• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Маусым, 2014

Берекелі бекем бірлік

454 рет
көрсетілді

Оның әдемі үлгісін еуропалық бауырлар көрсетті Осы тәуелсіздік жылдарындағы ұлт көтерілген бір белес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас болуымен, бір замандары үстемдіктің үскірігі үсітіп жатқанда бармақтай бұршақтан бас сауғалаған торғайдай тоз-тозы шығып, атамекенінен кеткен қандастарды атажұртына шақырып, 1992 жылдың күзінде тұңғыш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізуі еді. Бұл ел өміріндегі теңдессіз оқиға ретінде бағаланды. Сол жолы тағдырдың тәлкегіне түскен ұлт ұран көтеріп, қазақ топырағына табан тигізіп, ақсарбас шалып, бас қосты. Кейін бұл бастаманы бауырларымыз тұрып жатқан  алыс-жақын жұрттар да өздерінің  кіші құрылтайына ұластырып, ол танысу мен табысу күні  бүгінге дейін жалғасып келеді. Соның бір әдемі үлгісіне таяуда Еуропа жерінде куә болдық.  Үстіміздегі жылдың 6-8 маусымы аралығында болған Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы сол құрлықтағы іргелі де ірі мемлекет Германияның бас қаласы Берлинде болды. Алқалы жиынға кәрі құрлықтың 10 елінде бақуатты күн кешіп жатқан жүздеген бауырлар мен Қазақ елі, Түркия, АҚШ,  басқа да мемлекеттерден ондаған тілекшілер қатысты. Алты жасар бала келсе, алпыстағы қариясы қарсы алып, құрмет көрсететін ата салтты ол жақтағы қандастар да бір кісідей жасады. Шат көңіл, жарқын ниеттерін көрсетті.  Бірден айтайық, құрылтайды ұйымдастырушылардың басты мақсаты: шашырап жүрген ағайынның басын қосу, жас­тарды бір-бірімен таныстыру, түп-тамырын ұғындырып, тегің кім дегенді іс-шара аясында өтетін салт-дәстүр, әдет-ғұрып  арқылы санасына сіңіру. Тілді, тарихты, мәдениетті, әдебиетті, яғни руханиятты ұғындыру, атажұртпен тығыз қарым-қатынаста болуға  баулу, өзге де мәселелер бойынша келелі кеңес құрып, оны бірден болмаса да, бірте-бірте шешу жолдарын қарастыру екені айдай анық көрінді. Жаһандану заманында ұлт өкілдерінің өзге жұртқа сіңіп кетпеу, әсіресе, уақыт ағысымен кетіп бара жатқан жастардың бетін бері қарату, жұдырықтай жүректеріне қазақ деген халықтың болмысын дарыту, сол арқылы ғасырлар бойы өлмей, өшпей жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын арқау желісін үзіп алмай, кейінгі толқынға қалыбын бұзбай тапсыру.  Ізгі ниет, көңіл түкпіріндегі ұлт үшін деген байлам-пайым осылай жалғасып кете берсе дегендік. Еуропа қазақтарының кіші құрыл­тайына келген үлкен-кіші бауырлар алдымен Берлиндегі Қазақ мемлекетінің елшілігінде дидарласты. Шаңырағынан күн нұры төгіліп тұр. Басқұр мен желбаудағы  шым кестедей ою-өрнек көз тартады. Дөңгеленген қазақ үйі тақылеттес еңселі ғимараттың кіреберісі осылайша әдемі. Көрген көзді жаңылтады. «Берлиндегі қазақ шаңырағы» деп аталып кеткен бұл жаңа үй Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен осыдан екі жыл бұрын салынып, ашылу салтанатына Президенттің өзі қатысқанын Қазақстанның ГФР-дегі Төтенше және өкілетті  елшісі Нұрлан Онжанов баян етті. Ол сонымен бірге халқымыздың арғы-бергі тарихынан хабар беретін мұражаймен де таныстырды. Одан кейін шағын болса да, байтақ даламызды елестететін жап-жасыл ауласына жайған дастарқанға шақырып, ата жолымен алыста жүрген ағайындардың қадірлі ақсақалы, 70-тен асқан Нұрсұлтан Алтайдан бата сұрады. Бауырлардың басқосуы ас ішіп, аяқ босату емес, елдің береке-бірлігі, ата-бабаларымыздың сара жолы, олардың ерлік істері мен тіліміздің, діліміздің, дініміздің жайы әңгіме арқауына айналды. Осылайша бауырына тартып отырған елшілік қызметкерлеріне Қазақ елінен бір топ азаматтарды бастап келген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев пен  саясаттану ғылымдарының докторы, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы А.