Еліміздегі Мәжіліс және мәслихаттар сайлауын 793 шетелдік байқаушы қадағалады. Олардың 131-і 41 мемлекеттен және 662-сі 12 халықаралық ұйымнан келді. Әсіресе Еуропа елдері парламенттік сайлауға елеулі үлес қосты. Саяси доданы ЕҚЫҰ-ның 400-ден астам өкілі бақылады.
Жалпы, халықаралық сарапшылар Қазақстанда жүзеге асырылған сайлау жүйесінің реформасын оң бағалады. ЕҚЫҰ-дан осы сайлауға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушылар миссиясының басшысы ретінде Ирландия саясаткері Оуэн Мерфи, бюро директоры Маттео Мекаччи, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының басшысы ретінде аустриялық депутат Райнхольд Лопатка, ЕҚЫҰ қысқа мерзімді байқаушылар миссиясының басшысы ретінде Кипр Республикасының депутаты Ирен Хараламбидес және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Маргарет Седерфельт сияқты жоғары дәрежелі халықаралық шенеуніктер келді.
Сарапшылардың айтуынша, ЕҚЫҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың тарапынан Қазақстанға мұншалық назар аударылуы – Қазақстанның халықаралық ұйымдармен белсенді әрі нысаналы жұмысының нәтижесі, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан еліміздегі ауқымды реформаларға халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдаудың бар екенінің дәлелі.
Сайлау кезінде ұйымдастырылған халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында түрлі шетелдік ұйым өкілдерінің пікірін білген едік.
Ризван ГУСЕЙНОВ,
Кавказ тарихи орталығының директоры (Әзербайжан):
– Астанада қар жауып, ауа райы құбылмалы болды. Дегенмен таңғы сағат 8.00-де халықтың 10-12 пайызы дауыс берді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Маған жалпы елдегі сайлау үдерісі ұнады. Өзім Әзербайжанда президенттік, парламенттік сайлауларға қатыстым, бірақ «барлығына қарсымын» деген графаны осы сайлауда ғана көріп тұрмын. Бұл бағалауға тұрарлық нәрсе, демократиялық елдің көрсеткіші. Мәселен, ешбір партияның ұстанымымен, қадамымен келіспейтін тұрғындардың болары хақ, олармен де санасу керек. Осы жерде адамдардың барлық санатына таңдау жасауға мүмкіндік бар, тіпті ол келіспейтін позицияда болса да.
Вахтанг МАИСАЯ,
саясаттанушы, қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы, Кавказ Халықаралық университетінің профессоры (Грузия):
– Алдымен қазақ халқын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Сайлау күні түске дейін тұрғындардың белсенділік деңгейі жоғары болды. Мен Қазақстанда өткен президенттік сайлауға қатысқан едім, сол кезде де тұрғындар белсенділігінің жоғары екенін байқағанмын. Жалпы, қазақ елінде саяси реформалар болып жатыр, елдегі бұл өзгерістерге адамдар бейжай қарамай, пікірлерін ашық білдіріп жүр. Бұл мені таңқалдырды. Сайлауға әсіресе жастар көп келді. Волонтер жастардың іс-әрекеттері, белсенділігі тіпті қуантады. Бұл жоғары сайлау мәдениеттілігін көрсетеді. Мен өз еліме барған соң осыларды міндетті түрде айтып, үлгі етемін. Грузин орталық сайлау комиссиясын бұл үрдістен хабардар етемін.
Таңғы сағат 7.00-ден бастап 11 сайлау учаскесінде болдым. Өрескел құқық бұзушылықтарды байқамадық. Жай ғана қателіктер болды, біз ескерткен соң бірден дұрысталды. Жергілікті байқаушыларға орындық жетіспеді, бұл маңызды аспектілердің бірі ғой. Байқаушылардың барлығы тең дәрежеде жұмыс істеулері қажет. Мұны ескерттік. Сонымен қатар сайлау учаскесінде сайлаушылар фотоға түсіп жатты, алайда бұл заңмен тыйым салынбаған, мұндай әрекеттер дұрыс. Тек кімге дауыс беріп жатқаны таспаланбаса болғаны.
Жалпы алғанда, сайлау үдерісі, реформалардың орын алуы, саяси шешімдер қабылдауда Қазақстан бірқатар ТМД елдерінің алдына шықты десем артық болмас, оның ішінде Грузияны да басып озды. Мәселен, бірқатар олқылыққа байланысты Грузия әлі Еуроодаққа мүше бола алмай келеді. Осының орнын әлі де болса толтыра алмай тұрмыз. Ал қазақ елінің беталысы өте жақсы, саяси өмірі жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді.
Эрхан ТЮРБЕДАР,
Түркі академиясының вице-президенті:
– Таңғы сағат 7.00-ден бастап түске дейін 10 сайлау учаскесін араладым. Мен барған учаскелерде құқық бұзушылық тіркелмеді, бастапқыда халықтың белсенділігі төмен болды. Бір-бірден, отбасымен бірге келгендерді көрдім. Бірақ түске таман тұрғындар көптеп келе бастады. Сайлауға дайындық өте жоғары деңгейде. Сайлау учаскелеріндегі комиссия мүшелері жұмыстарын жақсы атқарды.
Мен бұл сайлауға дейін Болгария, Косово, Босния мен Герцоговина сайлауларында байқаушы болдым. Бұл менің халықаралық тәжірибемді көрсе- теді. Осы жинақтаған тәжірибемнің аясында мен Қазақстандағы миссиямды ең сәтті өткен кезім деп айтқым келіп отыр. Өйткені бәрі жоғары деңгейде, аса жауапкершілікпен, дайындықпен өтті. Әрине, ұсақ-түйек кемшілік міндетті түрде болмай қоймайды. Олар лезде түзелетін жағдайлар. Жалпы, Қазақстан сайлау науқанын өткізуде тәжірибе жинақтаған деп айта аламын.
Фан ЧИ,
АӨСШК хатшылығы Бас директорының орынбасары:
– Таңертең АӨСШК Хатшылығының байқаушыларымен бірге бірқатар сайлау учаскесінде болдық. Бүгін Астанада ауа райы қолайсыз, әрі жексенбі болса да, қазақстандықтар дауыс беруге көптеп келді. Кейбіреулері отбасымен дауыс берді. Бұл – саяси додаға қызығушылықтың жоғары болуының белгісі. АӨСШК байқаушылары Қазақстанда сайлауды бақылауға бұған дейін де шақырылған еді. Осы сайлауға біздің ұйымнан екі-ақ байқаушы қатысты АӨСШК штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан. Қызметкерлердің басым бөлігі Қазақстан азаматы болған соң, олар саяси кезеңге қатысулары қажет, сондықтан байқаушы бола алмауы заңды. Өзім Қытай елінің азаматы ретінде және менің түрік әріптесім екеуміз сайлауда байқаушы болуға мүмкіндік алдық.
Жалпы, Қазақстанда демократия деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өткім келеді.
Душан ПРОРОКОВИЧ,
Халықаралық саясат және экономика институтының Еуразиялық зерттеулер орталығының басшысы (Сербия):
– Мен бірнеше сайлау учаскесінде болдым. Заң талаптарын бұзу деректерін анықтамадық. Алайда, бір назар аударарлық нәрсе, адамдардың барлығы сайлау учаскесінде суретке түсуге құмар екен. Бұл мен үшін күтпеген әрі қалыпсыз жағдай болды. Селфилеткен халық қарасы өте көп, барлығы дерлік деуге болады. Бұл жақсы ма, жаман ба білмеймін, баға да бере алмаймын. Әріптестерімнен сұрап едім, мұндағы қалыпты жағдай заңға қайшы емес екенін айтты. Бұрын-соңды көрмеп едім, өзге елдердегі тәжірибемде мұндай жағдай кездеспеді.
Стефано ВЕРНОЛЕ,
Жерорта теңізі Еуразиялық зерттеулер қауымдастығы (CeSEM) директорының орынбасары, «Еуразия» Геосаяси зерттеулер журналының үйлестірушісі (Италия):
– Бұл менің Қазақстанға жасаған екінші сапарым. Өткен жылы бірнеше қалада болған едім, осы жолы Астанада ғана жұмыс істедім. Таңнан бастап №329, 365, 372 сайлау учаскелеріне барып шықтым. Дауыс беру бірқалыпты, мерекелік атмосферада өтті. Халықтың көңіл күйі жоғары болды. Белсенділігі де жоғары. Негізі посткеңестік кеңістікте көптеген елдегі сайлауда бақылауға қатыстым, бұл бағытта тәжірибем мол. Мен байқаған бәріне ортақ бір нәрсе: дауыс беру мерекелік атмосферада өтті. Біз Қазақстанда жақсы жұмыс істедік деп сеніммен айта аламын.
Доктор Мартин САЙДИК,
Аустрия еуропалық саясат және қауіпсіздік саясат институтының басқарушы мүшесі және кеңесшісі (Аустрия):
– Менің байқаушы ретінде тәжірибем айтарлықтай көп емес. Алайда елдің саяси жағдайына жалпы сараптама жасай аламын. Өйткені еуропалық саясат және қауіпсіздік саясат институты Аустриядағы жетекші мекеменің бірі. Біздің институт әлемдегі, әсіресе посткеңестік елдерде орын алып жатқан трансформацияларды, реформаларды үнемі бақылап отырады.
Қазақстанның трансформациялық әлеуеті өте жоғары. Осы жерде кеңес одағындағы саяси оқиғаларға куә болғанымды айтып өткім келіп отыр. 1972-1973 жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінде магистратурада білім алдым. 1985-1989 жылдары Аустрия елшілігінде қызмет еттім. Андропов, Брежнев, Горбачевтің басқару саясатына куә болдым. Сондай-ақ посткеңестік елдердің тәуелсіздік алып, гүлденген шақтарын да көрдім. Осылардың ішінде Қазақстан ерекше дамыды. Кеңес одағының құрамында болған 12 ел әлі де болса ішкі, сыртқы қақтығыстардан арылған жоқ. Бейбітшілікті қазақ елі ғана сақтап тұр. Әрине, Қазақстан да ішкі қақтығыс жағдайларын өткерді, алайда оның шешімін тауып, елдегі татулықты сақтап қалды.
Әлемнің түрлі елдерінен келген халықаралық байқаушылардың көптігі Жаңа және Әділетті Қазақстандағы жаңа мемлекеттік модельге деген халықаралық қызығушылық бар екенін көрсетеді. Меніңше, бүгінгі сайлау ел халқына қажет өзара сенім туғызатын осы мемлекеттік модельді іске асырудағы нақты кезең болады деп ойлаймын. Осы сайлау – қазақстандық қоғам мен демократияны дамытуда, билік пен халық арасындағы қарым-қатынаста ілгері жасалған қадам деп сенемін.
Петер КМЕЦ,
Словак Республикасы Халық Радасының депутаты, Еуропалық істер комитеті төрағасының орынбасары (Словакия):
– Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде біз үшін маңызды мемлекеттердің бірі. Сондай-ақ Еуроодақ үшін саяси ойыншы ретіндегі ел. Соңғы кезде елдің Еуроодақпен ынтымақтастығы дамып, әсіресе энергетика саласында алыс-беріс нығайып келеді.
Сайлауға келер болсақ, өте жоғары деңгейдегі прогресс байқалады. Қазақстан құра алған аралас сайлау осының дәлелі. Сайлау кезінде келісім мен үйлесім байқалады. Сайлаушылардың мәдениеті, белсенділігі жоғары. Жаңа Парламент құрамы сайланып, белгілі болған соң қазақ, словакия депутаттары арасында әріптестік орнайтынына сенемін.
Борис ВОЛОСАТЫЙ,
Румыния Парламентінің депутаты, Қазақстан-Румыния Парламентаралық достық тобының мүшесі:
– Мен Қазақстанда 45 жыл бұрын болыппын. Ел, әрине, біраз өзгерген, дамыған. Сайлау учаскесінде мен бір сайлаушыны тоқтатып «Сіз не үшін дауыс бердіңіз», деп сұрадым. Ол маған еш дайындықсыз, мүдірместен «Мен демократиялық және тәуелсіз елім үшін дауыс бердім», деп жауап берді. Осы сөзімен ел тұрғыны сайлауға баға беріп тұр.
Қазақстан бұл сайлауға маңыз беріп, ерекше дайындалған. Сайлау учаскелеріндегі қызметкерлердің жауапкершілігін ерекше атап өту керек. Міндеттерін мінсіз атқарды. Байқаусыз қателесіп, мекен-жайын өзгерткен тұрғындар келіп өз аты-жөнін тізімнен таппай жатты. Қызметкерлер сайлау учаскелерін тауып беріп, жол сілтеді. Бұл үйлесімді қызмет көрсетуді көрсетеді.
Қазақстан маңызды саяси өмірге қадам басты. Бұл мемлекетке өзге елдердің қызығушылығы артып, ынтымақтастыққа ұмтылып келеді.
Даниэль Роберт КАВЧИНСКИЙ,
Ұлыбритания Парламентінің мүшесі, Ұлыбритания Премьер-министрінің Моңғолиядағы сауда өкілі (Ұлыбритания):
– Кеңес одағы ыдыраған соң Қазақстан қысқа уақыт ішінде тәуелсіз, демократиялық елге айналды. Бұл – мемлекеттің үлкен жетістігі. Сайлау кезеңі де ерекше. Жексенбі күні өткізілетініне таң қалдым, Ұлыбританияда, мәселен, бейсенбі күні өткізіледі. Бұл жұмыс күні болған соң, көп адам бос бола бермейді. Осыны біз ескермеппіз. Ал Қазақстан болса, ұтымды жол тауыпты. Сондай-ақ мен сайлау учаскелерінде медицина қызметкерлерін көрдім. Бұл халық денсаулығына назар аударып отырғанын көрсетеді. Қазір көктем мезгілі болғанымен Астанада қар жауып тұрды. Үлкен кісілер келді дауыс беруге, ал олардың аяқ астынан денсаулықтары сыр беруі мүмкін. Сол кезде медицина қызметкерлері дер кезінде табыла қояды. Бұл да маңызды ескерер нәрсе. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде музыка ойнап тұрды. Бұл келген адамдарға жақсы әсер қалдырып, көңіл-күй сыйлайды екен. Біз қанша дамыған ел болсақ та, осындай маңызды әрі адами факторларды ескере бермейтінімізді мойындауымыз керек.
Григорий ЛОГВИНОВ,
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары, миссия басшысы:
– Байқаушылар миссиясы өз жұмысын жақсы атқарып шықты. Астанада бесінші күн жүрміз. Осы уақыт ішінде Орталық сайлау комиссиясы басшылығымен кездесу өткіздік. Біз бірнеше сайлау учаскесінде болдық, жақсы әсердеміз. Сайлауға дайындықтың жан-жақты әрі кәсіби деңгейде екенін атап өткім келеді. Әсіресе техникалық сәттерге ерекше мән берілген.
Бізде өте оптимистік және оң көзқарас қалыптасты. Қазақстан – ШЫҰ-ның ең жауапты мүшелерінің бірі. Біз бейтарап позитивті көзқарасты басшылыққа аламыз. Сонымен қатар, мемлекеттің ішкі ісіне араласпаймыз және сайлау заңнамасына баға бермейміз. Бұл ШЫҰ-ның негізгі қағидаттарына үзілді-кесілді қайшы.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымы атынан сайлау барысын 18 байқаушы қадағалады. Олар байқаушы міндеттерін елорда және Ақмола облысында жүргізді.
Гленг Агунг ХОЛЕ,
Оңтүстік Шығыс Норвегия университетінің лекторы, Молде университетінің доценті, «Procuratio Consulting» компаниясының кеңесшісі (Норвегия):
– Қазақстан демократияға жетуге қадам жасап жатыр. Әрине, оған көп уақыт қажет, ұзақ жолдан өту керек, бірден демократия орнай қоймайды. Алайда қазақ елінің оған деген ұмтылысы жоғары, қадамы дұрыс деп есептеймін.
Таңнан бастап сайлау учаскелерін араладық. Біз бақылаған учаскелерде құқық бұзушылық байқалған жоқ. Барлығы өз орнымен, өз ережесімен өткізілді. Өзге де халықаралық байқаушылардан ескертпе түспеді.
Ежи ОЛЕНДЗКИЙ,
«Бойма» атындағы Азия және жаhандық зерттеулер институтының Ғылыми кеңесінің мүшесі (Польша):
– Қазақстандағы тарихи сәтке куә болғаныма қуаныштымын. Бұл елдің демократизация үдерісіндегі өте маңызды қадамның бірі. Мен түске дейін бірнеше сайлау учаскесіне бардым. Атап айтар болсам, «Қазмұнайгаз» компаниясында, 84-мектепте, штаб пәтерде болдым. Барлығы стандарт бойынша дұрыс, анононимдік ереже сақталған. Дауыс берушілер емін-еркін таңдау жасап, лебіздерін де білдіріп жатты.
Халықаралық байқаушылардың басым бөлігі Қазақстандағы саяси науқан барысынан хабардар, бұған дейінгі сайлауларды бақылаған. Сол себепті олар бұл сайлауға баға беруден еш қиналған жоқ. «Бұл жолғы сайлау өзгеше, себебі өзін-өзі ұсынып жатқан үміткерлер саны көп. Жастар дауыс берудегі жауапкершілікті жақсы сезінеді. Халық өте белсенді», деген секілді пікірлер көп айтылды. Сарапшылардың айтуынша, халықаралық байқаушылардың көптеп қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялығына, мемлекет тарапынан халықаралық міндеттемелердің сақталуына ықпал етеді.