• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Наурыз, 2023

Күш алған теңге нарықтағы бағаны ырыққа көндіре ала ма?

266 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері 1 доллар 435-440 теңге арасында тербеліп тұрды. Тіпті наурыз айының бас кезінде 432 теңгеге дейін арзандап кеткеніне куә болдық. Қазіргі доллар бағасы 450 теңгеден сәл ғана жоғары. 2023 жылдың екі айында да доллардың біздің теңгеге көзқарасы оң болды. Бірақ қымбат теңгенің де бағаға әсер етпей тұрғанына екі айға жуықтады. Наурыздың басындағы баға да құбылмалы сипатта. Қысқасы теңгесі күш алып, мұнайы қымбат бағамен сатылған елдің назары базардағы бағаға ауды. Үкіметтің наурызға қарай баға арзандауы мүмкін деген уәдесі көп көңіліндегі үмітке дем салып қойды.

«Біз теңгенің өткен жылғы құбылма­лы­­лығының құрсауынан әлі шыққан жоқ­пыз. Келесі жарты жылдықта нарық­тағы бағаның қандай болатынын теңгенің қазіргі құны анықтайды. Теңге қазіргі бағамды 5-6 ай ұстап тұрса, жыл аяғына дейін баға еңсерілуі мүмкін. Бірақ биыл инфля­цияның 20 пайыздан жоғары болуы мүмкін емес, 9-12 пайыздық дең­гей­дің ауылы әлі алыс

Бірақ инфляция да, баға да алған бетінен қайтпай қойған кезде біз де, Ұлт­тық банк те таңғалғандай күй кеш­тік. Себебі жылдың алғашқы тоқ­са­нына әлі нүкте қоймасақ та инфляция өткен жылдардың ең жоғарғы деңгейіне көтеріліп қалды.

Үкімет сызып қойған көрсеткішті жыл аяғына дейін бағындыру қиындау болып тұр. Әзірге қолда бар тетік – белгілі бір тауарларға шекті баға белгілеу, ірі өндірушілер мен сауда желілері арасында келісімге отыру, экспорттық баж салығын салу, тұрақтандыру қорларын құру, базалық мөлшерлемені көтеру ар­қы­лы нарықтық емес жолдармен баға­ны тұрақтандыру. Бірақ оның әсе­рінің тым қысқа мерзімді қамтитынын біз де біліп қалдық. Нарықтағы бағаның ұзақ мер­зімге кері шегінгенін әлі сезген жоқпыз.

Инфляцияның өзегіне ішкі және сыртқы факторлар бірдей әсер ете­ті­нін са­рапшылар айтудай айтып ке­ле­ді. Экономикамыздың импортқа тәуел­ділігі сыртқы факторлардың бәсін аспан­датып тұр. Jusan Analytics сарап­шы­ларының айтуынша, соңғы жеті жылда тұтыну нарығындағы импорттың үлесі 37-39 пайызбен тоқтап тұр. Азық-түлік емес тауарлар нарығындағы импорт үлесі 60 пайыздан асып кеткен. 2022 жылы Қазақстанға 50 миллиард доллардың импорт тауарлары келген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп.

Jusan Analytics сарапшылары импорт­тық сауда операцияларының бағасы келісімшарт талаптарына сәйкес белгілі бір уақыт кезеңіне белгіленетінін айтады. Демек, теңге үш ай емес, алдағы жарты жыл­дықта күш алса ғана бағаға әсер етуі мүмкін. Басқаша айтқанда, теңгенің ет пен сүйегінің арасындағы аз ғана өзгеріс бағаға әсер ете алмайды.

«Теңге бағамы тұрақталған кезде баға бір орнында тұрады. Ал құнсызданған кезде баға өсіп кетеді. Мұндай құбылыс құ­­был­­малы сегменттерде көбірек байқалады. Ұлттық валютамыздың да, шикі­зат бағасының да құбылмалығына бір үйреніп кеттік. Бұл біз үшін қалыпты жағдай», дейді сарапшы Әнуар Үшбаев.

Бұл тетік Қазақстан тәрізді экономикасы импортқа байланған елдерге тән құбылыс. Демек, ұлттық валютамыз екі ай бойы «бабында» тұрса да бағаға әсер ете алмайды деп «өкпелеудің» қажеті жоқ.

«Теңге құнсызданса, баға өседі. Кү­ші­­не мінгені бағаға әсер ете алмайды. Бұл құбылыс өндірушілер мен сату­шы­­лардың тұрақ­сыз ортадағы қорқы­нышымен тү­сін­діріледі. Бірақ тұрақсыз, құ­былмалы на­рық­қа бойымызды үйретіп алдық», дейді сарапшы.

Сарапшы қазір билік экономиканы нығайту үшін байсалды шараларды қолға алып жатқанын, бірақ қазіргі уақытта бұл жеткі­ліксіз болуы мүмкін екенін атап өтті. «Бейнелеп айтқанда, экономика тек алға жүретін, оңға, солға бұрылса апатқа ұшы­рауы мүмкін алып кемеге ұқсайды», дейді Ә.Үшбаев.