Кесижи шынайы ілтипаттарын білдірді. Осындай ой бөлісу «Қазақ ауылы» делінетін дипломаттар үйінде де жалғасты. Қазаққа тән кеңдікпен, неміс жұртына тән тиянақтылықпен салынған екі ғимаратта 14 пәтер, сонымен бірге, Қазақ экономика және мәдениет орталығы жұмыс істеп тұрғанына куә болдық. Құрылтайға келгендер оның табалдырығын қазақы ғұрыппен шашу шашып, ізет көрсетіп барып аттады. Елшінің айтуынша, бұл да Қазақстан Президентінің тікелей шарапатының арқасында игілікке асып, қызмет етіп келеді екен. Ендігі жерде дипломаттар миллиондаған қаржы шығындап пәтер жалдамайды. Өз үйлері, өлең төсегінде қызметтерін  жалғастыра береді. Н.Онжанов орталық тек елшілік қызметкерлер үшін ғана емес, Еуропаны мекендеп жатқан қазақ бауырларға да әркез есігі ашық тұратынын, ортақ мәселелер жөнінде пікір бөлісуге толық жағдай жасалатынын, шығармашылық көрмелер өткізуге де болатынын, түйіп айтқанда, ұлттың ұйытқысына айналатынын тілге тиек етті. «Елді сағынсаңыздар, ұлт құндылықтарын көріп шөлдеріңізді қандыру керек болса, келіңіздер, бауырлар», деді елші.  Шетелдерде қазақ жұртының осындай орталығын ашу көптен айтылып жүретін еді. Ол да Берлинде алғаш шаңырақ көтеріпті. Ұлттың рухани дүниелері, нақтылай түссек кітаптар, қазақ киносының қорындағы алтын жауһарлар, өзге де құндылықтар жинақтала бастапты. Оны сыйға тартқан өз еліміздегі бойы да, ойы да биік азаматтар екен. Елші олар туралы да тарата айтып берді. Сабақты ине сәтімен деп «Қазақ ауылында» болған ой бөлісуге  Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың қатысқанын айта кетсек дейміз. Ол кездесу кезінде өзінің Ұлыбританияда болғанын, Кембридж университетінде қазақ тілін оқыту мәселесі таяу уақытта шешіліп қалатынын, Бейбітшілік және келісім орталығын  Лондонда ашу жоспарланып отырғанын алға тартып, Ассамблея туралы да қандастарға жан-жақты мәлімет берді. «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім, жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы тамаша кітаптар жазумен шұғылданар едім», деп арман еткен Мұстафа Шоқайдың Берлин түбіндегі зиратына барып, үлкен-кіші бауырлар қаздай тізіліп отырып, құран бағыштады. Құрылтай бағдарламасына сай ұлттық ойындар жарысы халқымыздың өзіне тән бітім-болмысын танытты деуге болады. 10 команда арасындағы дәстүрлі футбол бәсекесі тартысты өтті. Намыс туын көтеріп жасыл алаңға шыққандар күннің ыстығына қарамай ойынның көрігін қыздырды. Сағат 10-да басталған жарысқа кешке бір-ақ нүкте қойылды. Абылай ханның бас батыры ер Жәнібектің 300 жылдығына арналған қазақша күресте 16 балуан күш сынасты. Биылғы құрылтайда қазақтың ұлттық ойындары, оның ішінде асық ату мен садақ тарту бірінші рет көрініс тауып, жиналған қауымның қызығушылығын туғызды. Осындай шараға жиналған халықтың қарасы екі мыңнан асып жығылды. Оларға ынтымағы жарасқан еуропалық