• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Ұстаз 16 Наурыз, 2023

Ана тілін ардақтаған

812 рет
көрсетілді

Бәрі де өз ісінің үздігі атанғысы келеді. Бұл үшін алдымен тәжірибе жинау қажеттігі даусыз. Өйткені әріптестердің арасынан оқ бойы озып шығу оңай емес.

Дегенмен қазақ тілі жә­не әде­биет пәнінен дәріс бере­тін Ая­жан Ғаниді үздік ұстаз­дардың қатарына қосуға болады. Өйткені өзге этнос жастарына мемлекеттік тілді тереңдете оқытуға атсалысып жүр. Мұны ол өзінің перзенттік борышы санайды.

– Туған жерім – Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат ауылы. Үлкен шаһардан шалғайда орна­ласқанымен, біздің ауыл­да ұлттық құндылықтарды ұрпа­ғы­ның санасына сіңіруді ойлаған өнегелі отбасылар тұра­ды. Басқа­ша айтқанда, кін­дік қаным тамған ауылымды қазақылықтың қаймағы бұзыл­маған ортасы дей аламын. Сол себептен болар ауылымды әркез сағынып жүремін, – дейді ол.

Оның ана тілін ардақтауға деген құлшынысы бала кезінен оянған. Мектепте оқып жүріп, аудандық, облыстық пән олипиадаларына, түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған. Сол жетістігін жалғастыру үшін жоға­ры білім алды. Қазір Аты­рау қаласындағы №30 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әде­биет пәнінен сабақ береді.

– Ұстаз ретінде алға қой­ған мақсатым – өзіндік ой-пікі­рін еркін жеткізе алатын, мем­лекет­тік тілді ардақтайтын, білімді шәкірт тәрбиелеу. Шә­кірт­тің бәрі бірдей бір пәнді оқуға ынталы болмауы мүмкін. Сол себеп­тен әр оқушының пәнге деген қызы­ғушылығын ояту қажет, – дейді жас ұстаз.

Жас ұстаз дейтініміз, оның еңбек жолы басталғанына әлі бес жыл тола қойған жоқ. Соған қарамастан, педагогикалық жетіс­тіг­і аз емес. Мәселен, өткен жы­лы «Мың бала» мәдени-ағар­ту­шылық байқауының об­лыс­тық кезеңіне қатысып, бірін­ші орынды иеленді. Ол бұл байқауға «Қазақ тілі саба­ғында деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қол­дану» бағдар­ламасын ұсынған еді.

– «Мың бала» жобасында үздік атанған педагогтердің «Қазақ тілі сабағында деңгей­леп-саралап оқыту технологиясын қолдану» авторлық бағдар­ламасы негізінде үш нұсқаулық кітап да­йындалды. Оның бірі – авторлық бағдарламаның мазмұны, екіншісі – мұғалімге арналған нұсқаулық, ал үшіншісі – оқушының жұмыс дәптері немесе деңгейлік тапсырмалар. Бұл жобада жаңартылған бағдарлама негізінде диагнос­тикалық талдаулар жүргізіп, арнайы құрастырылған тап­сыр­малар көмегімен оқушы­лардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сауаттылық деңгейін арттыру көзделіп отыр. Мұн­дай жаңашыл тәжірибе дең­гейлеп-саралап оқы­ту технологиясын қолдану арқылы оқу­шылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын, меңгеру тұр­ғы­сындағы белсенділігін арт­ты­­руға жол ашады, – дейді А.Ғани.

Жаңашыл ұстаз біліктілігін арт­тыру үшін түрлі байқауларға қатысып жүр. Мәселен, 2021 жылы «Bilim orkenieti» ұлт­тық инно­вациялық ғылыми-зерттеу орта­лығы өткізген рес­публикалық «Үздік жас ма­ман – 2021» бай­қауын­­да бі­рін­ші жүлдеге ие болған. Ал «Ана тілдің айбыны» деген республикалық байқауда да бағы жанып, бірінші жүлдені иелен­ді. Сондай-ақ «ХХІ ғасыр көшбас­шысы» халықаралық білім инно­ва­циялық орталығының ұйым­дастырған «Ұлағатты ұстаз» атты І халықаралық мұғалімдер сайысына да қатысты. Қашықтан өткізілген байқауда шығармашылық жаңа­шылдығы бар жас ұстаздың талпынысы «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – 2021» аталымының үшінші жүлдесімен аталып өтті. Былтыр Атырау қала­лық «Үздік сынып жетекшісі» бай­қауында екінші орынға тұрақтады.

Ана тілін ардақтауды күнде­лік­ті міндетіне айналдырған жас ұстаз ұлы ойшыл Абайдың ұла­ғатты тәлімін дәрісіне жиі қол­данады. Тіпті «QAZAN.Info» сай­ты Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлы дала­ның ұлы тұлғасы – Абай» және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­дығына арналған респуб­ликалық олимпиадасынан бірінші жүлдесіне ие болды. Бұл жас ұс­таз­дың шыңдала түскенін байқа­тады.

– Оқушыларымның бәрі дерлік білімді болғанын қалай­мын. Сол себептен әр дәрісім­ді «Қазақ тілі сабағында дең­гей­леп-саралап оқыту техно­ло­гиясын қолдану» бағдар­ламасымен өткіземін. Бағ­дар­­ламада оқушылардың жас ерек­шелігіне орай ойлау дәрежесін, бел­сен­ділігін арттыруға, шығар­машы­лық қабілетін дамытуға мол мүмкіндік беріліп отыр. Не­гізгі құрал – деңгейлеп-сара­лап оқы­ту­ға негізделген оқу­шыларға арналған тапсырмалар. Бұл арқылы оқушылардың әр сабақта алған теориялық білімін деңгейлік тапсырмаларды орындау арқылы тал­дауға болады, – деп түсіндірді ол.

 

Атырау облысы