Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында жаңадан үш облыстың құрылатындығы туралы шешім жария болғанда жұрт шын қуанды. Әсіресе, облыс мәртебесінен айырылғанына 25 жылдың жүзі болған бұрынғы Семей облысының халқы үшін бұл жаңалық болашаққа деген сеніміне серпін бергені сөзсіз.
Көп кешікпей Абай облысы құрылды. Бұл Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғаларымен қазақтың атын әлемге әйгілеген қасиетті топырақты қашан да қастерлеуге шақырған батыл қадам еді. Мұның алдында Президент Семей қаласын еліміздің тарихи орталығы деп тану жөнінде бастама көтергені де баршаға аян. Тағы бір атап өтерлігі, Абай облысының Шығыс Қазақстаннан бөлініп, ұлы ақын есімін иеленуі – М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуымен орайлас келіп, Президент шешімінің әділеттілігін таныта түсті. Ұлы жазушының мерейтойына орай Абай облысына келген сапарында Мұхтар Әуезов пен абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішінің ашылуына қатысқаны да семейліктер үшін тарихи оқиға болып есте қалды. Президент сол айтулы іс-шарада қос тұлғаның қазақ руханиятындағы алар орнын да ерекше атап өткен еді.
Мемлекет басшысының «Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Мұхтар Әуезов Абайды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты. Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды. Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал Қайым Мұхамедханов – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті», деп тебірене сөйлегені жұрт жүрегіне сенім ұялатты.
Міне, содан бері бір жылды артқа тастаған бүгінгі Абай облысының содан бергі даму бағыты айқындалды ма? Президент Жолдауы негізіндегі тапсырмалардың орындалу барысы қалай? Бұған тек жергілікті атқарушы билік қана емес, Үкіметтің құзырлы органдары да жауапты екендігі түсінікті.
Бір анығы, «Абай облысын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары» жыл басындағы Үкімет отырысында қаралып, мақұлданған. Оны көрсетілген жылдар мерзімінде орындау үшін 1,9 трлн теңге қаражат жұмсалуы қажет. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, бұл даму жоспарына Абай облысы жеріндегі пайдалы қазбаларды анықтау мақсатындағы геологиялық зерттеулерді, ауыл шаруашылығы, туризм, түрлі көлік қатынасы сияқты маңызды салаларға қан жүгіртумен қатар 102 негізгі бағытты жүзеге асыру жобасы еніп отыр. Министр Ә.Қуантыров өз сөзінде «Жаңадан білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын ашу, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жөніндегі шараларды іске асыру жоспарланып отыр. 2023-2027 жылдары өңір экономикасына шамамен 1,9 трлн теңге инвестиция тартылады: 515 млрд – республикалық бюджет, 110 млрд – жергілікті бюджет, 1,3 трлн – жеке инвестициялар, 22 млрд Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бөлінеді», деген болатын. Сөз жоқ, Үкімет отырысында айқындалған жоспар жаңадан ашылған облыстың болашағына оң ықпалын тигізері анық.
Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың Үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтылғанындай, бес жылдан кейін, яғни 2028 жылға қарай өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1,4 трлн теңгеге, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 725,9 млрд теңгеге дейін артады. Облыс қана емес, мемлекет экономикасының өркендеуі үшін де маңызы зор туризм саласын дамыту мақсатында Семейде екі жаңа сауда ойын-сауық орталығы, қонақүй кешені бой көтермек. Жұрт жазғы маусымда жыл сайын ағылатын Алакөл жағалауында кешенді демалыс базасын салу да жоспарланып отыр.
Облысты дамыту жобасында алып құрылыстарды жүзеге асыру да қамтылғанын атап өткен жөн. Мәселен, Аягөз – Бақты – Қытай шекарасы бағытында өтетін теміржол учаскесін салу, «Айдарлы» мыс-кен орнын игеру, ет комбинаты, «құрғақ» порт және логистикалық парк сияқты ірі жобаларды іске асыру арқылы 14 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың күнкөріс деңгейі нақтыланып, тұрмысын жақсартуға жол ашылмақ.
Бүгінде халық денсаулығын оңалту, заман талабына сай медициналық қызметпен қамтудың мәселесін шешу қашанда маңызды екендігі түсінікті. Осы орайда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Абай облысы бойынша 65 медициналық нысан салу жоспарланған. Оның ішінде 57 нысан биыл пайдалануға берілмек, оның 34-і медициналық пункт, 14-і дәрігерлік амбулатория болса, 9 фельдшерлік-акушерлік пункт те жыл соңына дейін ел игілігіне қызмет етпек. Ана мен бала денсаулығына назар аудару мақсатында өткен жылы бір тамаша істің тұсау кесілді. Абай облысында енді бір жастағы балаларға МРТ зерттеулерінен өту қолжетімді. Өйткені ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналары өңір басшысы Нұрлан Ұранхаевпен кездескенде сәбилерді диагностикадан өткізу мәселесін шешуді сұраған еді. Кездесу барысында бұрын олар МРТ-ға түсу үшін басқа қалаларға баруға мәжбүр болғанын жасырмады. Аналар жайын түсінген облыс әкімі мәселені бірден назарға алып, 5 айдың ішінде шешілуін жүзеге асырды.
Жоғарыда айтылған жайлардан бөлек биыл облыс орталығы Семей қаласын көркейту жұмысы қарқынды жүргізілмек. Биыл Семей қаласында 32 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев көшелеріндегі көпқабатты үйлер қабырғасына аталған тұлғалардың бейнелері менмұндалап тұратын муралдар салынады. Сонымен қатар №1 шағын аудандағы бірнеше үйдің қабырғаларына Абай облысының көрікті жерлерінің суреттері бейнеленіп, қала келбетінің тарихи маңызы да арта түспек.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
журналист
Абай облысы