туыстар тікелерінен тік тұрып қызмет көрсеткені сүйсінтті. Араларында Германияда қымыз өндіруді жолға қойған ерлі-зайыпты Напс пен Удри Цоллмандар да жүрді. Олардың қайсысымен сөйлессең де қазаққа деген шын ілтипатын білдіреді. Қазақтың қасиетті асын Еуропада өндіріп, халық шарапатына бөленіп жүргендерін мақтан етеді. Әрбір ойынға қадала көз тіккендердің арасында жастармен қатар, ақсақалды қария да, ақ жаулықты ана да аз болмады. Солардың бірі жасы 70-ке таяп қалған Әпиза ананы әңгімеге тартқанымызда ол жыл сайын өтетін кіші құрылтайдан алар тағылым аз емес екендігін, әсіресе, өзге жұртта, өзге ортада жүрген жастарға берер үлгісін айтып, өзінің Пәкістанда өмірге келіп, Түркияда өскенін, Германияда еңбек етіп, ұрпақ өсіргенін алға тартты. «Шүкір дейміз, біздің де Отанымыз бар дейтін күнге жеттік. Иә, біздің көз тұрған соң, балаларымыз қазақы қалыптан ажыраған жоқ. Үш қыз, бір ұлым бар. Олардан 4 немере көріп отырмын. Сөйтсе де, солардың келешегі мені алаңдатпай қоймайды. Несін жасырайын, балалар немісшеге де, түрікшеге де жетік, қазақшаға шорқақ. Қазақ тілін ұмыттырмайтын айла-тәсіл табылса ғой деген бүгінгі күннің арманы ойымда тұр. Отағасы екеуміз қара жұмыс істеп жүріп қатарға қосылдық. Балаларды тарықтырмай оқыттық. Қазір олар қызмет істейді, жағдайлары жақсы. Басием Бекей Сарбас деген азамат еді. Қазақ еліндегі Нұрлы деген ауылдан (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы) мешіт салуға талпынып жүретін. Бірақ ол арманына жетпеді, өмірден озды. Әйтсе де оның ісін ағайыны Нұптихан іске асырсам деп талпынуда. Аналық тілегімді балаларыма білдіргенде – арқа сүйер атажұрттан қол үзбеңдер деп отырамын. Мұндай тілек осында жүрген әр адамның көңілінде тұр. Тәңірім, енді қазақтың осы нұрлы күнін көгінен төмен түсірмесе екен. Біз секілді үлкендердің айтары ендігі жерде ішпек, жемек емес, қазақ жұртының амандығы», деді тебіреніп. Алматы қаласы мәслихатының депутаты, ұлт руханиятына жанашырлық танытып жүретін Құсман Шалабаев ағайындарға халқымыздың, сазгерлердің әндері жазылған дискті тарту еткенін айта кету де жөн болар. Маусымның 8-күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына арналған дөңгелек үстел «Seminaris» кешенінде болды. Оның алдында Президенттің шетелдерде жарық көрген еңбектерінің, ер Жәнібекке арналған кітаптардың, Мемлекеттік «Дарын» жас­тар сыйлығының лауреаты, суретші Гүлназым Өмірзақтың шымкестеден тіккен дүниелерінің көрмесі өтті. Дөңгелек үстелді Т.Мамашев ашып, Елбасының әр жылғы Жолдауы осындай кіші құрылтайларда сөз болатыны дәстүрге айналғанын, осыған дейін мұндай игілікті шара Ресей мен Өзбекстанда тұратын бауырлардың арасында өткенін атап айтты. Ал М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижан Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жетістіктер мен алда тұрған міндеттерді саралай келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы қай кезде де сырттағы ағайындарға көңіл аударып келе жатқанын нақты мысалдармен алға тартты. Сонымен қатар, төрткүл дүниедегі қазақтардың санына тоқталып, қай елде қанша бауырларымыз тұрып жатқанын еске салып, «Бұл – ұлтты біріктіретін бағдарлама», деп түйін жасады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, жазушы Әлібек Асқаров 1997 жылы қабылданған Елбасының «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындал­ғанын, енді «Қазақстан-2050» Стратегия­сында кемел келешектің бағыт-бағдары ашық талданғанын, мына Жолдау содан бастау алатынын, бағдарламасыз іс баянсыз болатынын жеткізді.  