Қазақ мұнайы Еуропа нарығына қарай белсенді жылжи бастады. Пайдалы қазбаның алғашқы партиясы ресейлік «Транснефть» магистральді мұнай құбыры жүйесіне айдалып, транзитпен Польшадағы «Адамова застава» тапсыру пункті бағытына жөнелтілді. Осы бағыттың соңғы нүктесі – Германиядағы негізгі мұнай өңдеу зауыттары.
Ұзақмерзімді келісімшарт аяқталғаннан кейін неміс тұтынушылары Ресей сатылымын тоқтатып, «Дружба» құбыр жүйесі арқылы жеткізілетін Қазақстан мұнай импортына келісімшарт жасасты. Еліміздің магистральді мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы «ҚазТрансОйл» хабарлағандай, бірінші партияның көлемі 20 мың тоннаны құрады. Оған өткен жылдың қыркүйегінде тапсырыс берілген болатын. Мұнай немістің Шведт қаласындағы бұрын Ресейдің «Роснефть» компаниясына тиесілі болған РСК мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) жол тартты. Сөйтіп, биыл «Роснефть» басқармасынан шығарылған неміс МӨЗ-індегі тұтыну көлемінің 10%-ы берілмек. Жалпы, «ҚазТрансОйл» 2023 жылға «Транснефть» жүйесінде 1,2 млн тоннаны, оның ішінде бірінші тоқсанға 300 мың тоннаны резервке қойған. Мұнайдың бұл транзиті Қазақстан мен Ресей үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы тиісті келісім шеңберінде жүзеге асырылады.
Қазақстаннан Германияға Қарашығанақ кен орнынан алынған KEBCO Blend сортының мұнайы жіберіліп жатыр. Ал бұл кәсіпорынды «ҚазМұнайГазбен» қатар, италиялық Eni, америкалық Chevron және ресейлік «Лукойл» басқаратыны белгілі
Негізі Еуропалық одақ санкциясының тізіміне теңіз арқылы келетін Ресей мұнайына салынған эмбарго да кіреді және Венгрия, Чехия немесе Словакия сияқты теңізге шыға алмайтын елдерге құбыр арқылы келетін мұнай үшін ерекше жағдай қарастырылған. Германия билігі Ресей мұнайының импортын тоқтатқаннан кейін балама жеткізушіні іздей бастады. Осылайша, Қазақстан «Дружба» құбыры арқылы Германияға алғашқы жеткізілімін бастап, неміс МӨЗ-індегі ресейлік мұнайды алмастырды. Сонымен қатар Ресей Польшаға мұнай жеткізуді тоқтатты. РФ билігі «Татнефтьке» польшалық PKN Orlen мұнай компаниясымен келісімшартты жалғастыруға рұқсат бермей, экспорттық кестеге өзгерістер енгізді. Сөйтіп, Ресей мұнайын «Дружба» құбырының солтүстік тармағы арқылы Еуропаға жөнелту толығымен тоқтады, бірақ Оңтүстік тармақ бойынша олар әлі де Словакия мен Венгрияға жеткізіліп жатыр.
