АСТАНА. 27 маусым. Биыл ораза 28 маусымда басталып, ол 30 күнге жалғасады. Ал 28 шілдеде Ораза айт мейрамы болады. Бұл туралы muftiyat.kz хабарлады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Маямеров барша жамағатқа Рамазан айының басталуына орай құттықтау сөзін жолдады.
Бас мүфти: «Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын! Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкіршілік айтамыз.
Құрметті мұсылман бауырлар! Әлем мұсылмандары мүбәрак Рамазанда Алланың рақымына бөленуді үміт етіп, сауабы мол ізгі амалдарды атқаруға ниетті. Сіздерді бір ай бойы жалғасатын ұлық Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Алланың рақымы мен кешіріміне бөлейтін, әр игі амал еселеніп жазылатын Рамазанды асыға күткен баршамызға бұл қасиетті ай құтты болсын!» – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: muftiyat.kz.
Фото: my.mail.ru.