Франциялық кәсіпкер Тәбәрак Догу тілді үйрену әркімнің намысына қатысты, «тіл емес ұлттық сезім, жүрек. Сонда тілге қатысты қамалды бұзуға болады. Бос сөз қажетсіз» десе, 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Германия Қазақстан қоғамының атқарушы директоры Г.Нұртазинова Қазақстаннан барған немістердің өздеріне оң қарайтынына, араларында Бундестагқа депутат болып сайланғандары да бар екеніне, олар әркез Қазақ елінің сөзін сөйлеп отыратынына нақты дәлелдер келтірді. Сондай депутаттың бірі Хайнрих Цертик екенін атап өтті. Жұртшылық асыға күткен концерттік бағдарламаның алдында ұлттық ойын­дардың нәтижесі жарияланып, жеңім­паздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Айталық футболдан бірінші орынды швециялықтар, екінші орынды кельндіктер, үшінші орынды берлиндіктер алды. Күрес жеңімпаздарына «Ер Жәнібек»  қоғамдық қорының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Темірбаев ат болмаса да, тайға жетерлік қаржы ұсынып, қаумалаған қалың қандасты хас батырдың Шығыс Қазақстан облысында өтетін мерейтойына шақырды. Ал асық атудан алдына жан салмаған ерлерге, қақпақыл ойнаудан  көзге түскен әйелдерге «Асық ату» республикалық федерациясының пре­зиденті, Қазақстанға еңбегі сіңген жат­тықтырушы Жомарт Сабыржанов «Ал­тын сақа иегерлері» деген марапаттар тапсырды. Олардың арасында ерлерден бірінші орынды Әбсалам  Аюби (Дания), әйелдер арасынан бірінші жүлдені  Бәтима Узл (Голландия)  қанжығасына байлады. Сол секілді ұлт руханиятының қыр-сырын жетік білетін елші Н. Онжанов тілді баланың санасына балапан кезінен сіңіру қажеттігін әркез көтеріп жүреді екен. Осыдан екі жыл бұрын Данияда өткен құрылтайда да балалар арасында «Сенің қазақшаң, қалай?» деген жарыс өткізсе, бұл жолы да сондай игілікті шараға ұйытқы болды. Сайысқа қатысқан 13 оқушының  алтауына бірінші, екінші, үшінші орын тағайындап, басқаларға да сый-сияпат көрсетті. Олардың қатарында Фатима Туба (Германия),  Есра Килиг (Түркия), Нуруллах Гази (Голландия), Бейза Кетех (Дания), тағы басқалар бар. Концерттік бағдарламаны кельндік  Зефер Өзхалык қызы Айбике екеуі бастады. Олар бір замандары сыртта жүрген бауырлар туған жерін естен шығармасын деп үзбей айтып келген Зейнелдің «Алтай ауылының әні» деген  әуенді әуелетті. Қазақ елінің танымал әншісі Рүстем Нұр­жігіт Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішін­де» және «Елік-ай» әндерін айтса, халықаралық конкурстардың лауреаты Арай Асқап «Сұлубайдың әнін», халық әні «Бүлдіргенді» орындады.  «Серілер» тобының әншілері Мұхтар Қанапиев, Күнтуған Солтан, Талғат Көбеков Б.Есімхановтың «Ауылым», А. Бексұлтанның «Қазақтың қара баласы», өзге де әндермен жұрттың ілтипатына бөленді.  Ал Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жезтаңдай әнші Мақпал Жүнісова сахна төріне көтерілгенде бүкіл жұрт тік тұрып құрмет көрсетті. Оның орындауындағы халық әні «Еркем-ай», «Сәулем-ай», Ж.Кәрменовтің «Домбыра», М.