Жуырда Orlen поляк мұнай компаниясының басшысы Даниэль Обайтек Ресей «Татнефть» пен Orlen арасындағы 2024 жылдың желтоқсанына дейін қолданыстағы келісімшартына қарамастан, Польшаға «Дружба» мұнай құбыры арқылы жеткізілімді тоқтатқанын мәлімдеді. Ол бойынша поляк компаниясы айына 200 мың тонна мұнай алуы керек болған. Мұны «Транснефтьте» Энергетика министрлігі бекіткен экспорттық кестеде тиісті маршруттық тапсырмалар мен бұл бағыт жоқ деп түсіндірді. Компания ақпаратына қарағанда, поляк мұнай өңдеу зауыттарына мұнай үшін расталған ресурсымен және транзитке ақы төлеумен маршруттық тапсырмалар ресімделмеген. Сонымен қатар кестеге поляк тұтынушыларына жеткізілімдерді болдырмайтын жедел өзгерістер енгізілген. Әрине, бұл мәселенің мәнісін нақты анықтау қиын. «Дружба» арқылы тасымал кестесінің өзгеруін кейбір ресейлік сарапшылар ақпан айының соңында Польшаның Украинаға Leopard танктерін беруімен байланыстырады. Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің сарапшысы Игорь Юшков өткен жылы Польша Украина қарулы күштері (УҚК) үшін ең ірі отын жеткізуші болды деп мәлімдеді. Айтуынша, Польшаның өзі Ресейден Еуропаға құбыр жеткізілімдерін тоқтатуды талап етіп, Ресей мұнайын тұтынудан бас тартуға ниетті екенін білдірген. Сондай-ақ Польша тарапы жеткізілім көлемі импортталған көмірсутектердің оннан бір бөлігін ғана құрайды және бұл мұнайды ауыстыру қиын болмайды деген қорытындыға келіпті. Бұл көлемнің едәуір бөлігі Ресей арқылы Балтық жағалауында ауыстырып тиеумен Қазақстаннан келуі ықтимал. Жыл сайын Атырау ‒ Самара мұнай құбыры арқылы 10 млн тоннаға жуық қазақстандық мұнай Усть-Луга портына келеді.
РФ-ға қарсы жасалған санкциялар аясында қазақстандық мұнай Ресейге балама болуы керек. Германияға мұнай жеткізуге қатысты барлық іс-әрекеттер осы елдің билігінің немістерге ресейлік мұнайды басқа көздермен алмастыру жөніндегі күш-жігерін көрсетуге арналған пиар-науқаны деген пікір де айтылып жүр. Бұл ретте блендинг ЕО-ға және басқа тұтынушыларға Ресей мұнайын жеткізудегі шектеулерді айналып өту үшін қажет. Егер қазақстандық және ресейлік мұнай 51%-дан 49%-ға дейінгі арақатынаста араласатын болса, бұл қоспаның ресейлік шығу тегі болмайтынын білдіреді. Қазақстаннан Германияға Қарашығанақ кен орнынан алынған KEBCO Blend сортының мұнайы жіберіліп жатыр. Ал бұл кәсіпорынды «ҚазМұнайГазбен» қатар, италиялық Eni, америкалық Chevron және ресейлік «Лукойл» басқаратыны белгілі. Бұл ретте «Дружба» арқылы қазақ мұнайының кешігуіне қазақстандық кен орындарында өндірілгеніне қарамастан, Eni компаниясы өндірген мұнайды айдауға Ресейдің қарсылығы себеп болуы мүмкін деген де болжам айтылды.
Қарашығанақ мұнайының бір бөлігі бұрын Ресей арқылы оңтүстік бағытта да, солтүстік бағытта да экспортталған. И.Юшковтың айтуынша, қазақ мұнайы Ресей арқылы жылына 17 млн тоннаға дейін Усть-Луга және Новороссийск порттарына транзитпен өтеді.
«Теориялық тұрғыдан алғанда, қазақ мұнайымен «Дружба» нұсқасы Германияға ыңғайлы, өйткені ешкім қазақ шикізатын бөлек тасымалдамайды және ол шын мәнінде Германия үйреніп қалған Urals болады. Сондықтан МӨЗ-ді басқа арнаға бұрудың қажеті жоқ. Сондай-ақ «Дружба» бойынша жеткізілімдерді сақтау қажет, өйткені Росток портының қуаты барлық қажетті көлемді өтеуді жүзеге асыру үшін жеткіліксіз», дейді ол.
Украинадағы арнайы операцияны бастағанға дейін Ресейдің неміс мұнай импортындағы үлесі 34-35%-ды құраған. Мысалы, 2021 жылы BAFA (Экономика және экспорттық бақылау жөніндегі федералды департамент) мәліметтері бойынша Германия 81,4 миллион тонна мұнай импорттаса, оның 27,7 миллион тоннасын Ресей жеткізіп отырған. Мұндай жеткізілімдердің көп бөлігі «Дружба» мұнай құбырына түсіп, ол арқылы «қара алтын» тікелей бірнеше мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілген. Айта кететін мәселе, бұл зауыттар ресейлік Urals брендімен жұмыс істеуге маманданған. Былтыр германиялық Manager Magazin экономикалық журналы мамандарға сілтеме жасай отырып, мұнайдың басқа сорттарына ауысу техникалық қиындықтар туғызады, ұзақ уақыт алады және көп қаржы жұмсалатындықтан, бұл мұнай өңдеу зауыттарын тиімсіз етеді, деп хабарлады.
Сондай-ақ неміс МӨЗ-і қазір логистикалық қиындықтарға ұшырап отыр. Поляк билігі де Гданьск арқылы жеткізілімге кепілдік бермейді. Оған қоса Польшаның Orlen ұлттық энергетикалық концерні 2023 жылы кем дегенде 3 миллион шикізатты «Дружба» бойынша жеткізуге «Транснефтьке» өтінім берді. Басқаша айтқанда, Варшава тиісті шикізат көлемін сатып алатынын растап, экспорттық құбырға алдын-ала тапсырыс берді.
РСК МӨЗ-ге оралсақ, неміс-поляк шекарасына жақын орналасқан бұл өнеркәсіп алыбы Шығыс Германияның көп бөлігін, соның ішінде Берлин әуежайын мұнай өнімдерімен қамтамасыз етеді. Ол жылына 11,6 млн тонна мұнайды өңдеуге қауқарлы. Мәселен, Германия жылына 100 млн тоннаға жуық мұнай тұтынады. Біз шамамен 84-86 млн тонна өндірсек, оның 64-67 млн тоннасын экспортқа жібереміз. Яғни, өндірілетін мұнайдың барлық көлемін Германияға жөнелтсек те олардың қажеттіліктерін толық қанағаттандырмаймыз. Ресейдің өзі Германияға жылына шамамен 24-25 миллион тонна жеткізіп келгенін ескергенде, 20 мың тонна қазақстандық мұнай бұл МӨЗ үшін теңізге түскен тамшыдай.
Дегенмен Германия Қазақстан мұнайына өте мұқтаж. Бұл елдің лауазымды тұлғалары жеткізілім қауіпсіздігі, зауыттарының болашағы, сондай-ақ мыңдаған жұмысшыларының тағдыры үшін алаңдап, Қазақстанмен үнемі келіссөздер процесінде болғаны белгілі. Оған қоса, қазіргі уақытта қазақ мұнайынан тек Германия ғана емес, сонымен қатар Венгрия мен Словакия да үмітті. Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміз биыл Германияға экспорттауға жоспарланып отырған 1,5 млн тонна мұнайды 7 млн тоннаға дейін арттыра алатынын айтқан болатын. Тіпті, осы жылы республика мұнай өндіру көлемін 2022 жылғы 84,2 миллионнан 90,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге ниетті екенін де мәлім етті. Ал қазіргі біз ұсынып отырған көлем мұнай нарығында қалыптасқан жағдайға әсер етпейді. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық мұнайды Германияға жеткізуді нарық тіпті сезбейді, бұдан тек біздің жеткізілімдерді әртараптандыруды бастағанымыз ғана байқалады.
Германиядағы ресейлік көлемді «жабу» үшін қосымша 20-30 миллион тонна шикізат қажет болады. Ал отандық компаниялардың дәстүрлі серіктестеріне жеткізу, сондай-ақ өз мұнай өңдеу зауыттарымызды толықтыру бойынша міндеттемелері бар. Бұл ретте Румыниядағы екі МӨЗ де «ҚазМұнайГаздың» басқаруында екендігін ескеру керек. Нақтысын айтқанда, қазіргі кезде бізде Германияға жеткізу үшін мұнайдың қосымша бос көлемі жоқ.
