөңгелек үстелдердің ұйымдастырылуы маңызды. Театр сыншыларының бас біріктіріп, сахна өнері төңірегінде топтасқан мәселеге мән беріп, ашып көрсетіп, пікір білдіргендеріңіз үшін рахмет.
Дайындаған
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