Қас­қыр­баевтың  «Қазақтың ерке қызымын» деген туындыларын орындағанда қандас бауырлар үлкен-кішісіне қарамай бірге айтып, тіпті ақсақалды ата мен ақ жаулықты ана билеп кетіп жатты. Жалпы, шетелдегі бауырлардың өнерге деген құрметі, өнер адамына деген ізеті ерекше екенін бірден аңғарасың. Тіпті кейбір әуендер айтылғанда көздеріне жас алғандар да аз болмады. Құрылтайдың жабылу сәтінде ол жақтағы бауырлар да, Қазақ елінен барған азаматтар да бір-біріне ақ ниеттерін білдіріп, шама-шарықтарына қарай сыйлық жасап жатты.  Түйін сөзді алған тұста, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы А.Кесижи мырза бұл бас­қосудың жоғары дәрежеде өткенін ерекше атап, осындай игілікті істің осыдан 12 жыл бұрын ұйымдастырылғанын, оның ұйытқысы  сол тұстағы Кельн қаласындағы Қазақ мәдени орталығының басшысы Абдурахман Четин ақсақал мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бұрынғы орынбасары, жазушы Қалдарбек Найманбаев болғанын атап айтты. Бұл шара Шығыс Түрікстан қазақтарының Түркияға көшіп келуіне 50 жыл, олардың еңбек миграциясы арқылы Еуропа елдеріне қоныс аударуының 40 жылдығына орай өткізілгенін де еске салды. Ал өз кезегінде Т.Мамашев Еуропа қазақтарының дәстүрлі кіші құрылтайы жақсы аяқталғанын тілге тиек етіп, ерек­шеліктеріне тоқталды. Бұрынғы құрыл­тайда болмаған ұлтымыздың салт-дәстүрлерінің көрініс табуы, әсіресе асық ату мен садақ тартудың Еуропа төрінен орын алуы оң қадам деп бағалады. Германиядағы елші Н.Онжановтың қызметіне сүйсініп, «Біз талай елдерге барып жүрміз. Елге деген халықтың көзқарасы елшіге қарай әртүрлі болады. Мен ол жұрттағы елші мен елшілік қызметкерлерінің қандастарға деген қамқорлығын ерекше атап өтуді парыз санаймын», деп «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен қауымдастықтың арасындағы байланысқа тоқталды. «Біз қор шетелдерде қандай жұмыстар атқарып жатқанымызды өз көздерімен көрсін деген ниетпен «СК-Астана» кооперативтік қор директорының орынбасары Әсел Шілдебаеваны ала келген едік. Ізетті қарындасымыз бауырларын көргенде ерекше ойға қалғанына куәміз. Дегенмен, біз  аталмыш қордан әралуан шаралар өткізуге қаржылай демеушілік көрсету үшін түрлі құжаттар әзірлеп, жыл соңында тапсырамыз. Соның үштен бірі қолға тиіп жатады. Жалпы, шетелдердегі қазақ диаспораларына көңіл аударатын уақыт жетті. Үкімет көзқарасын өзгертуі керек тәрізді. Себебі, қазақтың жері байтақ дейміз. Бірақ халқымыз аз. Сол азды шетелдегі бауырлармен толықтыруымыз керек. Әрине, Еуропа қазақтарының жағдайы жаман емес. Әйтсе де, қалың Қытай еліндегі, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы, Қарақалпақстандағы ағайындарға қаржылай да, басқалай да көмек болуы тиіс. Олар өздігінен келе алмайды. Оның үстіне кей өңірлердегі экологиялық жағдай қандастарымызды қалжыратып бара жатқанын есте ұстағанымыз жөн», дей келіп Түркия мен Әзербайжан мемлекеттерінің шеттегі өздерінің диаспораларына жасап жатқан ілтипатын тарата айтты. «Мәселен, Әзербайжан мемлекетіне келер болсақ, онда президентке тікелей қарайтын мемлекеттік комитет бар. 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Бір мысал, олар шетелдердегі әзербайжан жастарымен байланыс орнатуға ғана 5 млн. еуро бөліп отыр. Ал жалпы қаржысының қандай болатынын бір салаға бөлген қомақты ақшадан аңғаруға болатын шығар. Түркияда да  шеттегі диаспораларымен байланыс орнататын  100-ден астам штаты бар орган жұмыс істейді. Оның өткен жылғы бюджеті 100 млн. долларды құраса, біздікі 100-150 мыңға да жетпейді. Тағы бір айтайын дегенім, Берлинде Экономика және мәдениет орталығы ашылыпты. Бұл құптарлық іс. Бірақ оның ережесі, штаты бекітілмеген. Егер Н.