Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. 19 наурыз сағат 22:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды. Шетелдегі 44 сайлау учаскесінде ғана отандастарымыз өз таңдауын жасап жатыр.
Орталық сайлау комиссиясы науқан басталғаннан бері әр екі сағат сайын өңірлердегі нәтижелерді жариялап отырды. Мәселен, сағат 10:00-ге дейін еліміздегі сайлаушылардың 14,2 пайызы өз таңдауын жасап үлгерген. Сағат 14:10-дағы ақпарат бойынша, сайлаушылардың 50 пайызға жуығы өз таңдауын жасағанын атап өткен жөн. Осы уақытта әсіресе Қостанай өңіріндегі халықтың белсенділігі жоғары болды. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, бұл өңір 62,36 пайызбен көш бастап тұрды. Өңірлер бойынша Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында халықтың белсенділігі байқалды.
Жалпы, сайлаушылардың белсенділігі Астанада да ерекше байқалды. Мысалы, бас қаладағы №139 сайлау учаскесіне ағылғандардың қарасы қалың болды. Еңкейген кәріден, кәмелеттік жасқа толған азаматтарға дейін дауыс беруге асықты. Соның ішінде ең бірінші болып өз таңдауын жасап, сыйлық алған сайлаушы – Қаныш Әміреев.
– Еліміздің болашағы және ұрпағымыздың келешегі үшін Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясындағы сайлау учаскесіне келіп дауысымды бердім. Алғаш рет осындай мажоритарлық сайлау болып жатыр. Көп партия өз кандидаттарын ұсынды. Соның ішінде елге белгілі, іскер азаматтар бар. Сондықтан ерте келіп, оларды қолдағым келді. Жалпы, сайлауға әрбір азамат міндетті түрде қатысуы парыз деп білемін. Алдағы уақытта сайланатын депутаттар жұртына адал болып, Отанына аянбай қызмет етеді деп үміт артамыз, – деді ол.
Дәл осы Астана қаласындағы №139 сайлау учаскесіне 3 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Тек бір адам ғана үйден дауыс беруге шешім қабылдаған. Мұндағы сайлаушылардың ең үлкені – 86 жаста болса, алғаш рет саяси науқанға қатысатын 18 жастағы сегіз сайлаушы бар.
Астанада «ниндзя тасбақалар» дауыс бергенін айтуымыз керек. Леонардо, Рафаель, Донателло және Микеланджело кейпіндегі дауыс берушілер №10 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Тіпті елордалық сайлауға «Диван батыр» да дауыс берді. Оның образынан үй киімін, қуаттағыш сымы бар телефонын және өзінен бір елі ажырамайтын қызғылт диван көрінді.
Дауыс беруге ерекше образда келіп, жұртты таңдандырған қызық оқиға Қонаев қаласында да болды. Алматы облысының тұрғыны Нұрбек Орманов қаладағы сайлау учаскесіне барыстың костюмін киіп келген.
– Егеменді ел ертеңі жастардың қолында, біз жастар ұшқыр ойлы, жасындай жарқылдап тиянақты еңбек етсек, Отанымыздың болашағы биікте болмақ. Мен барыс киімін киген себебім бүгінгі сайлауға өзгеше ажар бергім келді және Қонаев қаласына қойылған облыстың символы арқылы суреттеуді қаладым, – деді ол.
Осылайша, қызыққа толы болған сайлаудың алдын ала қорытындысы да белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметінше, тізімге енгізілген 12 032 578 азаматтың 6 521 860-ы бюллетень алған. Бұл – сайлаушылардың 54,19 пайызы.
Ал дауыс беру нәтижелері төмендегідей: Абай облысы бойынша – 57,2; Ақмола облысы бойынша – 60,1; Ақтөбе облысы бойынша – 58; Алматы облысы бойынша – 60,3; Атырау облысы бойынша – 51,23; Батыс Қазақстан облысы бойынша – 59,20; Жамбыл облысы бойынша – 65,21; Жетісу облысы бойынша – 55,32; Қарағанды облысы бойынша – 59,48; Қостанай облысы бойынша – 65,10; Қызылорда облысы бойынша – 67,21; Маңғыстау облысы бойынша – 54,10; Павлодар облысы бойынша – 58,68; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 65,25; Түркістан облысы бойынша – 53,1; Ұлытау облысы бойынша – 58,99; Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 64,15; Астана қаласы бойынша – 42,91; Алматы қаласы бойынша – 25,82; Шымкент қаласы бойынша – 45,46 пайыз.
Орталық сайлау комиссиясы басшылығы сайлаудың толық қорытындысы бүгін жарияланатынын мәлімдеді.