Астанаға көшіп келген алматылықтардың бас қалаға сіңісуі қиын. Тіпті көбі ақырында сол Алматысына кері қайтып жатады. Елордалықтар айтатын «алматылық құстар» деген әжуа тіркес (кейде әсерлі естіледі) осыдан пайда болды ма дейсің. Енді бір жағынан, Алатауды аңсауға әсер етуші фактор да көп. Мәселен, соның бірі – кітап. Иә, Астанада кітап дүкені аз. Базар маңында, яки жерасты жолдары қасында кітап сатып тұратын аталар мұнда жоқ. Ескі кітаптар сатылатын жертөледегі дүкендерді де таппайсыз. Алматыдағыдай емес. Білетініміз, сол «Абай», сол «Фолиант», сол «Меломан».
Ел астанасындағы кітап сататын дүкендердің санын көрсетейік десек, Ұлттық статистика бюросында мұндай дерек жоқ екен. Ал жалпы Қазақстанда кітап саудасымен айналысатын 75 кәсіпорын тіркелген. 2020 жылы еліміз бойынша 9 миллиард 449 млн теңгеге кітап сатылған. Бұл пандемияға байланысты алдыңғы жылмен салыстырғанда төмен. Оның ішінде Алматы қаласы бойынша 3 985 062 мың теңгеге, Ақмола облысы бойынша 60, 2 млн теңгеге, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 391,3 млн теңгеге, Батыс Қазақстан облысы бойынша 74 млн теңгеге, Жамбыл облысында 152,9 млн теңгеге, Алматы облысында 126,9 млн теңгеге, Солтүстік Қазақстан облысында 80,4 млн теңгеге, Қарағанды қаласында 1 910 666 мың теңгеге, Қостанай қаласында 96,9 млн теңгеге, Ақтөбе қаласында 194,7 млн теңгеге, Атырау қаласы бойынша 113,7 млн теңгеге, Қызылорда қаласында 201 млн теңгеге, Павлодар қаласында 435, 9 млн теңгеге, Түркістан қаласында 1 197 463 мың теңгеге, Шымкент қаласында 132,5 млн теңгеге кітап саудасы жүргізілген. Ал жалпы республикадағы былтырғы бұл көрсеткіш 12 млрд 869 млн теңгені құрайды.
Сонымен, елордада кітап дүкені неге аз? Әлде кітап жоқ па? Бүгінде елімізде 300-ге жуық баспа мен 800-ге тарта баспахана жұмыс істейді. Сонда да қоғамда кітап өндірісінің имиджі төмен. Оған себеп, кітап басып шығаруда нақты жүйе мен маркетингтің жоқтығы. Содан болар, кітап сатудан түсетін табыстың тек 25 пайызы ғана отандық өнімге тиесілі.
Нарықта бәсеке болмаған соң, кітап саудасы да алға жылжымайтыны белгілі. Монополиялық дүкендер, міне, осыдан пайда болады. Мәселен, «Меломан» кітап дүкенін алайық. Мұнда кітап тез әрі көп өтетіндіктен, беделді саналып отыр. Монополия болған соң, тауарларының бағасы да жоғары. Осыдан шамамен үш жыл уақыт бұрын «Меломанда» қазақ кітаптарына арналған бұрыш ашылды. Сол кездері қазақ әдебиетінің классикалық туындылары сатылымға қойылған еді. Алайда бұл көрсеткіш отандық кітап дүкенінің қазақ авторларына кенде екенін байқатады. Ал кейінгі авторлардың «Меломанға» деген базынасы бөлек. Яғни оған кітап өткізу үшін қаламгердің ЖК немесе ЖШС болуы тиіс. Бұдан бөлек кітабының дизайны мен сапасына ерекше көңіл бөледі. Ал келісімшарты бойынша кітаптың бағалануына байланысты 50-70 пайызға дейін үстемеақы қосылады.
Зерттесек, Қазақстан баспаларынан шығатын кітап өнімдерінің 80 пайызын оқулықтар құрайды. Ал нарықтағы өзге кітаптардың 80 пайызы – Ресей баспаларынан шыққан кітаптар. Отандық кітаптар аз таралыммен шығатындықтан, сатылымда көп кездеспейді. Өйткені коммерциялық бағытта кітап нарығы дамымай отыр. Ал жаңа шығып жатқан қазақша кітаптардың көп бөлігі мемлекеттік мекемелерге үлестіріледі. Бұл да – түйіні тарқамаған бөлек мәселе.
Десе де кейінгі уақытта қазақ тіліндегі онлайн кітап дүкендері көбейіп жатқанын да айту керек. «Qazyna», «Akel.kz», «Ziyat» интернет-дүкендерінің тауарлары оқырман арасында жақсы сатылып жатыр. Бұл – астаналық оқырманға таптырмас мүмкіндік. Бұдан бөлек елордада жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі кітап жәрмеңкесі де оқушы қауымның сөресін толтырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте кітапханалардың тым аз екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашуды тапсырған еді. Кітап дүкендері аз қалада оқырманды құтқаратын қолжетімді һәм ыңғайлы кітапхана екенін ескерсек, Президент тапсырмасының тезірек орындалғанын күтеміз. Десек те бас қаладағы кітап дүкендерінің аздығы өзекті болып қала бермек.