«Теңізшевройл» компаниясы (ТШО) 2024 жылдың ортасында құны 45,2 млрд доллар болатын «Болашақ» кеңейту жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл мұнай өндірісін 12 млн тоннаға арттыруға, жылына 39 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба қазірдің өзінде 95% орындалды. 2021 жылы кен орнынан 26,6 млн тонна өндірілді. ТШО 2022 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша көрсеткіш 21,5 млн тоннаны құрағанын хабарлады. Сол секілді еліміздің бас энергетигі де өткен жылы Теңізде 29,2 млн тонна өндірілгенін айтты. Бірақ ТШО үшін экспорттың негізгі бағыты Каспий құбыр консорциумы (КҚК) болып қала береді. Өткен жылы Қазақстан барлығы 64,8 млн тонна мұнай экспорттаса, оның 81,2%-ы КҚК-ның үлесіне тиді.
Жуырда Reuters агенттігі: «Теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең ірі ел Қазақстан 2022 жылы Ресейді айналып өту бағыты арқылы мұнай экспортын ұлғайтты, бірақ әлі де Ресей тарапы арқылы жеткізу арналарына тәуелді», деп жазды. Агенттіктің жазуынша, дәстүрлі түрде Ресейдегі құбыр желісінен мұнай экспорты мәселесіне тәуелді Қазақстан 2022 жылы Ресей аумағы арқылы айдауды қысқартты. Ресей аумағынан өтпейтін қазақстандық мұнайдың басым бөлігі Қытайға әкелінді. Елден мұнай экспорты дәстүрлі түрде Ресей аумағы арқылы, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) құбыр жүйесі арқылы Новороссийскіге дейін жүрді.
Былтыр КҚК бірқатар кедергілерге тап болып, наурызда Новороссийск қаласындағы мұнайды танкерлерге жағадан едәуір қашықтықта жүктеуге мүмкіндік беретін үш айлақ құрылғыларының екеуінде шлангтардың зақымданғаны мәлім. Жабдық сәуір айының соңында жөнделді, бірақ Новороссийск соты КҚК өндірістік нысандарындағы экологиялық бұзушылықтарға байланысты оның қызметін 30 тәулікке тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Тыйым салу мен сот процесі аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайдың экспорттық жеткізілімдерін әртараптандыруға шақырды. Ол «ҚазМұнайГазға» мұнай экспорты үшін Транскаспий бағытын пайдалануды пысықтауды және Атырау ‒ Кеңқияқ және Кеңқияқ ‒ Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыруды тапсырды. Осыдан кейін Краснодар аймақтық соты КҚК қызметін тоқтата тұру туралы шешімін 200 мың рубль айыппұлға өзгертті.
Былтыр КҚК арқылы жеткізу Қазақстаннан мұнай жеткізудің жалпы көлемінің 80%-дан астамын құрады, деп есептейді Reuters. Бірақ ол 1%-ға, 51,99 миллион тоннаға дейін қысқарды. Ресейдің айналма жолдары бойынша 1,26 миллион тонна – Қытайға, 214 мың тонна ‒ Грузияның Батуми порты арқылы, 141 мың тонна ‒ Бакудегі мұнай өңдеу зауытына, 109 мың тонна ‒ Баку ‒ Тбилиси ‒ Джейхан құбырына және 80 мың тонна ‒ Өзбекстанға жеткізілді. Агенттіктің бағалауы бойынша, Ресейден айналып өту арқылы барлығы 1,8 млн тонна мұнай экспортталды (тәулігіне 36 мың баррель), көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 638 мың тоннаға артты. Reuters есептеулері экономиканы қолданбалы зерттеу орталығы (AERC) дайындаған Қазақстанның макроэкономикалық шолуының деректерін растайды.