Жыртықты жамауға жетпейтін жалақы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының тазалығына жауапты жұмысшылардың жүйкесіне ши жүгіртті. Күл-қоқыстан бөлек, өлген ит пен құсқа дейін тазалайтын қарапайым азаматтар жауапты серіктестік басшылары жалақымызды көтеруге келгенде жауапсыздық танытып отыр деп бас көтерді.
Жалпы, жұрт автобан атап кеткен автожолдың бойында тынбай жұмыс істейтін қызметкерлер шайлыққа жетпейтін айлық мәселесін көтеріп, тіпті бірнеше күн жұмысқа шығудан да бас тартқан. Олардың сөзіне сенсек, зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыру шотына тиісті қаражат аударылмаған көрінеді. Кейінгі бірнеше айдың бедерінде арнайы киім киген қызметкерлердің бас көтеруі өңірде тұрақты жағдайға айнала бастаған секілді. Олардың барлығы да жалақының мардымсыз екенін алға тартып, жанайқайын жеткізіп жатады. Жағдайы жақсы болса, қарапайым азаматтар бас көтеріп қайтсін? Әлеуметтік теңсіздіктен әбден қажығаннан кейін азаматтар амалсыз айлық мәселесін алға тартып жүр ғой. Әулиеаталықтардың ашынған даусын еститін адам бар ма?
«Қоқыстан бөлек, өлген ит пен құсты да тазалап жатамыз. Жол бойындағы белгілерді қалыпқа келтіреміз. Қыстың көзі қырауда жолдағы қарды тазалаймыз. Күннің суығына да қарамаймыз. Айлығымыз соған сай болса деген тілегіміз бар», дейді жұмысшылардың бірі Данияр Сұлтанқұлов жағдайды түсіндіріп.
Расында да, күре жолдың бойындағы қоқысты қысы-жазы тазалап жүрген азаматтардың еңбегі адал екені ақиқат. Қай кезде де қызметін лайықты атқаратын қарапайым халықтың мақсаты айқын. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан шақта жалақының көтерілгенін қалайды. Оларда басқа ой да, арман да жоқ. Сол үшін де шырылдап бас көтеріп жүр. Тіпті, кейде бұл әрекеттері басшыларға жақпай қалады.
Жауапты серіктестіктің жетекшілері жұмысшылар айтқан арызды жоққа шығара алмай отыр. Жұмыстың қалыпты ырғақпен жүруіне жағдай жасай алмаған маманды жазалаған да екен. Алайда мәселе мұнымен шешіле салса мейлі ғой...
«Біз өзімізге тиесілі көлемді тендер арқылы ұтып алған едік. Басшылар мен заңгер бар, есепші бар, барлығы отырып қаржылық жағдайды талқылайды. Өйткені көрсетілген мерзімге, яғни екі жылға жеткізу керек. Ал қазір жұмысшылар сұрап отырғандай жалақыны 30 пайызға арттырсақ, алған көлемімізді жыл аяғына дейін жеткізе алмаймыз. Осыны ескерген жөн шығар», дейді «ШымкентСпецСтрой» ЖШС директорының орынбасары Руслан Бектұрсынов.
Жағдайды мұқият зерделеген «Қазавтожол» компаниясының өкілдері тараптардың дауына түбегейлі араласа алмайды. Өйткені мердігерге келісімшарт негізіндегі қаржыны уақтылы аударып отырады. Ал қалған мәселені серіктестік басшылары өздері шешеді. Қысқасы, жұмысшылар мен серіктестік басшылары өзара келісімге келмесе, жағдайдың жедел реттеле қоюы екіталай секілді.
Автобандағы айқайға нүкте қоя алатын адам бар-жоғын кім білсін? Қалай алып қарасақ та, мердігер компания көрші өңірде тіркелген. Олардың басшыларына біздің жергілікті атқарушы биліктің пәрмені өте ме, өтпей ме, ол жағын білмедік. Алайда жергілікті тұрғындардың талабы билік басындағылардың назарынан тыс қалмаса дейсің.
«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз осындайда ойға орала беретіні рас. Жағдайы жақсы болса, Жамбылдың жайсаң халқы да бас көтермес еді ғой. Айлықтың аздығы оларды осындай қадамға баруға итермелеп отырғаны сөзсіз. Серіктестік басшылары жұмысшылармен келісімге келіп, жағдайды реттеуге күш салса деген тілек бар. Өйткені қара жұмысқа жегілген жұрттың адал еңбегі лайықты бағалануға тиіс.
Жамбыл облысы