Онжановтан кейінгі елші қазынадан ақша қарастырылмаған деп жауап тастауы ғажап емес. Жалпы, ережесі бекітілген, қаржысы нақтыланған, шеттегі диаспораның алтын діңгегі болатын осындай орталықтар Мәскеу, Бейжің, Ташкент, өзге де ірі мемлекеттердің аста­­наларынан шаңырақ көтеріп жатса құба-құп болар еді. Еуропадағы кіші құрыл­тайды қазақ еліндегі жұртшылыққа таныту мақсатында бас басылым тілшісімен қатар, «КТК» телеарнасының аға редакторы Гүлмира Абықаева мен Олжас Белгібаевты әкел­генімізді айта кетсем артық болмас», деді. Осы алқалы жиында аты мәлім Дәлелхан Жаналтайдың үлкен ұлы, әріптесіміз Әлиханмен, Халифа Алтайдың  немересі Мәмет Акип Алтаймен де дидарластық. Олардың бойынан тектілік пен тегеурін менмұндалап тұрды. Бір замандары Германия десе бойды үрей билейтін елдің бүгінгі тірлік-тынысы, әсіресе, адамдарының кісілігі мен кішілігі бөлектей көрінді. Жасыл желек көмкерген көшелер де әдемі. Сөйтіп, үш күнге созылған құрылтайдың соңы ағайындармен қимай қоштасуға ұласып, осы бір берекелі бекем тірлік алдағы жы­лы жалғасын тапсын деген ақ тілекпен аттандық. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА – БЕРЛИН – АСТАНА.

 Лебіз

Бешртхан Малабақан, Берлин қазақ қо­­­­ғамының төрғасы: – Аты кіші құрылтай болға­нымен, мұндай шараны өткізу оңай емес екен. Біз бұған бір жыл бойы дайын­дал­дық. Келген қо­нақ­тардың айтуына қарағанда, жаман өтпеген көрінеді. Шетінен ризалықтарын білдіріп жатыр. Үш күн бойғы шараға кеткен шығынға Қазақ еліндегі «Самұрық-Қазына»  әл-ауқат қоры Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірін­ші орынбасары Талғат Мамашевтің тікелей араласуымен жақсы көмек қолын созды. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Германияның «Siemens», «Knauf», т.б. компаниялар көмектесті. Қалған қаржыны өзіміз таптық. Көп болып біріккен жерде бітпейтін іс жоқ тәрізді. Осы құрылтайды өткізуге атсалысқан барлық азаматтарға алғысым шексіз. 2015 жылы құрылтай Голландияда өтеді. Оны сол елдегі Қазақ қоғамының төрағасы Мұстафа Қаражігіт өз мойнына алып отыр. Нұрарман Аюби, Дания қазақ қоғамының  төрағасы: – Құрылтай Еуропадағы қа­зақтар үшін ерек­ше құбылыс десем артық айт­қандық емес. Біз осы басқосуда бір-бірімізбен танысып, ұлт болудың үлгісін үйреніп жүрміз. Қазақстаннан келген бауырлармен шүйіркелесе сөйлесіп, әдет-ғұрыппен қауышамыз. Оның үстіне бұл жақтағы қазақтар қалайда өз қандасымен отау құруды басты мақсаты деп біледі. Оған бір мысал айтайын. 2005 жылғы құрылтайға келгенде Қазақ елінен келген Әсем деген қызбен таныстым. Көңілім кетіп, ниетімді білдіргенде ол ойланып көретінін жеткізді. Кейін келісімін берді. Қарағанды қаласының тумасы болатын. Қазақы жолмен құда түсіп барып, жөн-жоралғы жасап, Әсемді алып қайттым. Қазір екі ұлымыз өсіп келеді. Екеуміз де жеке компанияларда жұмыс жасаймыз. Үй-жайымыз баршылық. Тек, атажұрт жетпей жатады. Түптің түбінде бабаларымның кіндік қаны тамған киелі топыраққа барсам деген ой да жоқ емес. Тек Қазақ елінің мәртебесі дәл осылай биіктей берсе, ол да болмай қоймас. Өз ел, өз жеріңе не жетсін.