Бұл жолғы сайлау, расында да, бұрынғыдан өзгерек. Оның ерекшелігі – шын мәнісінде жалпыхалықтық сипат алғаны. Мәжіліс пен жергілікті мәслихат сайлауларына биыл аса көп кандидат тіркелді.
Ең алдымен, сайлауалды үгіт-насихат науқаны әлеуметтік желілердің дамыған заманында өтіп жатыр. Бұл дегеніңіз, біріншіден – үміткерлерге үгіт-насихат жұмысын жүргізуге кең мүмкіндік. Екіншіден, әрбір кандидат өз өңіріндегі түйткілді мәселелермен жіті танысып, оны жергілікті билік органдарына жеткізуге мүмкіндік алды. Сол арқылы әр өңірдің өзіндік күрмеулі мәселелерінің жол картасын жасауға болады. Бұл да болсын осы сайлауалды науқанның тиімділігінің бір дәлелі деп айтуға негіз бар. Үгіт-насихат онлайн және оффлайн түрде, жеке кездесулер форматында да өтіп жатыр. Әлбетте, түрлі форматтың өз тиімділігі бар. Кандидат алдымен өз сайлаушысымен жеке кездесу өткізіп барып, одан кейін ғана онлайн қосылу арқылы жүздескені абзал. Өйткені жеке оффлайн кездесулер халықтың өз кандидатын жақсы танып-білуге септігін тигізеді. Әлеуметтік желілер арқылы кез келген уақытта халықпен байланысуға болады.
Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – партияластар өз тұжырымдамасын теледебат алаңында да білдіруге мүмкіндік алды. Сайлауалды науқанның қызған тұсында пікірсайыс өз деңгейінде өтті. Кімнің кім екені әдетте сөйлегенінен-ақ байқалады. Ең алдымен пікірсайыстың тікелей эфирде өткені қай тұрғыдан да ұтымды болғанын айта кету керек. Телевизияда алдын ала жазып алынып, «кедір-бұдыры» кесіліп тасталатын талай пікірсайысты көрдік. Бұл жолы олай болған жоқ. Қалай болғанда да тікелей эфирде сөз алғандар еркін көсілгенінің куәсі болдық.
Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – бір мандатты округ бойынша барлық ниет еткен жандарға үміткер ретінде сайлауға түсуге мүмкіндік берілуі. Бұрын танылмай жүрген жандар да сайлау арқылы белсенділігін паш етті. Яғни үміткер тұлға сайлауда жеңіске жетсе де, жетпесе де өзіне электорат арасында жақсы беделге ие болды деуге толық негіз бар.
Сондықтан барша жұртты 19 наурызда өтетін сайлауда белсенді болуға шақырамын.
Қанат ӘУЕСБАЙ,
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің проректоры