Бағытқа сәл ғана өзгерістер енгізудің өзі тәуекел. Өздерін реформаға жауаптымыз деп санайтындар өздері үйреніп қал­ған бағытқа өзгерістер енгізгісі кел­мей­ді. 1990 жылдардан бергі жыл­дардағы экономикалық-әлеуметтік рефор­ма­лардың нәтижесі ратчет әсеріне көбірек ұқсайды», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, теңгенің оң көрсет­­кіші арқылы бағаға әсер ету үшін дол­лар-теңге дәлізі кемі алты ай бойы 435-440-450 дәлізінде тұру керек. Сырт­қы сау­даның құлағында отыр­ған эко­но­ми­ка­лық агенттер осындай жағ­дай­да ғана теңге күшейді, енді бағаның өсуіне негіз жоқ деп бағаны төмендетуге ойыса бастайды.

Сарапшы айтып өткендей, доллар бағасын тым болмаса 450-470 теңге дең­гейінде ұстап тұру үшін нарықтағы бәсекені реттеуге басымдық беру қажет.

Табиғи монополияны реттеу және бәсе­­­ке­лестікті қорғау» агенттігінің сын­ға түсетін кезі енді келді. Себебі бұл құ­ры­­­­лым­ның әлем елдеріндегі баламасы нео­ли­­берализм жүйесі деп аталады. Қа­зір жүйе әлемнің көп елінде жақсы жұ­мыс істеп тұр.

«Біз теңгенің өткен жылғы құбылма­лылы­­ғының құрсауынан әлі шыққан жоқ­пыз. Келесі жарты жылдықта нарық­тағы бағаның қандай болатынын теңгенің қазіргі құны анықтайды. Теңге қазіргі бағамды 5-6 ай ұстап тұрса, жыл аяғына дейін баға еңсерілуі мүмкін. Бірақ биыл инфля­цияның 20 пайыздан жоғары болуы мүмкін емес, 9-12 пайыздық дең­гей­дің ауылы әлі алыс. Себебі 2016 жылдың желтоқсанында 1 доллар – 393 теңге болды. 2017 жылдың жарты жылдығында баға 310-315 теңге ара­лы­ғы­нан ауытқыған жоқ. Алайда қымбат теңге сол кезде нарықтағы ба­ға­ны аз да болса кері шегіндірді. Бұл әсіресе рубль бағасына қатысты тауарларда көбі­рек байқалды. Бұл тетік экономистер тара­пынан да, Ұлттық банк тарапынан да әлі терең зерттеле қоймаған тақырып», деп түсіндірді Ә.Үшбаев.

CA Cronos агенттігінің сарапшысы Сергей Полыгаловтың айтуынша, инфляцияның көрсеткішіне ҚҚС-ның екі тармаққа өсуі себеп болып отыр. Себебі бұл фактор қосымша құн салығын көтеру Үкімет есебінен субсидияланатын тауар құнына да жанама әсер етуі мүмкін. Теңге ғана емес, тауар бағасына да әсер ететін фактор бізде тізбектеліп кетті. Үкімет соңғы кезде баға белгілеуден бойын аулақ ұстағысы келетін ниет танытып жүр. «Бірақ Ұлттық банк нарықтан кетем десе де кете алмай жүр. Тәуелсіздік тарихында нарық заңына бейімделген ең дұрыс шешім осы деп ойлаймын. Бағаны бұғаудан босату – нарықты тазартады», дейді С. Полыгалов.

Азық-түлік, бірінші қажеттіліктегі зат­тар­дың бағасы қымбаттап барады. Бұл жағдай халықты ғана емес, Үкіметті, Ұлттық банкті де алаңдатып отыр. Сарап­шы­лардың сөзіне сенсек ин­фля­ция­ның ауытқуы, бағаның құбылуы ішкі сұраныс мүмкіндігіне сыймай қалғанын білдіріп тұр.

Полыгалов айтып өткендей, па­йыздық мөлшерлеменің деңгейін инфляция көрсеткішімен салыстыратын көзқарас қалыптасып келеді. Бұл – қате түсінік.

«Біздің нарық тек шикізаттық ба­ғыт емес, алып-сатарлық бағытқа не­гіз­­делген. Мұндай жағдайда на­рық за­ңы­мен салыстыру мүмкін емес. Біз­дегі тауар бағасы базалық мөл­шер­леме төмен болғандықтан қым­бат­­тап, жоғары бол­ғандықтан арзандап жатқан жоқ. Бағаға нарықтағы ұсыныс тапшылығы, делдалдардың үлесі әсер етіп отыр. Қазір теңгенің тұрақ­ты­лы­ғына қарамастан, импорт қымбаттап жатыр. Себебі экспорттаушылар өткен жылғы шығын-пайда көлемін қайта қарап, төтенше жағ­дай­лардан өздерін сақтандырып жатыр. Қазіргі баға өсіміне нарық емес, адами фактордың да, сыртқы фак­тор­­дың да әсері көп. Мұнай бағасы бюд­жет­­те қарастырылған бағадан арзандап кетсе, базалық мөлшерлеменің дең­­­гейі ауыздықтай алмайды», дейді С.Полыгалов.