Батыс Қазақстан облысында соңғы күндері күн күрт жылынып, еріген қар суы елді дүрліктіріп жатыр. Өңірдегі бірнеше өзенде су деңгейі көтеріліп, арнасына толған. Орал қаласында 8 үйге су кіріп, бірнеше ғимараттың жертөлесін кәріз бен қар суы басты.
Ахуал әсіресе жұмадан сенбіге қараған түні күрделі болды: Тасқала мен Бәйтерек аудандары аумағындағы бірнеше өзен суы күрт көтерілді. Деркөл өзені Тасқала тұсында арнасынан 40 см асып, су 557 см-ге дейін көтерілді. Шежін-2 өзенінде де су 799 см көтеріліп, қауіпті деңгейден 20 см асып кетті. Өзен мұзы ерімей, жердің тоңы жібімей, еріген су сай-саламен жөңкіліп жатыр. Төтеншеліктер сенбінің кешінде екі өзенде де су деңгейі түскенін хабарлады. Тасқала ауылында 1303 текше метр су сорылып, тұрғын үйлерге төнген қауіп сейілген.
Ең қиын жағдай Орал қаласының өзінде болды. Қала бойынша 9 ғимараттың жертөлесі суға кетті. Олардың ішінде медициналық колледж жатақханасы, «ҚазТрансГаз» Аймақ мекемесі, Шаңырақ жатақханасы, №37 мектеп, Назарбаев зияткерлік мектебі, Эстетикалық бағыттағы гимназия, Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат колледжі ғимараттары бар. Бұл ғимараттардың бәрінде төтеншеліктердің күшімен су сорылып алынған, №49 мектепте ғана су сору жұмысы жалғасып жатыр. Зардап шегіп, зақым алған адам жоқ.
10-11 наурыз күндері Орал қаласында су беру уақытша тоқтатылып, күніне 3 мәрте кесте бойынша беріле бастады. «Бұл кәріз коллекторларының еріген қар суымен толып кетуіне және тұрғын алаптарын сарқынды және еріген су басу қаупіне байланысты жасалған уақытша амал», дейді Батыс су арнасы мекемесі. Жағдай реттелген соң, жақын күндері су беру қалпына келтірілмек.
Көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша құрылған облыстық комиссия тәулік бойы режімде қызмет етуде. Су тасқыны кезеңі басталғалы бері Орал қаласында 26 мың текше метрге жуық қар суы сорылыпты. Жалпы, бұл жұмыстарға 136 техника, 100-ден астам адам жұмылған. 2 000-ға жуық құм толы қапшық дайын екен.
«Қала аумағында 86 учаскеде су басу қаупі бар, оның 75-і бау-бақша серіктестігінде, өзен жайылмаларында орналасқан. Ол жақта 20 839 адам тұрақты тұрып жатыр. Қауіпті аумақ тұрғындарына су басқан жағдайда тиісті шараларды қолдану туралы 500-ден астам жадынама таратылды. Қажет кезінде халықты уақытша эвакуациялау және орналастыру дайындығы жасалды», деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Орал қаласы әкімдігінде көктемгі су тасқынын алдын алу үшін қалалық штаб құрылған. Су тасқыны кезеңі басталғалы қалалық штабқа қала тұрғындарынан 700-ден аса өтінім түскен. Оның жартысынан көбі, яғни 380-нен астамы көшеге немесе аулаға жиналған су жөнінде болған.
Су тасқынына қарсы облыстық жедел штаб 9 наурыздан бері тәулік бойы жұмыс режіміне көшкен болатын. Мамандар Теректі, Тасқала және Бәйтерек аудандары аумағын 11 наурыздан бастап Ми-8 тікұшағымен әуеден шола бастады. Құтқарушылар өзендерде мұз кептелісі болмауы үшін ойықтар ойып, мұзды кесуге кіріскен. Су жүретін арықтар, құбырлар тазартылуда.
Ақжайық ауданында Өлеңті өзені көтеріліп, 11 наурызда жергілікті маңызы бар «Көнеккеткен – Жұбан – Сайқұдық» автожолын су жырып өтті. Қазір ол жердегі жағдай төтеншеліктердің бақылауында. Жұбан ауылындағы су басу қаупі төнген 7 тұрғын үй 250 қап құммен қоршалған.
Осындай жағдай Шыңғырлау ауданындағы «Шыңғырлау – Ақшат – Сегізсай» автожолының 108-109 шақырымында да болды. Жиналған су жол үстінен асып аққанымен, қатынас тоқтаған жоқ. Ал Ақбұлақ кентіндегі Жеңіс өзенінде су деңгейін бақылау үшін арнайы адам мен техника бекітілді. Қайыңды өзені де бақылауда. Айта кетейік, былтыр бұл шағын өзендер мінез көрсетіп, іргедегі ауыл тұрғындарын әбігерге салған болатын.
Теректі ауданындағы Подстепное, Теректі, Ақжайық, Приречное, Ұзынкөл, Богдановка, Аңқаты ауылдарында да су сору, қауіпсіз жерге айдау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысы