• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 20 Наурыз, 2023

Бас мүфти: Оразаға жетер құлшылық жоқ

378 рет
көрсетілді

– Наурызбай қажы Тағанұлы, Ра­ма­­­зан айы жақындаған сәтте оразаның бас­­­талатын нақты уақытына қатысты сұ­­рақтар көбейеді. Қа­­зақстан мұсылмандары діни бас­қар­ма­сы бұл мәселеге қатысты баспасөз мәс­лихатында ресми түрде мәлімдеме жа­сайды. Десе де біздің білгіміз келген нәр­се: Рамазан айы қалай анықталады?

– Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алла­ның­ атымен бастаймын! Қасиетті Рамазан айы­ның келгенін білдіретін шарапаты мол Шағ­бан айының соңында мұсылмандар күн­ батқаннан кейін жаңа ай туғанын бай­қауға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Се­бебі ораза – Ислам негіздерінің бірі. Сон­дықтан Рамазан айының басталуын анық­тау – өте маңызды іс. Егер келесі күні жа­ңа ай туса, онда исі мұсылман бала­сы­ ораза­ ұстауға ниет етеді.

Рамазан айын анықтауға байланысты­ ар­дақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған­ Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «(Жаңа) ай ту­ған кезде ораза ұстаңдар және (жаңа ай)­ туғанда ауыздарыңды ашыңдар. Егер ас­пан­ бұлтты болып, айдың туғанын аңғара ал­масаңдар, онда Шағбан айын 30 күн то­лық­ етіп санаңдар». Алла елшісінің осы ха­дисін Абдулла ибн Омар (Алла оған ра­зы болсын) да растаған.

Егер сенімді адам, яғни өтірік айтпай­тын­ кісі айдың туғанын көрсе, онда Ра­мазан айы сол адамның куәлігімен бе­кі­тіледі. Егер жамағат айды көре алмай кал­са, онда екі әділетті адамның айтуы бо­йынша бекітіледі. Ал егер екі адам ай­дың туғанын байқамаса, онда айды көрген бір­ әділетті адамға сенім артылады. Бұл – ауа райы ашық болған жағдайда жүзеге аса­тын іс. Егер ауа райы ашық болмаса, жо­ғарыда келтірілген хадиске сүйене оты­рып, Шағбан айын отыз күнге толтыру­ керек.

– Ғылым мен білім, ақпараттық технология қарыштап дамып жатқан қазіргі ХХІ ғасырда Рамазан айын анық­тау мәселесінде ғылыми зерттеулерге сүйенуге бола ма?

– Әрине, болады. Қазақстан мұсыл­ман­­дары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерт­­теу орталықтарының бірі – Ұлттық ға­­р­ыш­тық зерттеулер мен технологиялар­ орталығының ғылыми мәліметіне сү­йеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни бас­қар­ма­ларының ғұламаларымен кеңесіп, жан-жақ­ты талқылаудан өткізіп, Рамазан айы бас­талатын күнді белгілейді. Осылайша, ша­риғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұ­мыс­та­рының қорытындысына сәйкес шешім қа­былданады. Яғни астрономдар мен ғы­лы­ми зерттеу орталықтарының мәліметі мен­ Ислам ғұламаларының пікіріне сүйене оты­рып айдың тууын анықтауға болады. Ғы­лыми негіздер мен ғалымдардың пікірі кез­ келген мәселенің түйінін тарқатады. Анығын Алла жақсырақ білуші.

– Қандай адамдар ауыз бекітуден бо­са­тылған? Бұл ең көп қойылатын сұрақ бо­л­са да, жауабын өзіңізден естісек.

– Құранда мынадай аят бар: «Алла сендерге (әр нәрсенің) жеңілдігін қалайды, қиын­дықпен қинамайды» («Бақара» сүре­сі, 185-аят). Расында Ислам діні ауыз­ бекітуге шамасы келмейтін адамдар­ды­ ауыртпалықтан босатқан. Мұндай адам­дар оразасын Рамазан айынан кейін ұс­та­са болады. Ал мүлде ораза ұстауға шама­сы келмейтіндер підия садақасын (бір адамның таңғы және кешкі асын) бе­ріп, өзін ауыз бекітуден босатады. Підия садақасы дегеніміз – бір адамның күн­де­лікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы.

Сұрағыңызға оралсам, біріншіден, науқас адам ораза ұстаудан босатылады. Бұл жерде дерттің түрі мен деңгейін ескеру керек. Егер науқас адам ораза ұстаған жағдайда денсаулығына кері әсер етсе, дерті асқынып кетсе, мұндай жағдайда сақтанған дұрыс. Яғни мұндай кезде білікті, жанашыр дәрігердің нұсқауымен оразадан босатылады. Ал дерті денсаулығына зиян келтірмейтініне көзі анық жеткен адамның ауыз бекіткені абзал. Өйткені ораза – жанның ғана емес, тәннің де шипасы. Ораза ұстап, дертінен айыққан жандар қаншама?!

Алла Тағала Құранда: «Сырқатқа шалдыққан жандар және сапарда жүрген жолаушылар басқа күндері ораза ұстап орнын толтырсын» («Бақара» сүресі, 185-аят), деген. Жолаушы да оразадан босатылады. Дегенмен егер сапар қиындық тудырмаса, оразасын бұзбағаны абзал. Жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер өзіне немесе жатырындағы баласының денсаулығына қауіпті болатынын білсе, оразадан босатылады. Қарттық жеткен егде кісілер де ауыз бекітпесе болады. Олар күніне бір міскінді тамақтандырады. Етеккірі келген, сонымен қатар жаңа босанған әйелдер оразасын уақытша тоқтатып, кейін қазасын өтейді.

Балиғатқа толмаған немесе ақыл-есі дұрыс емес адам ораза ұстамайды. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Жақсы және жаман істерді жазатын періштенің) қаламы үшеуден көтерілген (жазбайды): баладан, ол кәмелетке толғанша; ұйқыдағы адамнан, ол ұйқысынан оянғанша және ақылдан алжасқан, ол ақыл-есін жиғанша», деген. Алла Тағала сіз бен бізге ұлы құлшылықты кемшіліксіз атқаруға шынайы ықылас пен күш-қуат берсін!

– Оразаның өзге құлшылықтардан ерекшелігі неде?

– Жерді мекен еткен аң мен құстың, барлық тіршілік иесінің жыл мезгілдерінде жаңару, түлеу, өзгеру үдерісінен өтетіні белгілі. Ал Алланың адам баласына берген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза – күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан-дүниемізді, мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін, рухани түлеп шығатын құлшылық. Оразаның ерекшелігінің бірі – Алла мен адам арасындағы құпия құлшылық екендігінде. Сол үшін Алла оның сыйы мен сауабын өзім берем деген. Құдси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін миск әтірінен де артық», деген.

Оразаның өзге құлшылықтардан ерекшелігі – мұсылманның бұл парыз амалды бар болмысымен, шынайы ықыласымен, жан-тәнімен орындауын­да. Рамазан айында адам баласы тек ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан ғана өзін тыймайды. Ораза көзді жаман нәрсе көруден, құлақты жаман сөз естуден, тілді өсек сөзден, ғайбаттан сақтайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Расында Алла өтірік айтуын доғармаған жанның ішіп-жемін тоқтатқанына мұқтаж емес». Ендеше тілмен де ораза тұтуымыз қажет.­ Тағы бір хадисте: «Қаншама ораза тұту­шылар бар, олардың бар тапқан пайдасы – шөлдеу ғана» делінген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауа­ты мен сәлемі болсын) ораза ережелерін дұрыс сақтамаған, Алла тыйған істерден өзін тыймаған кейбір адамдардың оразасының қабыл болмауы мүмкін екенін ескерткен. Сондықтан ораза ұстаушы мұсылман өзін өсек-аяңнан, өтірік, балағат сөздерден, ұрыс-керістен аулақ ұстауға тиіс. Ондай ортада үндемеудің өзі – үлкен сауап. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Ораза тұтушының үндемеуі – Аллаға тәсбих айтқанмен тең», деген.

Ораза адам баласын қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Қанағат – адам баласының асыл қасиетінің бірі. Қанағатшыл адам – нағыз бай адам. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құдайдың бергеніне риза болсаң, ең бай адамның бірі атанасың», деген. Біз ораза ұстау арқылы қолымызда бар нәрсенің қадірін сезінеміз және бізге өте көп нығмет берілгенін түсінеміз. Бұл түсінік бізді қанағатшыл болуға тәрбиелейді.

Құранда қанағат туралы мынадай астарлы аят бар: «Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмин ретінде (Алланың разылығына бөлейтін) сауапты да игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде пәк әрі жақсы өмір сыйлаймыз» («Нахыл» сүресі, 96-аят). Хазреті Әли (Алла оған разы болсын) осы аяттағы «жақсы өмір» деген сөзді «қанағат» деп түсіндірген екен. Ал сахабалардың көзін көрген Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) осы аят жайлы ойын былай сабақтайды: «Пәк әрі жақсы өмір деп қанағат етуді айтамыз». Демек жақсы өмір қанағатпен тең деген мағына шығады. Яғни ізгілікке толы, салиқалы өмір сүру үшін қанағатшыл болу керек. Ал ораза қанағатты дос тұтуды, оны өмірлік серік етуді үйретеді. Түйіндеп айтқанда, ораза жақсы өмір сүруді үйретеді.

– Ал Рамазан айының өзге айлардан ерекшелігі қандай?

– Алла Тағала өзінің қалауымен ораза­ құлшылығы үшін он екі айдың ішінен Рамазан айын таңдаған. Олай болса Алланың таңдауы түскен айдың өзіне тән артықшылықтары да бар. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орын­даған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін үстем етуге уәде еткен.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, бере­келі де кешірімі мол ай. Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп, «он екі айдың сұлтаны» деп қадірлеген. Бұл айдың өзге айлардан ерекшелігі өте көп. Біріншіден, Рамазанда Алла разылығы үшін жасалған жақсы іс басқа айларда парыз амал орындағанмен тең. Сол секілді Рамазанда парыз амалын орындаған адам басқа айларда жетпіс парыз орындағандай сауап алады. Бұған қатысты мынадай хадис бар: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай».

