• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2014

Жәннат шаһар

721 рет
көрсетілді

Сауыр, Сайқан тауларының бауырында, Жеменей өзенінің жағасында, саябақтар ортасында жайғасқан Зайсан қаласының кешкі көркін көріп таңғалдық. Зайсан – өзінің бүкіл болмыс-бітімімен өзгеше қала. Әдетте, қалаға келген адам у-шудан шаршайтыны белгілі. Ал мұнда келсеңіз, демалады екенсіз. Қала көшелерінің бойындағы арықтармен сылдырап ағып жатқан бұлақтарының өзі неге тұрады. Көше бойлай орналасқан тал-теректері төгіліп, гүлзарлары қалы кілемдей құлпырып, жұпар иісі Зайсан кешіне мақпалдай жұмсақтық сыйлайды. Биік таулар төбесінен мейірлене төгілген ашық күннің кешкі шапағын Сауырдан соққан салқын самал тербеп жіберген кезде денеңіз ғана емес, ию-қию тіршіліктен шаршаған санаңыз да сергіп сала береді. Ал енді 15 мың ғана тұрғыны бар ша­ғын шаһардың осынау табиғат ғажайы­бын одан әрі нұрландырып жайнаған көркін көр­сеңіз, шынымен де жер беті­нің бір пейі­ші осы шығар деп ой­лай­тыныңыз ақиқат. Зайсан қаласы – көне мен жаңаның астасқан тұсы. Мұнда Рудаки, Сағди, Хафиз сынды атақты шайырлар жырла­ғандай шығыстық қалаларға тән ескір­мейтін суреттер бар. Осыдан 100-150 жылдай бұрын зайсандық көпестер мен саудагерлердің қызыл кірпіштен оюлап салып кеткен үйлері қала көркіне көрік қосса, қазіргі кәсіпкерлердің салдырған супермаркеттері мен қонақүйлері қарышты Қазақстанымыздың қазіргі даму қарқынын әдемі бейнелейді. Біздің ойымызша, Зайсан – Қазақстанымыз­­­­дың ең әдемі шағын қаласы немесе ең сәнді үлкен ауылы. Әлемнің кез келген атақ­ты, ас­қақ қалаларынан таба алмайтын жаңға жай­лылықты сіз Зайсан қаласы­нан табасыз. Зайсан тазалығы, гүлдендірілуі мен абаттандырылуы шағын қалалар үшін үлгі етуге тұрарлық. Алғаш рет оның жолын тапқан Зайсан ауданының бұ­рынғы әкімі Серік Зайнулдин болатын. Қазіргі әкім Алмас Оңдақанов осы істі сәтті жалғастыруда екен. Өткен жылы қалаға Қытайдан 1 мың түп шынар, жергілікті ормандардан 2 мың түп қайың мен көктерек ағаштары әкеліп отырғызылыпты. Көшелерге қара төсеніш төселіп, жарықтандырылыпты. Әрбір бос жатқан жерлер гүлзарларға, саябақтарға айналдырылған. Зайсан – Қазақстанның Қытаймен шекараласатын шығысындағы алтын қақпасы. Іргеде Майғапшағай кедені тұрғандықтан, Зайсандағы сауда-саттық, қызмет көрсету саласы жылдан-жылға қайнап өсіп келеді. Мұнда жыл сайын қонақүйлер, кафелер, дүкендер, жүзге жуық жекеменшік үйлер салынады. Кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылады. Ауданның өз мұнайы мен газы, көмірі, арасан сулары бар. Қазір осының бәрі іске жаратылуда. Облыста тұңғыш рет бірінші болып Зайсан қаласына көгілдір отын беріле бастады. Енді ол ауылдарға таратылмақ. Зайсанға келіңіз, Зайсанды көріңіз, халайық! Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласы.