• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2014

Бекзат өнер

244 рет
көрсетілді

Астанада «Әлем» балетінің премьерасы өтті

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында өткен бір актілі «Әлем» балетінің премьерасын тамашалады. Бұл – «Astana Ballet» ұжымы репертуарындағы заманауи хореография стилінде қойылған алғашқы бірегей қойылым. Халықтық және заманауи хореографияның классикалық дәстүрлері мен ең соңғы үрдістерін шебер үйлестіре білген «Astana Ballet» хорео­графиялық ұжымы Қазақстан Президентінің жеке ұсынысы бойынша, 2012 жылдың күзінде құрылған болатын. «Astana Ballet»-тің атқарушы директоры Валерий Күзембаев бұл ұжым осы уақыттан бері өзінің ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас «бейнесін» қалып­тастыру үшін талмай ізденіс үстінде жүргенін айтады. «Бір жылдан астам мер­зімде тынымсыз еңбек, Қа­зақ­стан мен шетелдегі көрер­мен алдындағы сәтті өнер көрсетулер ұжымның бір­тұтас, бір актілі балетті сах­на­лауға дайын екендігін анық көрсетті. Алайда, біздің идея­ларымызды жүзеге асыратын және өзіндік қолтаңбасын енгізе алатын хореографты іздеу ұзаққа созылды. Кейін көр­кемдік жетекшінің таңдауы мәс­кеулік қоюшы-хореограф Никита Дмитриевскийге түсті. Ол, біздің пайымдауымыз­ша, қазіргі заманға сай өте тартымды және білікті балет­мейстердің бірі. Ал қазіргі таңда, біздің ұжым үшін даму, жаңа пішіндерді ойлап табу, өзгеше бағыттарды байқап көру, заманауи би өнерін көрсете отырып, көрерменмен нәзік байланыс орнату, өнері­мізге қазақ халқының тек өзіне тән ұлттық бояуын енгізу маңызды. Біздің негізгі көздеген мақсатымыз, міне, осы. Мұны бір актілі «Әлем» балетінің өне бойынан барынша аңғартуға тырыстық. Бағалау – көрерменнің еншісіндегі дүние», дейді ол бұл турасында. Сонымен, «Әлем» деген атпен қойылған балеттің өзегі «жанның тууы», «оның түрлі сынақтан өтуі», «зұлымдық пен ізгіліктің шайқасы», «қараңғы мен жарықтың тартысы», осылардың нәтижесінде «махаббат пен сұлулық әлемінің орнауы» сынды ойлар мен идеяларды көрсетуге саяды. Бұл орайда, көрермен аталған қойылымды сахналау бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылғанын бірден түйсінетіндей. Бұған бишілердің айрықша шеберлігі, ізденіс жолындағы еңбектері – дәлел. Себебі, хореография саласындағы соны әлемдік үрдістер мен қазақ би өнерінің, мәдениетінің, дәстүрлі сазының ұтымды синтезделуі, сөзсіз, «Astana Ballet» ұжымы деңгейінің жоғары екендігін байқатады. Этно-композитор Булат Гафаровтың, либретто авторы Бақыт Қайырбековтің, Ресейдің мультимедия және компьютерлік графика саласының жетекші маман­дарының бірі Леонид Басиннің ізденістері мен еңбектері де әбден, бағалауға тұрарлық. Жалпы алғанда, бірегей қойы­лым­ның көп көңілінен шыққаны анық аңғарылып тұрды. Қойылым соңында өнер ұжымына Елбасының атынан ықылас гүлі табыс етілді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».