Ислам ғалымдарының айтуынша,­ ізгі­ амалдың сауабының ерекше есе­ле­нуінің себептері бар. Біріншісі, ізгілік жа­салған жерге қатысты. Яғни орынның құр­меттілігіне қарай онда орындалған іс-амал­дың сауабы да еселенеді. Мысалы, үйде­ оқылған намаздан мешіттерде оқыл­ған намаздың сауабы айрықша көп. Ізгі амалдың сауабының еселенуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланысты. Мысалы, Зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде және Рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік болады. Бірде бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қай садақа қайырлы?» деп сұрағанда: «Рамазан айын­да­ берілген садақа», деп жауап берген­ екен. Сондықтан ерекше Рамазан айында Пайғамбарымыз (оған Алланың сала­уаты мен сәлемі болсын) ерекше­ жомарттық танытатын. Бұл туралы Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай­ деп әңгімелейді: «Алла елшісі өте жо­март болатын. Ал Рамазан айында одан­ да ерекше жомарттық көрсететін». Яғни Пайғамбарымыз Рамазан айында құл­шылық жасау барысында да, садақа беру кезінде де ерекше жомарттық жасайтын.

Рамазан айының тағы бір ерекшелігі – бұл айда қасиетті Құран аяттары түсе бас­та­ды. Алла Тағала бұл жайында «Бақара» сүресінде: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», деп баяндаған. Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Бұл айда Жебірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періште Пайғамбарымызға келіп, Құран Кәрімді қайталап үйрететін. Хақ Тағаланың кітабын үйрену, Оның елші­сін сүю тәрбиенің негізгі қайнар көзі болып саналады.

О дүниеде әрбір мұсылманға тұтқан ора­засы мен оқыған Құраны шапағатшы бо­ла­ды. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған­ Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні ораза мен Құран Раб­бы­­ның алдында пендеге араша болады. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеу­ден тыйған едім. Енді мен оған араша бо­лайын», – дейді. Құран болса: «Мен оны­­ түнде ұйқысынан айырып едім, сол үшін­ оған араша болайын», дейді. Сөйтіп, еке­уінің де шапағаты қабыл етіледі», деген.

Адамзаттың асылы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде Жаратқанға оңаша ғибадат етіп жатқан түндердің бірінде Жебірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) келіп, Құранның алғашқы аяттарын уахи етті. Сол түн мың айдан қайырлы Қадір түні еді. Бұл оқиғаның мәніне үңілсек, Рамазан айының туғанын көрген, сол кезде­ тірі болған әрбір мұсылманға ораза тұту парыз екенін аңғарамыз.

Рамазан мейірім, молшылық айы болса, сол қасиетті айдың маңызын Қадір тү­ні­­ тіпті мәнді ете түседі. Алла Тағала ай­­­лар­дан – Рамазанды, күндерден – жұ­ма­­­ны, түндерден Қадір түнін артық ет­кен.­­ Қасиетті Құран Кәрімнің «Қадір» сүре­сінде: «Қадір түні – мың айдан қайырлы», де­лінген. Бұл түнде періштелер жерге тү­се­ді. Қадір түні – бойға рух, санаға нұр­ құятын ерекше түн. Сондықтан осы түн­ді­ барлық мұсылмандар құлшылықпен өт­кізіп, отбасының амандығын, елдің ты­ныш­тығын тілеп дұға жасайды. Қадір ке­шін құлшылықпен өткізген адам үлкен са­уапқа кенеліп, екі дүниенің қуанышына бөленеді.

– Ораза ұстайтын жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең әуелі ықылас пен ниетті дұрыстау керек. Өйткені ықылас жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің тазалығын айқындайды. Алла Тағала сіз бен біздің шынайы ықыласымызға, ниетімізге қарай сауап жазады. Дәрет алмай, намаз қабыл болмайтыны секілді, ниет дұрыс болмай, құлшылық қабыл болмауы мүмкін. Жәләлуддин Руми бір сөзінде былай деген екен: «Сенің барлық іс-әрекетіңе ықылас қажет. Сонда ғана Алла Тағала жасаған сауапты істеріңді қабыл етеді. Өйткені ықылас – құлшылық құсының қанаты. Сен қанатсыз бақыт мекеніне қалай ұшпақсың?».

Осы ретте мына хадисті ерекше айтып өтер едім: «Шын мәнінде Алла сендердің түрлерің мен сырт көріністеріңе қарамайды, алайда жүректерің мен іс-амалдарыңа қарайды». Сондықтан ғалымдарымыз айтқандай, аз амалды ниет көбейтеді, көп амалды ниет азайтады. Сауабы мол Рамазан айында аз амал жасасақ та, шынайы ниетпен орындасақ сөзсіз оның нәтижесі мен жемісін көреміз.

Алла Тағала Рамазан айындағы оразамызды, Қадір түніндегі дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Келесі Рамазан айына аман-есен жетуімізді Алла нәсіп етсін! Әмин!

 

Әңгімелескен

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»