• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Маусым, 2014

Атом қуаты – адам игілігі

404 рет
көрсетілді

Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің Еуразиялық эконо­ми­калық одағы – бұл ортақ эконо­микалық, гуманитарлық және мәдени кеңістікті қамтитын біріккен жоба. 2015 жылдың 1 қаңтарынан өз жұмысын бастайтын оның іс-шаралар кешеніне орай Курчатовта да біршама жұмыстардың легі атқарылуда. Атап айтқанда, экономикаға зор үлес қосатын АЭС-тің салынуы. Ресей Президенті В. Путин біздің елге сапары барысында екі елдің озық технологияларын пайдалана отырып, АЭС салу туралы меморандумға қол қойған еді. Соған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен АЭС салынатын орын Курчатов қаласы болып таңдалынып алынып, Ресейдегі «Росатом» басшысы Сергей Кириенко арнайы үкіметаралық келісім жобасына қатысты. Сонымен Ресей мен Қазақстан ғалымдары Жапониямен бірге АЭС-ті салуға 2018 жылы кіріспек. Осы жөнінде Курчатов қаласында баспасөз мәслихаты өтіп, оған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев, Жапонияның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Масаеси Камохара, Токио технологиялық институтының құрметті профессоры, атом энергетикасы бойынша Жапония комиссиясының төрағасы Йоши Фуджиё қатысты. Біздің вице-министрдің айтуынша, алғашқы кезеңде Курчатов қаласы мен Балқаш көлі маңында зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл 2 жылдай уақытқа созылады. – Жапондық ғалымдар бүгін, міне, өздерінің озық технология­ларымен, атомды бейбіт мақсатта пайдаланудағы тәжірибелерімен бөлісіп отыр. Сондықтан да біз Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде ауқымды міндетті жауапкершілікке алып отырмыз, – деді Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық директоры Ерлан Батырбеков. Біздің ел осы бағытта Жапониямен қатарынан 20 жыл бойы әріптестік байланыс жасап келеді. Қазақстан мен Жапонияның тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіне тағы бір себеп, екі елдің де атом жарылыстарын бастан кешуі, осыған орай соғыс атомы емес, бейбіт атомды дамыту мәселесі аса маңызды. Мұнда АЭС-тің 1 кВт электр энергиясына 4 мың АҚШ доллары жұмсалмақ. Яғни, АЭС құрылысы өте қымбат болғанмен, оның халыққа берер игілігі, тиімділігі бұл қымбатшылықты жүз есе ақтайды. Әрі салынған АЭС 80-100 жыл сапалы қызмет ете алады. Халық Фукусимадағы секілді апат болады деп қауіптенбегені жөн. – Фукусимадағы апат бүгінде толығымен анықталып отыр, – деді өз кезегінде сөз алған Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Масаеси Камохара. – Бұл тұрғыда жапондық ғалымдар мен атом энергетиктері бірлесіп еңбек сіңірді. Енді әлемде тұрғызылатын жаңа стансалар сол кезде кеткен қателіктерді толығымен есепке алып, оларды болдырмауға тырысады. Өздерінің тәжірибелерін біздің ел сіздің елмен бөлісуге толық дайын. Сондықтан да біз Курчатовта тұрғызылатын АЭС қауіпсіз болады деп айта аламыз. 1994-2014 жылдар аралығында Қазақстандағы Ұлттық ядролық орталық атом саласы бойынша жапондық ең ірі JAEA, JAPC, TOSHIBA және Marubeni US Ltd компаниялармен әріптестік қарым-қатынас орнатып келеді. Осыларда жасалған келісімшарттар бойынша АЭС құрылысының біртіндеп жүзеге асу мәселесі қарастырылған. Ядролық сұйық отынды сапалы жасау, өткенде кеткен қателіктерді болдырмай атом энергетикасы саласын бейбіт өмір бағытында дамытуға ықпал ету алғашқы атқарылар жұмыстардың қатарына жатады. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист. КУРЧАТОВ.